Қарасай ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шара “AMANAT” партиясы Қарасай аудандық филиалының бастамасымен, Шамалған ауылдық округінің Ақсақалдар кеңесі, ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері, жастар мен белсенді азаматтардың қатысуымен өтті.
Экологиялық сенбілік “Таза Қазақстан” ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылып, Шамалған өзенінің маңындағы аумақты тазарту жұмыстары жүргізілді. Акция барысында қатысушылар 2 гектар жерді күл-қоқыстан тазартып, 20 қап қоқыс шығарды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек табиғатты таза ұстауға емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.
– Мұндай бастамалар жастардың белсенділігін арттырып, ауыл тұрғындарын табиғатты қорғауға жұмылдырады. Экология – бұл тек бір күндік жұмыс емес, ұзақ мерзімді ортақ міндет, – дейді ұйымдастырушылар.
“АMANAT” партиясының аудандық филиалы алдағы уақытта да экологиялық тәрбиеге бағытталған шараларды жалғастыра бермек.