Еліміздің ертеңі жастар демекші, бүгінде олар заманауи технологияларды игеріп, инновациялық стартаптар құрып, халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетіп, экологияны қорғау мен ерікті қозғалыстарға белсене араласып жатыр. Қоғамдағы маңызды мәселелер жайында сөйлеп, оны шешу жолында көмектесуде.
Сондықтан олардың талпыныстарын, атқарып жатқан жұмыстарын насихаттау мақсатында халықаралық деңгейде жылдың айтулы бір күні арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгіленді. Ол тамыз айының 12-сі. Осы атаулы күнге орай өткен аптада қарасайлық жастарға құрмет көрсетілді.
Ашып айтқанда, аудандағы қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген белсенді жастардың қатысуымен аудан әкімдігінде салтанатты шара ұйымдастырылды.
Оның барысында басқосуды жүргізген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асылхан Еспаев жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміттің нышаны екенін, сондай-ақ олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болатындығын айтып өтті. Сонымен қатар еліміздің жастарына Мемлекет басшымыздан бастап өзге аға буын өкілдері сенім артып, үлкен үмітпен қарайтындығына да тоқталды. Бұған қоса белсенді жастар арқасында Қарасай ауданында қандай жұмыстар атқарылып жатқанында кеңінен әңгімелеп, ризашылығын білдірді.
Одан соң аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, азаматтық белсенділік танытқан бірқатар қарасайлық жасты «Алғыс хатпен» марапаттады.
Салтанатты шара соңында Асылхан Еспаев оған қатысып отырған жастарды күшті біріктіріп, ауданның өсіп-өркендеуі, көркеюі, гүлденуі үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
