Газетіміздің өткен нөмірінде «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның бастамасымен Қаскелең қаласында орналасқан оқу-жаттығу полигонында «6-10/0,4кВ-тық электр бөлу тораптарына қызмет көрсету және жедел-жөндеу жөніндегі персоналы» арасында кәсіби шеберлік жарысы бастау алғандығын жазған едік. Енді, міне аталған сайыс өз мәресіне жетіп, оның қорытындысы бойынша өздерін жақсы деңгейде көрсеткен қарасайлық электр желісінің мамандары жеңімпаз атанды. Ұжымға екі миллион теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді.
Сала мамандарының біліктілігін арттыруды, тәжірибе алмасуды және кәсіби дағдыларын жетілдіруді мақсат еткен жарыс дәстүрлі түрде жыл сайын аталған компанияға қарасты филиалдарының қызметкерлері арасында өткізіліп тұрады. Биылғы жылғы шараға Алматы қаласы мен Алматы облысы филиалдарының электрмонтерлерінен жасақталған 18 команда қатысып, білімін, тәжірибесін және шеберлігін сынға салды.
Жарыс барысында мамандар нақты өндірістік жағдайларды қамтып, қатысушылардың теориялық білімдерімен қатар, практикалық шеберліктерін де бағалауға мүмкіндік беретін, алты кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Атап айтқанда, апаттық жағдайларды жою, электр қондырғыларын қауіпсіз іске қосу, нормативтік-техникалық құжаттаманы білу және онымен жұмыс істеу, биікте жұмыс істеу ережелері және дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету дағдылары бойынша сынға түсті.
Әр кезеңде команда мүшелері шеберлігі мен жиған тәжірибесінің нәтижесін көрсетуге барынша күш салды. Жарысқа деген үлкен дайындығын көрсетіп, намысты жібермеуге тырысты. Ал сарапшылар алқасы қатысушылардың әрбір іс-қимылын мұқият бағалап, қауіпсіздік техникасын сақтау мен жұмыстың сапасына ерекше мән берді.
Бес күнге созылған шара көрермендер үшін қызықты әрі қиын саламен жақынырақ танысуға, ал мамандар үшін өзге энергетиктермен іскерлік байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шеберлер жарысының қорытындысы бойынша бәсекеде жинақтаған ұпайларын есептегенде қарсыластарынан озған Қарасай аудандық электр желісінің командасы жүлделі бірінші орынды иеленіп, екі миллион теңгелік сертификат ұтып алды. Екінші орынға Жамбыл ауданының электрмонтерлері лайық деп танылып, оларға жүлде қоры ретінде бір миллион теңгелік сертификат табыс етілді. Ал сонау Қонаев қаласынан келген мамандар үшінші орынмен 750 мың теңгелік сертификатты еншіледі.
Жеңімпаздарды көрсеткен жақсы нәтижелерімен құттықтап, лайықты марапаттарын шараға арнайы келген «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Абай Асылов өз қолымен табыс етті.