1974 жылы аудан орталығы Қаскелең қаласында бой көтерген Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасы 50 жылдан астам уақыт аудан тұрғындарына қызмет етіп келе жатыр. Бүгінде Алматы облысында бәсекеге қабілетті медициналық мекеменің бірі болып табылатын ауруханада қарасайлықтардан бөлек көршілес жатқан аудан тұрғындарына да көмек көрсетілуде.
Жылдан жылға аурухана басшылығы медициналық көмектің сапасын жақсарту және қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Өткен жылдың өзінде бірқатар заманауи құрылғылар мен құрал-жабдықтар алынған. Өзге өңірдегі үлкен медициналық мекемелердің кәсіби тәжірибелері мол мамандарының көмегімен бірқатар қауіпті оталар жасалып, хирургия бағытында жақсы жетістіктерге қол жеткізілді. Сондай-ақ 2024 жылдың соныңда бірнеше елді мекенде медициналық ұйымдардың іргетасы қаланып, тұрғындарға мерзімінде табыстау межеленуде.
Осы және өзге де ауданымыздың медицина саласында орын алып жатқан өзгерістер жайында толығырақ білу үшін Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Алмат Чормановпен сұқбат жүргіздік.
– Алмат Тұрсынжанұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған мекеме жайлы толығырақ айтып өтсеңіз. Бүгінде аудандық ауруханаға қарасты қанша медициналық пункт пен амбулатория бар? Аудан бойынша денсаулық сақтау саласында қанша қызметкер еңбек етуде?
– Өзіңіз білетіндей, Қарасай ауданының орталық ауруханасы – көп кезеңдерден өткен тарихы терең мекеме. Ол 50 жылдан астам аудан тұрғындарына тоқтаусыз медициналық көмек көрсетіп келеді. Бүгінде мұнда ересектер мен балалар шұғыл және жоспарлы медициналық көмек, хирургия, гинекология, босандыру, урология, травматология, нейрохирургия, стоматология, офтальмология, оториноларингология, терапия, невропатология, педиатрия, эндокринология, дерматовенерология, кардиология, психология, онкология және тағы да басқа бағыттарда көмек алуда. Жыл сайын шамамен 25 000-нан астам адам стационарлық ем қабылдайды.
Аурухана құрамында амбулаториялық-емханалық көмекті аудандық емхана, үш алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 19 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік және үш медициналық пункт бар. Елді мекендердегі амбулаториялар талаптарға сәйкес құрал-жабдықтармен және мамандармен толықтай қамтамасыз етілген. Нысандардың көбі жыл сайын кезекпен жөндеу жұмыстарынан өткізіліп отырады.
Қазіргі уақытта аудандық ауруханаға қарасты медициналық мекемелерде барлығы 2846 қызметкер жұмыс істейді. Оның 537-і – дәрігерлер, қалғаны – орта және кіші буынды мамандар.
Ең қуанарлығы, дәрігерлеріміз білікті де білімді, өз ісіне берілгендер. Алғашында аурухана Қарасай ауданының тұрғындарына бағытталған еді. Алайда мамандардың еңбектенуінің арқасында іргелес жатқан Алматы қаласынан және өзге аудандардан осында келіп емделсек дегендердің қатары көбейіп отыр.
– Аурухананың медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы қалай?
– Медициналық технологиялар күн санап жаңарып жатқандығы белгілі. Соған байланысты жоғары технологиялармен жабдықтау да басты назарда. Мысалы, 2023 жылдың соңында облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа заманауи МРТ аппараты алынды.
Ал 2024 жылы қан бөлгіш, жаңа туған нәрестелерге арналған желдеткіш, сарапшылық класты ультрадыбыстық аппарат, азот оксидін бақылауға арналған аппарат, екі нейроаудиоскрининг, коагуляцияға арналған ультрадыбыстық аппарат, үш оптикалық аппарат, екі уретерореноскоп аппараты, 21 центрифуга, үш стоматологиялық блок, төрт стоматологиялық блокқа арналған компрессорлар және эндоскоптарды кептіруге арналған шкаф сатып алынды.
– Соңғы жылдары ауданымыздың денсаулық саласындағы өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Бұл күнде аталған мәселе өз шешімін тапты ма? Қарасайға жас мамандарды жұмысқа тарту бойынша қандай шаралар атқарылуда?
