Қарасай ауданы Алматы облысында қарқынды түрде дамып келе жатқан өңірдің бірі болып табылады. Соңғы жылдары саны артқан ірі және орташа кәсіпорындардың арқасында ауданның экономикасы әр бағытта айтарлықтай ілгерілеп, тұрақты даму үстінде. Инфрақұрылым жақсарып, әлеуметтік жағдай тұрақталып, халықтың өмір сүру деңгейі артып келеді. Бұған қоса құрылыс индустриясы қанат жайып, өңірге қарасты әр округте халық қажеттілігін өтейтін әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық мақсаттағы көптеген нысындар бой көтерді. Оның ішінде жаңа мектептер, дәрігерлік амбулаториялар, спорт кешендері, демалыс орындары, мәдениет үйі және тағы да басқалары бар.
Көңіл қуантарлығы, бірнеше жылдың ішінде заман ағымына сай көптеген маңызды нысандар бой көтергенімен, аудандағы құрылыс қарқыны бүгінде де бәсендемеді. Керісінше, жаңа жобалар іске асырылып, ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
2024-2025 жылдар аралығында ауданда жеті жаңа мектеп қолданысқа берілді, ағымдағы жылы өнерлі балалардың қуанышына Қаскелең қаласында ауданындағы екінші мемлекеттік Өнер мектебі ашылды, Ұмтыл ауылдық округі Мерей ауылында Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Мұнан бөлек те биыл ауданда көптеген жақсы бастамалар қолға алынуда.
Осы ретте біз жылда тамыз айының екінші жексенбісінде аталып өтетін құрылысшылар күнін ескере отырып, Қарасай ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Бақытжан Машраппен жүздесіп, қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы тілдестік.
– Бақытжан Абутурапұлы, бүгінгі күні тұрғызылып жатқан нысандар жайында әңгімемізді бастамас бұрын, алдымен өңірдегі құрылыс қарқынына тоқталып өтсек. Қазіргі таңда Қарасай ауданындағы құрылыс саласы қандай деңгейде?
– Жалпы құрылыс саласы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған саланың бірі. Себебі тек құрылыс жұмыстары ғана халықтың қажеттілігін қанағаттандыратын нысандардың пайда болуын қамтамасыз етеді. Бұл – инфрақұрылымның жүргізілуінен бастап тұрғын үйлер мен емхана, мектеп секілді маңызды нысандардың салынуы. Сондықтан да бүгінде бұл сала ел экономикасының басты өрге сүйреуші күші болып табылады. Ал соңғы жылдары қарқынды түрде даму жолында келе жатқан Қарасай ауданы үшін құрылыс саласының белсенділігі заңдылық.
Өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында 7,4 млрд.теңгеге артық орындалды. Яғни 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 4,8 млрд. теңге болса, 2025 жылы ол – 12,2 млрд. теңгені құраған. Нақты көлем индексі – 250,0 пайызға орындалды. Ал облыс көлеміндегі үлес салмағы – 18,0 пайыз. Осыған қарап-ақ аудан бойынша құрылыс қарқынының жоғары екенін айтуға болады.
Жыл өткен сайын мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалардың нәтижесінде өңірдегі инфрақұрылым дамып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халықтың өмір сүру сапасы жақсарып келеді. Сондай-ақ заман талабына сай етіп салынған құрылыс кешендері тек тұрмыстық деңгейді көтеріп қана қоймай, аймақтың сыртқа келбетін жақсартуға да үлесін қосуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
– Халықтың жақсы өмір сүруі ең алдымен тұрғын үй жайлылығына байланысты болғандықтан, елімізде баспанамен қамтамасыз ету мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Әсіресе, бұл жағдай адам саны жыл санап қарқынды өсіп жатқан Қарасай ауданында күрделі екені белгілі. Осы ретте туындайтын сауалымыз аталған мәселені шешу бағытына қатысты болмақ. Бүгінде ауданда осы мақсатта қандай жұмыстар жүргізілуде? Соған кеңінен тоқталсаңыз.
– Иә, Қарасай ауданында тұрғын үй мәселесі біршама күрделілеу. Бұл, әрине, адам санының көптігене байланысты. Соңғы ресми деректерге сүйенсек, халық саны 360 мыңға жуықтады. Ал үй кезегіндегі тұрғандар саны – 6897. Оның ішінде көп балалы отбасылар – 2376, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 2564, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар – 913, бюджеттік қызметкерлер – 1043. Осыған байланысты баспанамен қамту жергілікті атқарушы биліктің басты назарындағы мәселе болып отыр.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы алаңы 122,8 мың. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4 мың. шаршы метрге артық.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік осал топқа жататын ауданымыздың тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін 2024 жылға бөлінген қаржыға 222 пәтер сатып алынып, 87-сі бүгінде өз иелерін тапты. Оның ішінде 13-і І және ІІ топтағы мүгедектер, сегізі мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасы, бір жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, үш зейнет демалысына шыққандар, 58 толық емес және сегіз көп балалы отбасы. Ал қалған 135 пәтер кілті комиссия шешімімен кезең-кезеңімен кезекте тұрғандарға берілетін болады.
