Біздің ауданымызда өнерімен өрге жүзіп, елге танымал болып, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген кішкентай жұлдыздарымыз жетерлік. Соңын бір дәлелі таяуда ауданымыздың «Қалбибі» өнер студиясында тәлім алып жүрген екі кішкентай әншілеріміз Димаш Құдайберген жетекшілік ететін «Baqytty Bala» балалар вокалдық байқауының бірінші кезеңінен өтіп, финалға жолдама алуы. Жұлдыздарымыздың бірі жыл сайын жас өрендердің басын қосатын «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауына қатысып, жартылай финалға шығып, халықаралық деңгейде ауданымыздың атын шығарған шамалғандық кішкентай жұлдыз Шерхан Арыстанұлы болса, бірі халықаралық, республикалық конкурстарда өнерін көрсетіп жүрген қаскелеңдік Камила Сағымбай. Жақында үлкен байқауға қатысу үшін Ақтөбе қаласына жол жүретін жас өнерпаздармен қала әкімі Асқар Мұқашев кездесіп, оларға қолдау көрсететіндігін білдірді.
Нақтырақ айтқанда, таяуда қала басшысы «Қалбиби» өнер студиясының талантты шәкірттерінің ата-аналары мен жетекшісімен кездесіп, жас өрендерді жеңістерімен құттықтап, алда келе жатқан байқауда сәттілік тіледі. Бұған қоса, Асқар Өкенұлы тамыз айының 9-ы мен 14-і күні аралығында Ақтөбе қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алған өнерпаздарға барынша қолдау көрсететіндігін білдірді. Атап айтар болсақ, қала әкімі Қаскелеңде орнатылған LED экранға Шерхан мен Камила туралы бейнероликтер жариялап, үлкен баннерлер іліп қоятын болады. Бұл кішкентай жұлдыздарға байқау кезінде тек әкімдік қана емес, сондай-ақ, барлық аудан тұрғындары да қолдау көрсету мақсатында жасалмақ. Сонымен қатар, ауданымыздың жас өнерпаздарына демеушілік жасап, қаржылай көмек көрсетті.
Үлкен байқауға ауданымыздың үкілеген үмітін арқалап барып, өнерлерін көрсетейін деп отырған ауданымыздың кішкентай жұлдыздары Шерхан мен Камилаға сәттілік тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.