– Медицина қызметкерлерінің тапшылығы – біздің ауданымызда ғана емес жалпы республикамыз бойынша орын алып отырған мәселе. Оның үстіне Қарасай жері халық саны тығыз орналасқан аудан болғандықтан, емделушілер саны да аз емес. Жоғарыда атап өткенімдей, мұнда жылына 25 000-нан астам ем алады. Десе де бұл мәселе ақырындап шешіліп келеді. Былтырғы жылы кадр тапшылығы ондай өзекті болмады.
Қазір біздің мекемеге неонатолог, инфекционист секілді мамандар жетіспеуде. Алайда бұл аталған мамандықтарда оқитындардың саны азайғандығына байланысты. Ал оқуларын бітіріп, қолына дипломын алған жастар көбінде шалғайда емес үлкен қалаларда жұмыс істегісі келеді. Оның үстіне бүгінде әрнәрсеге шағымданатындар саны көп. Тіпті, кезекте 10-20 минут отырып қалғанның өзін мәселе етіп көтеріп, әлеуметтік желіге жариялайды. Осындай қысым болғанда медицинада кімнің жұмысқа істегісі келеді? Жалпы медицина қызметкері болу оңай емес.
Жүйелі түрде ауруханадағы кадр тапшылығын болдырмау және білікті дәрігерлер тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі жас мамандардың талаптары жоғары. Бұл – қуантарлық жайт. Олар өздерінің тәжірибесі мол әріптестерінен жаңа нәрселерді үйренуге әрдайым дайын.
Бүгінгі күнгі мақсатымыз – өзіміздің мамандарымыздың кәсіби деңгейлерін көтеру. Осыған байланысты дәрігерлеріміз алыс-жақын аймақтардағы үлкен медициналық мекемелердің мамандарымен тәжірибе алмасып тұрады. Сондай-ақ Ресейге барып, конференциялар, шеберлік сабақтарына қатысып, біліктіліктерін арттырып, тәжірибе жинақтауда.
Осының барлығы ауруханаға оң әсерін тигізеді. Денсаулық сақтау саласы жыл санап әлемдік тәжірибелерді үйренуге, заманауи қондырғыларды меңгеруге ден қоюда. Бұл орайда біздің де жеткен жетістігіміз жетерлік.
– Ауруханалар мен мамандар жайында бәрі түсінікті. Енді Алмат Тұрсынжанұлы, аудандағы ахуалға тоқталсақ. Соңғы жылдары елімізде жұқпалы сырқаттар қатары күрт көбейгенін білесіз. Мәселен, таяуда ғана көршілес Қытай елінде «метапневмовирус» деген жаңа індет өрши бастады. Халық алаңдауда. Осы реттегі сұрағымыз – аудандағы қазіргі ахуал қандай?
– Бүгінгі таңда біздің ауруханамызда барлығы 289 564 адам тіркеуде тұр. Былтырғы жылы сырқаттанушылар арасында тыныс алу және қан айналымы жүйесінде ақаулары барлар көбірек кездесті. Емдеу шаралары клиникалық хаттамаларға сай жүргізілді.
Жалпы жыл сайын жоспарға сәйкес қызметкерлеріміз ақпараттық-түсіндіру, профилактикалық тексеру, скрининг жасау секілді жұмыстарды жүргізіп отырады. Осындай шаралар түрлі ауруларды ерте сатысында анықтауға және дер кезінде емдеуге мүмкіндік беруде.
Бұған қоса вирустық және инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында екпе егу жұмыстары да жүргізіледі. Ол үшін ауданымыздағы алғашқы медициналық санитарлық ұйымдардың барлығында вакциналау пункттері ашылған, оларда керекті құрал-жабдықтар толық бар. Ересек адамдар, жүкті әйелдер мен балалар вакцинасының бірнеше түрімен қамтылған.