Оған қоса ағымдағы жылдың шілде айында Елтай ауылында 26 пәтер сатып алынды. Осы айда тағы қосымша 50 пәтерді сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланатын болады. Жалпы 2025 жылы әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында 245 пәтер сатып алу жоспарланған.
Мұнан бөлек 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында, «Алматы – Бішкек» күре жолына жақын орналасқан Әйтей ауылдық округінде 30 га. жер теліміне 2 қабатты 520 пәтерлі «таунхаус» бар «Өмірұзақ» тұрғын үй кешені салына басталған еді. Жалпы алаңы 38 129 шаршы метрді құрайтын кешеннің құрылысы толығымен аяқталды. Сондай-ақ аудан орталығы Қаскелең қаласында 50 пәтерлі бес үйдің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, бөлінген қаржы 49,7 млн. теңге. Елтай ауылында да жалпы алаңы 2,06 мың шаршы метрлік коттедждік қалашық құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы дайын.
Тұрғын үй мәселесі бойынша алдыға қойған жоспарлар уақытылы іске асып отыратын болса, кезекте тұрған аудан тұрғындарының мәселесі де соған сай уақытылы шешіледі.
– Біраздан бері келе жатқан мектеп жетіспеушілігінен туындаған үшауысымдылық мәселесі кейінгі жылдары ақырындап шешімін тапқан секілді. Бір-екі жылдың ішінде ауданда көптеген мектептер салынып, қолданысқа беріле бастады. Байқағанымыздай, биыл да бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
– Оныңыз рас. Мектептердің жетіспеушілігінен пайда болған үш ауысымдылық біразға дейін аудандағы өзекті мәселелер қатарынан түспей жүрді. Бала саны көп, мектеп саны аз. 2023 жылдары ауданымыздағы үш ауысымды білім ошағының саны 12-ге жетті. Бұл мәселенің шешілуіне 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» (бұрынғы «Жайлы мектеп») ұлттық жобасы үлкен септігін тигізді. Аталған бастама аясында 2024-2025 жылдары аудан бойынша 10500 оқушыға арналған жаңа форматтағы сегіз мектеп салу жоспарланды. Соған сәйкес өткен жылы ауданға қарасты Қаскелең қаласы, Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек, Кемертоған ауылдарында алты «Келешек мектебінің» құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Тағы бір мектеп жергілікті бюджет есебінен салынды.
Қазіргі уақытта аталған жоба аясында екі жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп, аяқталуға жақын. Оның бірі – Бұлақты ауылындағы 900 орындық мектеп. Екіншісі – 1500 орындық Алмалыбақ ауылындағы мектеп.
Таяуда Іргелі ауылдық округіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде «жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасы аясында 2000 орындық мектептің құрылысы аяқталған еді. Аталған білім ордасын жеке инвестор салғанымен, ол да үш ауысымдылық мәселенің оң шешімін табуға септігін тигізуде.
Жалпы бүгінде Қарасай ауданында 78 білім беру мекемесі бар, оның 61-і мемлекеттік және 17-сі жеке меншік мектеп. Жоғарыда айтып өткен жұмыстардың арқасында ауданымыздағы үш ауысымдық мектептердің саны 12-ден екіге азайды.
– Бақытжан Абутурапұлы, енді денсаулық сақтау саласына ойыссақ. Білім ордалары секілді ауданымызда денсаулық сақтау мекемелеріне деген қажеттілік бар екені белгілі. Осы ретте сұрайтынымыз бұл бағытта халықты қуантатын жаңалықтар бар ма? Аудан аумағында жаңа денсаулық нысандары қашан пайда болады?
– Қарасай ауданында медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жобалар іске асырылуда. Сондықтан, иә, бұл бағыт бойынша айтарлықтай жақсы жаңалықтарымыз бар.
Нақтырақ айтқанда, Райымбек және Әйтей ауылдық округтеріне қарасты Абай және Үштерек ауылдарында тәулігіне 50 адамды қабылдай алатын дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 2025 жылдың қазан айы деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулатория салу бойынша да жоба қарастырылған болатын. Бұл ретте 2024 жылғы 12 шілдеде «Капитал Строй Проект Групп» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек Қайнар, Бекболат, Шалқар және Ұлан ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың және Көлащы ауылындағы 300 келушіге арналған бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығының жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Құрылыс жұмыстарын бастау мақсатында облыстық бюджеттік комиссияның қарауына өтінім тапсырылды.
Сонымен қатар, ауданның үш медициналық мекемелерінің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Олар – Қарасай ауданында заманауи перенаталды орталығының, Қаскелең қаласында бір күнде 500 келушіге арналған көп салалық емхана және Бұлақты ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория.
