Спорттық ойын түрлердің саны көп болғанымен, оның ішінде бір-біріне ұқсаc келетіндер кездесіп жататыны анық. Оларға қатысты бірнеше мысалдың ішінен шайбалы хоккеймен ойын ережесі де шамалас келетін флорбол ойынын айта кетсек болады. Еліміз бойынша көп таныла қоймаған бұл спорт түрінен өткен аптаның сенбісінде Қаскелең қаласындағы «Қарқара» спорт залында халықаралық турнир ұйымдастырылып, оған жас ерекшеліктері әртүрлі төрт команда қатысты.
Ерекше спорт түрін жан-жақты дамытуды қолға алуды мақсат еткен, жас кәсіпкер әрі осы турнирдің ұйымдастырушысы Алмаз Кайназаровтың айтуынша, бүгінгі таңда флорбол ойыны Қазақстанда жоқ спорттың түрі болып саналады. Ол жайында спорт жанашыры турнирдің ашылу салтанатында өзі сөз бастап, флорболды алдымен Қарасай жерінде кеңінен насихаттап, кейін лайықты деңгейде түрлі жарыстарды өткізу керектігін айтты. Ал, осы ойынға арнайы қатысқан аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов қырғызстандық командаға ерекше ықыласын білдіре келе, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен турнир барысына тоқталсақ, командалардың қатарында қаламыздағы Белинский орта мектебі оқушыларынан жасақталған «Барыс-1», «Барыс-2», тәуелсіз қатысушылар ретінде «Әкелер» және Қырғыз елінен «Қырандар» деп аталатын флорболшылар болды.
Жарыс топтық ойынға негізделіп, қарсыластар бір-бірінің қақпасының осал тұсын табуға тырысты. Алғашқы ойыннан-ақ спортшылардың жеңіске деген құштарлығы байқалып, тең нәтижені қанағат тұтпай, барынша топтың көшін бастауға барын салды. Білікті төреші Валерий Пышков қазылық еткен турнир бірнеше сағатқа созылып, ұпай айырмашылығы бойынша үздіктердің қатары да анықталды. Атап айтқанда, І орын мен арнайы кубоктың иегері болып жоғарғы сынып оқушыларынан құралған «Барыс-1» командасы атанса, ІІ орынды қырғыз ағайындар еншіледі. Ал, үздік үштіктің қатарын «Барыс-2» қорытындыласа, соңғы орын жинған ұпайына сай «Әкелерге» бұйырды.
«Қазақстанның Ұлттық Флорбол федерациясы» ҚБ төрағасы Алмаз Қайназаров келешекте бұл спортты дамыту мақсатында аудан бойынша студенттер, оқушылар арасында, сондай-ақ, түрлі халықаралық, аймақтық турнир өткізілу жоспарда бар екенін айтады. Тіпті, қазірдің өзінде өзбекстандық, тәжікстандық флорболшылар қызығушылық танытып, бірлесіп спорттық іс-шара атқаруды қолға салып жатқан көрінеді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.