2024 жылы екі айлық 6 003 балаға гекса-1 және төрт айлық 6 135 балаға гекса-3 вакцинасы профилактика ретінде салынды. Сондай-ақ пневмококкқа қарсы-1 екпемен 5 902 бала, пневмококкқа қарсы-2 екпемен 6 005 бала және пневмококкқа қарсы-3 екпемен 5 755 бала егілді. Пентаксим-1 (АбКДС+НИВ+ИПВ) вакцинасымен 6 345 бала, пентаксим-4-пен 5 930 бала, АбКДС-5-пен 6 159 бала қамтылды. Бұған қоса 1 жастағы 5 458 бала қызылша, қызамық және эпидпаротит ауруларына қарсы егілді.
Мұнан бөлек өткен жылы жоспарға жасөспірімдердегі жатыр мойнының обыры ауруына карсы вакцина егілген еді. Соған сәйкес Қарасай ауданына 4000 мың вакцина беріліп, қазіргі таңда 3974 екпе егілді. Тұмауға қарсы «Гриппол-R» 35420 екпесі беріліп, толығымен тұрғындарға берілді. Осы атқарылған іс-шараларға мекемеміз мемлекеттің иммундау бағдарламасын орындалуын және қадағалау салдарынан оптимальдық көрсеткіш деңгейіне жетіп, ауданымыздың көрсеткішін жақсартып отыр.
Әрине, екпе мәселесіне келгенде халық арасында екіұдай пікір қалыптасқандығын жақсы білемін. Алайда вакцинация – көптеген індетті ауыздықтаудың тиімді жолы. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда жеңіл ғой» деп бекер айтылмаған.
– Осы тақырыпқа қатысты тағы бір маңызды сауал. Тәжірибе көрсеткендей, жұқпалы аурулар ауруханасының қажеттілігі жоғары. Ал өзіңіз білетіндей, біздің ауданда орналасқан жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты әбден ескірген. Осы мәселені шешу үшін қадамдар жасалып жатыр ма?
– Иә, аудандағы жұқпалы ауруларға арналған емхананың ғимараты әбден ескірген. Бұл таңқаларлық емес. Оның іргетасы 1932 жылы қаланған. Қосалқы нысандары 1935 және 1990 жылдары салынған. Қазір олардың біразы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді.
Сондықтан ғимараттар техникалық бақылаудан қайта өткізіліп, оның нәтижесі бойынша балалар бөлімшесі күрделі жөндеуден өткізіледі. Ал басқа ғимараттар қиратылып, оның орнына 100 төсекке арналған жаңа нысан салынатын болады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Мемлекеттік сараптамаға ұсыну 2025 жылдың наурыз айына жоспарланған.
Барлық жұмыстар толығымен аяқталғанда ауданымыздың жұқпалы ауруларға арналған ауруханасы жұмысын 160 төсекке арналған жаңа ғимаратта жалғастырады.
– Таяуда орталық ауруханада ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығы мамандарының қатысуымен алғашы рет лапароскопиялық әдіс арқылы ота жасалған еді. Бұдан бөлек хирургия саласында қандай жаңалық, жетістіктер бар?
– Бүгінде медицина саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Жыл сайын ем жүргізудегі тиімді жаңа әдіс-тәсілдер, заманауи аппараттар пайда болуда. Әсіресе, қазіргі уақытта хирургия саласы анағұрлым алдыға жылжып, кез келген отаны максимальды түрде қауіпсіз етіп жасау жолдары табылуда. Осы ретте бізде де хирургияға үлкен көңіл бөліп, оны жетілдіру бағытында жұмыстар жасап жатырмыз. Қажетті құрал-жабдықтар алынуда, мамандардың кәсіби деңгейлері көтерілуде.
Осындай жұмыстардың арқасында күрделі оталар сәтті жүргізіле бастады. Мәселен, былтырғы жылы ауруханамыздың базасында алғаш рет ангиограф аппаратының көмегімен жасалатын жоғары технологиялық медициналық көмектің түрі «Бас пен мойынның тамырларын эндоваскулярлық (жаппай) эмболиялау» отасы жасалды. Сондай-ақ бірінші рет урология бойынша қатерлі ісікті жою үшін лапароскопиялық тәсіл қолданылды. Аталған әдіс науқастың денесін кеспей, тек көлемі 0,5-1,5 см болатын саңылаулар жасау арқылы операциялық әрекеттерді жасауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта біз осы тәсілді хирургиядағы басқа бағыттарда да қолдануды жетілдіретін боламыз.