Бұған қоса, жұқпалы аурулар ауруханасын сейсмикалық күшейтуімен қайта жаңғырту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасы техникалық жабдықтау комитетіне қорытынды алу үшін жіберілді, 2025 жылдың маусым айында мемлекеттік сараптамаға өткізілді (жобалаушы «КазНур» ЖШС).
– Жоғарыда аталғаннан бөлек бүгінде аудан аумағында өзге нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр ма? Осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Қазіргі уақытта ауданымызға қарасты Елтай ауылдық округінде жаңа округ әкімдігінің ғимараты салынуда. Жаңа нысанның құрылысын мердігер компания «ГрадСтройСервис» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2025 жылғы қыркүйек айына деп жоспарланған.
Сондай-ақ ауданымыздың жастары үшін жақсы жаңалыққа айналған Қаскелеңдегі Жастарға қызмет көрсету орталығы. Аталған нысанның құрылысы 2023 жылдың маусым айында басталған еді. Алайда қаражаттың жетіспеушілігі мен бірқатар белгілі себептерге байланысты жұмыстар 2024 жылдың сәуір айында тоқтап қалды. Арада бір жыл өткен соң, құрылыс барысы қайта жанданды. Ғимараттың бас мердігері – «Азамат құрылыс» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігі. Нысан ағымдағы жылдың қараша айында толығымен аяқталып, қолданысқа беріледі.
Бұған қоса биыл Жібек жолы және Әйтей ауылдарында Мәдениет үйлерінің құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Жібек жолы ауылындағы 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысы бойынша 2025 жылғы 30 қаңтарда «СЕМ-Шоғы Құрылыс-Сервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2026 жылғы наурыз айы. Ал Әйтей ауылындағы 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысы бойынша 2025 жылғы бесінші ақпанында «Асан М Компани» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Жұмыстардың аяқталу мерзімі бірдей.
Жандосов ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысына облыстық бюджеттік комиссияға 774,9 млн. теңгеге өтінім тапсырылды. Одан бөлек Бекболат ауылының ескі Мәдениет үйінің ғимараты 2023 жылы мемлекет меншігіне қайтарылып, ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалды.
– Демалыс орындарына да тоқталып өтпесек болмас. Жалпы ауданымызда балалардың оқудан тыс уақыттарын қызықты өткізетіндей алаңдар бойынша қолға алынған жобалар бар ма?
– Әрине, ауданымыздың балалары ойынның қызығын көріп-біліп, тәні мен жаны сау болып өсуі тиіс. Осы мақсата жылда ауданның бірнеше округтерінде Workout алаңдарын салуға тырысып бағудамыз.
Мәселен, 2021-2024 жылдар аралығында ауданымыз бойынша 54 Street Workout көше гимнастикасына арналған спорттық және балалар алаңдары қолданысқа берілді. Ал ағымдағы жылы осындай бес алаң мен екі шағын футбол алаңдарын салуға 75,0 млн. теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, Жібек жолы және Көкөзек ауылдарында спорттық алаңдар салуға жобалау-сметалық құжаттамалары дайын. Құрылыс жұмыстарына қаражат бөлуге бюджеттік өтінім тапсырылды.
– Айтып отырған мәліметіңізге қарап-ақ Қарасай ауданында ауқымды жұмыстар жасалып жатқанын түсінуге болады. Енді әңгімеміздің соңында Бақытжан Абутурапұлы, алдағы уақытқа атқарылады деп отырған жұмыстар жайында айта кетсеңіз.
– Өзіңіз байқағандай, аудан көлемінде құрылыс қарқын алып, мемлекетімізде іске асырылып жатқан түрлі бағдарламалар аясындағы жоспарлы жұмыстар жүзеге асып келеді. Жыл аяғына дейін әлі де біраз құрылыстың іргетасы қаланып, біршама нысанның іске қосылатыны анық.
Біз республикалық, облыстық бюджеттен қаржы тарту арқылы әлі де біршама жұмыстарды қолға алуды жоспарладық. Олардың көбі, әрине, білім, медицина, қауіпсіздік секілді маңызды салалардың дамуына әсер етуге бағытталған. Яғни жаңа дәрігерлік мекемелер, білім және мәдени ордалар, демалыс және ойын алаңдары және тағы да басқа халыққа қажетті нысандар.
Жалпы, құрылыс саласы Қарасай ауданының экономикалық өсіміне және қарқынды даму жүйесіне тікелей және жанама әсер ете алады. Сондай-ақ ол белгілі бір деңгейде халықтың қажеттілігін өтейді. Сондықтан алдағы уақытта да құрылыс саласындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.
– Бақытжан мырза, уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге Рақмет!
Өзіңіз басқарып отырған құрылыс бөлімі мамандарының Қарасай ауданының өркендеп, заманауи ғимараттарға толы көрікті мекенге айналуына қосып жатқан үлестері зор. Осы ретте Сізді және ұжымыңызды алда келе жатқан құрылысшылар күні мерекесімен құттықтаймыз! Алдағы атқарар жауапты жұмыстарыңызға сәттілік пен жемісті жетістіктер тілейміз!
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
