Таяуда өткен «Senat Open – 2025» ІІ ашық кубогінің облыстағы іріктеу кезеңінде қарасайлық ардагер шахматшылар жақсы нәтижеге қол жеткізіп, жеңімпаз атанды. Осы жетістіктерімен олар тағы бір мәрте өздерінің жоғарғы деңгейдегі қабілеттіліктерін дәлелдеп, қарасайлық ардагер шахматшылардың шеберлігі мен күрескерлік рухын көрсетті.
Өткен жылдан бері елімізде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен әр өңірде «Senat Open» атты шахматтан жарыстар өткізілуде. Мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, мәслихат пен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер, сондай-ақ зияткерлік ойынның жанкүйерлері басқосатын шара елдегі бұқаралық шахмат қозғалысын кеңінен насихаттауға және дамытуға бағытталған.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қолдап, жұртшылық арасында үлкен қызығушылық тудырған дода биыл да жалғасын тауып, Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округінде «Senat Open – 2025» ІІ ашық кубогінің облыстық іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Оған облыстың барлық аумағынан 120-дан астам адам қатысты.
Ақыл-ой өрісті дамытатын ойынды кеңінен дәріптеуді мақсат еткен турнирді салтанатты түрде Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко, Алматы облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев ашып, оны ұйымдастыруға атсалысқан облыстық мәслихат мүшелері мен жергілікті атқарушы органдарына ризашылықтарын білдіріп, жалпы шахмат ойыны адамдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, қатысушылардың жеңіске деген жігерін оятып, ой-өрісін кеңейтуге ықпал ететіндігін сөз етті. Сондай-ақ әр ауданнан жиналған ерте заманнан келе жатқан көп ғасырлық тарихы бар интелектуалдық ойынның шеберлеріне алдағы ойында сәттілік тіледі.
Жарыс ФИДЕ ережелері бойынша тоғыз кезеңнен тұратын швейцариялық жүйе бойынша өткізілді. Уақытты бақылау – 10+5, әр ойынға 10 минут және әр қозғалысқа 5 секунд берілді. Жалпы ойын барысы тартысты әрі қызықты өтті. Шахмат тақтасын нағыз сайыс алаңына айналдырған ойыншылар жеңіс үшін бар ынта-жігерлерін салды. Бір-бірінің логикалық, стратегиялық ойлаудың және шектеулі уақыт ішінде жылдам шешім қабылдау қабілетін сынады. Әрқайсысы тәжірибелі шахматшы болғандықтан, ойын барысында керемет комбинациялық шеберліктерін көрсетті. Ең үздік, мықты дегендер мәреге шығып, жеңіске жетті.
Әсіресе, турнирге қатысқан қарасайлық шахматшылар делегациясы толықтай қаруланып келіп, жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. Соның арқасында жалпы командалық есепте Қарасай ауданы жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орында – Талғар ауданы, үшінші орында – Жамбыл ауданы көш бастады. Жеке категорияларда да жерлестеріміз жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Ашып айтқанда, БАҚ өкілдері арасында барлық қарсыласын ұтқан редакциямыздың ардагері, журналист Амандолла Әбдімұратов топ жарып, І орынды жеңіп алды. Ал ардагерлер арасындағы ойында дес бермеген жерлесіміз Темірхан Бозымов чемпион атанды. Сондай-ақ қарасайлық Асылжан Қасымов, Бауыржан Дәулетов, Рустам Пермуэамедов пен Айтқазы Абылайханов әр санат бойынша жүлделі екінші және үшінші орындарға ие болды.
Айта кетейік, жалпы «Senat Open-2025» ІІ ойыны үш кезеңнен тұратындықтан, облыстық іріктеуде жеңіске жеткен жерлестеріміз тамыз айында Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында өтетін жартылай финалға қатысып, өңір намысын қорғайды. Ал ол жерде жеңіске жеткен ең үздіктері 25 тамыз күні Астанада болатын ашық кубогтің финалдық ойынына қатысуға мүмкіндік алады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.