Еліміздің негізгі мемлекеттік нышаны, қаржылық тәуелсіздіктің символы болып табылатын ұлттық валютамыздың және қаржы саласы қызметкерлерінің мерекесіне орай аудан әкімі Жандарбек Далабаев қаржы саласына өз үлестерін қосып келе жатқан бірқатар мамандарды марапаттады.
15 қараша – Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Жыл сайын осыған орай бірқатар игілікті шара атқарылып, дәстүрлі түрде қаржы саласы мамандары мейрамдарын атап өтеді. Қазақстан тарихындағы маңызды атаулы күнге арналып осы аптаның сейсенбісі күні әкімдіктің мәжіліс залында салтанатты жиын болып, онда аймақтағы барлық қаржы саласының басшылары мен мамандары бас қосты.
Жиын барысында қаржыгерлерді мерекесімен құттықтаған аудан басшысы Жандарбек Далабаев еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап осы кезге дейінгі қол жеткен жетістіктері жайлы, әсіресе, соңғы жылдары көтерілген ауданымыздың экономикасы туралы айтып, бұған қаржы саласы мамандарының қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол аудандық бюджеттің жыл санап өсіп келе жатқандығын, осы орайда талап күшейіп, біліктілік қажет болатынын, алда да жауапты жұмыстар күтіп тұрғанын айта келе, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына қаржыгерлер өз үлестерін қосатынына сенім білдірді. Мұнан кейін аудан әкімі жыл бойы экономиканың өрлеуі мен қаржы секторының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ қаржыгерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті. Олардың қатарында аудандық қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау бөлімдерінің, сондай-ақ, «Отбасы Банкінің», «Банк ЦентрКредиттің», «Ресей Жинақ Банкінің» қызметкерлері болды.
Сонымен қатар, аудан басшысы бірқатар сала үздіктерін облыс әкімі Амандық Баталовтың Құрмет грамотасымен марапаттады.
Өз мерекелерінде осылайша қаржы тайқазанын толтыруға үлесін қосып жүрген мамандық иелері облыс және аудан әкімінің марапатына ие болды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.