Биылғы Қарасай ауданындағы көктeмгі егістік науқаны белсенді жүргізілуде. Бұл жұмыстар үшін бүгінде 484 тонна дизель жанармайға өтінім берілген.
Егіс науқанын уақтылы жүргізу үшін шаруаларға 408 тонна жеңілдікті дизель отынын алу жоспарланған. Осы жұмыстарға арнайы 484 тоннаға өтінім берілген. «Петрофон» ЖШС оператор болып анықталды. Бүгінде энергетика министрлігі бекіткен жанармайдың құны 1 литр үшін 250 теңгені құрады.
– «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 13 сәуірдегі «Ауыл шаруашылығы жұмыстарына мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын айқындау қағидаларын, сондай-ақ «Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мұнай өнімдерінің көлемдерін қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту туралы» №137 бұйрығына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін дизель отыны көлеміне өтінім беру «Gosagro» порталы арқылы қабылданады», – делінген Қарасай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінде.
Дизель отынының көлемін есептеу бір гектар жерге арналған дизель отыны шығысының нормативін ескере отырып, автоматты түрде жүргізіледі.
Айта кетейік, «Gosagro» порталы арқылы жеке кабинет ашу үшін веб-порталда тіркелу кезінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші мынадай мәліметтерді көрсетеді:
– жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі;
– бірлескен кәсіпкерлік нысанындағы заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер үшін: бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН), толық атауы; бірінші басшының аты, әкесінің аты (бар болса) және тегі және ЖСН-сы;
– байланыс деректері (почта мекенжайы, телефон, электрондық почта мекенжайы);
– екінші деңгейдегі банктің немесе ұлттық почта операторының ағымдағы шотының деректемелері.
Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші бір жұмыс күні ішінде веб-порталдағы жеке кабинетке енгізілген дербес шоттың деректерін өзгертеді. Бұл ретте, тараптың бір кадастрлық нөмірі бойынша қайта өтінім жіберуге жол берілмейді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.