Қарасай жері – өндірісі өркендеген аудандардың бірі. Дәл осы саланың ілгерілеуіне әйелдер қауымының үлесі зор. Аймақтағы қазіргі күнге дейін орта және шағын бизнестің 70 пайызы әйелдерге тиесілі. Олардың бастамаларын қолдау және әрі қарай дамыту мақсатында ауданда «Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының жанынан іскер әйелдер кеңесі құрылып, жүйелі жұмыстарын бастады.
Осы аптаның сәрсенбі күні іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен кәсіпкер нәзік жандардың қатысуымен форум өтті. Аудандық Мәдениет үйінде өткен шарада алдымен көпшілік әр округтен келген ісмер келіншектердің көрмесімен танысып, іскер әйелдер жайлы бейнеролик көрді.
Ал, кәсіпкер әйелдерді қолдау және дамытуды мақсат еткен форумға арнайы қатысқан аудан әкімі Жасұлан Естенов форумның маңыздылығын тілге тиек етіп, өңірдегі әйелдердің барлық саладағы үлесі артып келе жатқанын жеткізді. Әсіресе, кәсіпкерлік бағыттағы елеулі үлестерін атап айтты. Одан кейін аудан басшысы түрлі саладағы жетістікке жетіп жүрген Күлән Жанғұтты, Анаргүл Нарботанова, Айжан Отарова, Ғалия Тақтағұлова, Қаршыға Маратова, Әлия Саугабекова, Гаухар Көбенова сынды бірқатар іскер нәзік жандарды өз атынан марапаттады.
Ауданымызда алғаш рет өткізіліп отырған шараға 300-ден аса бизнес-ханым қатысты. Олар – ауданымыздың барлық ауылдық округтерінен экономиканың барлық саласында, әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген табысты әйелдер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме басшылары.
Жиында әйелдер қауымы түрлі тақырыпта әңгіме өрбітіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, кәсіпкерлер бас қосқан шарада нәзік жандылардың бастамаларына берілетін мүмкіндіктер мен ұсыныстар жайлы спикерлердің өз баяндамаларын оқып, қажетті ақпараттарымен бөлісті.
Алғашқы болып сөз алған әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының вице-президенті, «Атамекен» ҰКП жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитеттің төрағасы Әйгерім Жаналиева мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламалар жайлы сөз етті. Оның ішінде әлеуметтік бағдарламалардың маңыздылығына ерекше тоқталып, әлеуметтік кәсіпкер жобасына үміткер ретінде реестрға тіркелу жайлы алғышарттарын түсіндірді. Себебі, аталған жоба аясында республика бойынша 221 нысан тіркелген болса, өкінішке орай оның ішінде бірде бір Алматы облысының осал тобына жататын бизнес өкілі жоқ. Әлеуметтік кәсіпкер ретінде осал топқа жататын адамдар, жастар мен зейнет жасына жеткендерге жұмыс орындарын ұсынған немесе емдеу, оңалту, сауықтыру сынды мекемелер қатыса алады екен. Қазіргі уақытта 8 ДЦП, аутимзм сынды ауыр диагноз қойылған жандарға жұмыс орнын ұсынып отырған Әйгерім ханым, бұл жобаның қоғамға да, кәсіпкерге де тиімділігінің жоғары екенін алға тартты. Одан кейін Алматы облысы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ляззат Ботабекова баяндамасын оқып, өңірлердегі аталған кеңестің атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасады. Ал, Алматы облысы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Бекеев форумдардың тәжірибе және пікір алмасу мақсатында ұйымдастыру маңыздылығын атап айтса, Алматы облысы ҚАНО филиалының басшысы Алмагүл Батырханова түрлі тақырып аясында әйелдер қауымымен қажетті ақпараттармен бөлісті.
Кәсіпкер келіншектер бір ортаға жиналған басқосуда өзгерістер мен жаңалықтар да сөз болды. Мәселен, Береке ауылында орналасқан «Обрайн» ЖШС-нің құрылтайшысы Жанар Тұрғанбаева тәуелсіз Қазақстанның экономикасының өзекті мәселесін қозғайтын «Салық салу. Жалпы ұлттық декларация мәселелері» тақырыбында баяндамасын оқыды. Жиналғандар тарапынан сұрақтар қойылып, спикер толық жауап берді. «Қарызсыз қоғам» бағдарламасының тәлімгері Гүлсін Абдуллина қоғамдағы келелі мәселені көтеріп, қажетті ақпарат берді.
«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласып, көп нәтижеге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Шараның соңы Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.