Алдағы уақытта «Сан-жамбасы және тізе буынның ауыстырылуын тексеру» отасын жасауды жоспарлап отырмыз.
– Ауданда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі қалай қызмет етуде?
– Қарасай ауданы бойынша барлығы 360 318 адам тіркелген, оның 83,8 %-ы сақтандырылған. Сақтандырылмаған тұрғындар арасында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде болудың артықшылықтары, оған кіретін медициналық көмектің түрлері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мысалы, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2024 жылы 12037 тұрғын сақтандырылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда төрт есеге артық.
– Кейінгі жылы қарқын алып келе жатқан цифрлық қызмет көрсету жүйесі аудандық медицинада қаншалықты дамыған?
– Қазір өндіріс, қызмет көрсету, яғни барлық сала цифрлық жүйеге біртіндеп көшіп жатыр. Бұл үрдістен денсаулық сақтау саласын да айналып өтпеді. Науқастар туралы ақпарат жазылатын кітапшалар электронды форматқа ауыстырылды. Бұрынғыдай кітапшаны іздеп жүрудің қажеттілігі жоқ. Дәрігер қажет ақпаратты бірден компьютер арқылы көреді.
Сонымен қатар, ауруханамызда қабылдау кезінде науқастың жеке басын растау үшін Face ID технологиясын қолдану, сондай-ақ «eGov» мобильді қосымшасы арқылы алынған алты таңбалы нөмірді растау цифрлық жүйені енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Анығырақ айтқанда, науқас дәрігердің қабылдауына келгенде, жұмыс үстелінде орналасқан шағын камера арқылы оның бетін сканерлейді және «МИС Жетысу» кешенді медициналық ақпараттық жүйесінің дерекқорымен салыстырады. Егер фотосуретте сәйкестік орнатылмаса, пациенттен «eGov» қосымшасына кіріп, арнайы кодты атау сұралады. Деректер сәйкес келмеген жағдайда қабылдау есептелмейді. Бұл жүйе пациенттің қауіпсіздігі тұрғысынан өзін дәлелдеуге бағытталған.
Мұнан бөлек ауруханамыздағы ішкі ұйымдастыру қызметтері кезең-кезеңімен электронды жүйеге ауыстырылуда.
– Алмат Тұрсынжанұлы, қазіргі әлем медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін талап ететіндігін білесіз. Осы тұста жоғарыда айтып өткен шаралардан бөлек алдағы уақытта қандай жұмыстар атқаруды жоспарлап отырсыздар?
– Ұлт денсаулығы кез келген ел үшін ең бірінші маңызды мәселеге баланады. Сондықтан біздің елімізде де денсаулық сақтау саласына баса назар аударылып келеді. Әсіресе, шалғай жатқан ауылды жерлерге медициналық көмекті барынша қолжетімді ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл Қарасай ауданына да қатысы бар.
Нақты айтқанда, өткен жылы ауданымызға қарасты Абай, Үштерек ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталған еді. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында жұмыстар толығымен аяқталып, қолданысқа беріледі. Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік акушерлік пунктінің құрылысы да бірінші жарты жылдықта аяқталатын болады.
Бұған қоса Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында Қарасай ауданында Перинаталдық орталық салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, технологиялық жабдықтау комитетімен келісу сатысында тұр. Жобаны жүзеге асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
Қазіргі таңда төрт елді мекенге, атап айтқанда, Қайнар, Бекболат, Шалқар, Ұлан ауылдарына күніне 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң натижесін алған. Бюджетке өтінім беріліп, құрылыс жұмыстарының басталуы 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында жоспарға енгізілді.
Мұнан бөлек 300 келушіге арналған Көлащы ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек, Қаскелең қаласында 500 келушіге және 173 төсекке арналған аурухана салынады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, орталық аудандық ауруханасының ғимаратын күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылға жоспарланған. Аталған жұмыстар аяқталған соң, ауруханамызды аккредиттеуден қайта өткізу жоспарлануда.
– Алмат Тұрсынжанұлы, қарбалас жұмыс арасынан алтын уақытыңызды бөліп, ауданымыздағы медицина саласында атқарылып жатқан істер жайында ақпарат бергеніңізге рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.