Қазақстанды тағы да қымбатшылық мәселесі жайлап барады. Осыдан біраз уақыт бұрын елімізде азық-түліктің, одан кейін қанттың құны көтерілсе, енді ұнның бағасы қымбаттауда. Сәйкесінше енді ұннан жасалатын өнімдердің бағасы да өсетін болады. Бұл – қазіргі уақытта шикізаттың жетіспеушілігінен пайда болып отырған мәселе. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бүгінде еліміздегі астық мөлшері жеткілікті, ал пайда болып отырған қымбаттаушылық ұн мен астық өндірушілер арасында келісім болмай тұрғандықтан шығып отыр.
Министрдің шикізат қоры жеткілікті деп айтқанымен бүгінде ұн мәселесі күрделі. Тіпті, еліміздің кейбір аймақтарында ұн шығаратын кәсіпорындар жабылуда.
Біздің Қарасай ауданымызда да дәл осы жағдай орын алуға шақ қалуда. Себебі ауданымыздағы ұн өндіретін кәсіпорындардың ақпаратына сүйенсек, бүгінде шикізаттың үлкен тапшылығы пайда болған.
Тіпті, ауданымыздағы ұн шығаратын «Азия-АгроФуд» АҚ-ның басшылығы алдағы уақытта өндірісті тоқтатып, жабылуымыз мүмкін деп отыр.
– Бүгінде қоймамызда 6-7 күндік қана қор бар. Одан кейін не істейтінімізді білмейміз, бәлкім жабылатын да шығармыз. Қазіргі уақытта біз Алматы облысының тапсырысы бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-нан бөліген әлеуметтік 300 тонна шикізатпен жұмыс жасап жатырмыз. Алайда бөлінген астықтан біз ең көп дегенде 600 тонна ғана ұн шығара аламыз. Ал, бұл көлем облыс тұрмақ аудан үшін де жеткіліксіз. Шикізат жеткілікті кезде біздің кәсіпорын күніне 400 тонна ұн дайындайтын. Басқа жерден астық алайық десек өте қымбат, егерде сол бағамен алып, ұн дайындайтын болсақ, бізбен жұмыс жасайтын наубайханалардан шығатын нанның бағасы 250 теңгеге дейін көтеріліп кетуі мүмкін, – деді өндіріс орнының басшылығы.
Шамалған ауылының аумағында орналасқан «Үшқоңыр ұн» диріменінің де жағдайы мәз емес. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, шикізаттың бағасы көтеріліп кеткендіктен және де тапшылықтың пайда болғандығынан олардың жұмыстары да тоқтауы мүмкін.
– Қазіргі уақытта біздің өндіріс орны бұрынғыдай жұмысын жалғастырып келеді. Қоймамызда 20 вагон, шамамен 10 мың тоннадай ұн бар. Бұл біраз уақытқа жетеді. Алайда, біз шикізат алып жүрген өндірушілер бағаны күннен күнге қымбаттатып жатыр, оның үстіне соңғы кездері астық тапшы болып тұр. Сондықтан алдағы уақытта не боларын айта алмаймыз, – дейді диірмен басшылығы.
Міне, бүгінде екі кәсіпорынның жағдайы осындай. Әрине, Алматы облысының аумағында басқа да ұн өндірушілер жеткілікті. Алайда, шикізат тапшылығы осылай жалғасатын болса, алдағы уақытта ұннан жасалатын өнімдердін бағасы шарықтап кететіні айдан анық. Бұған қоса ұн тапшылығы да пайда болуы әбден мүмкін.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.