Бірқатар жылдар бойы ауданның дамуы үшін қызмет атқарған Абдраманова Әмина Мәдиқызына «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен осы аптадағы жиын белсенді, іскер, талай жылдар бойы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан ілгері басуына өз үлесін қосқан, зейнет жасына дейін мемлекеттік қызметші ретінде бірнеше жауапты лауазымды қызмет атқарған Әмина Абдрамановаға арналды.
Басқосуға төраға ретінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Айжан Назарбаева және мәртебелі атақтың иесімен бірлесе жұмыс істеген әріптестері қатысты.
Жиын барысында Ә.Абдрамановаға Қарасай аудандық мәслихатының 2020 жылдың 3 наурыздағы 52-5 шешімімен «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Маңызды да ерекше атақтың куәлігін иесіне аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың атынан оның міндетін атқарушы Айжан Назарбаева табыс етті.
Салтанатты түрде өтетін игі шара әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты кейінге қалдырылды: оның сәті осы күнге түскенін айта кеткен жөн.
Абыройлы атақтың иесін біраз жылдар бойы бірлесе жұмыс атқарған аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева сынды жандар құттықтап, сөз сөйледі.
Өз кезегінде Әмина Мәдиқызы да алғыс сөзін білдіріп, мұндай атақтың орны бөлек, қымбат екенін айта келе, қашанда ауданның абыройы үшін қол ұшын созуға дайын екендігін жеткізді.
Әмина Абдраманованың қызметтік жолы туралы қысқаша айта кетсек, ол жоғары оқу орнын аяқтаған соң, 1977 жылдан бастап еңбек еткен. Қаскелең ауданының комсомол комитетінің хатшысы мен аталған аудан әкімдігінде жалпы бөлімнің меңгерушісі, Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары, сондай-ақ, 2013 жылдан зейнеткерлік жасқа дейін Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Өз тілшіміз.