Әжелер мен аналар ардақталып, арулар қауымы құрметке бөленетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қашанда ерекше. Көктемгі көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын айтулы күннің қарсаңында қарасайлық қызғалдақтар да ыстық ықыласқа, сый-құрметке ие болды.
Қарасай аудандық Мәдениет үйінде бас қосқан әйелдер қауымына айрықша құрмет көрсетіліп, кіреберістен бастап келген аруларға гүл шоқтары таратылды. Одан бөлек, ғимараттың фойесінде аудан өнерпаздары түрлі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен әуезді әндерін арнады.
Ал мерекелік концерттің әлқиссасы «Қарасай жастары» әртістерінің дайындаған «Жеңешем» қойылымымен басталды. Одан кейін ауданның әкімі Жасұлан Естенов құттықтау сөз сөйлеп, қарасайлық қызғалдақтарға арнап ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, аудан басшысы Қарасай жерінің әл-ауқатын арттыру жолында еңбек етіп жүрген барлық саланың нәзік жанды қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Ақ тілегінен кейін Жасұлан Тоққожаұлы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ғалия Амановаға Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасын табыс етті. Одан бөлек, өз атынан біраз салада еңбек етіп жүрген маман иелерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Концерттік бағдарлама асыл әжелерге, аяулы аналарға, қыз-келіншектерге арналған әдемі әндермен жалғасты. Аудан өнерпаздары орындаған шығармалар келген қонақтарды ерекше әсер бөледі.
Бұрым ОРЫНБАСАР.