Өткен аптаның жұмасында Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасында коронарография әдісімен жүрек ауруы бар науқасқа алғаш рет диагностика жасалды. Күрделі ота аталмыш аурухананың интервенциялық хирургия бөлімінің меңгерушісі, жүрек саласы бойынша 10 жыл тәжірибесі бар, кардиохирург, интервенциялық кардиолог Орынбасар Тайманұлының жетекшілігімен өтті.
Аурухана базасында алғаш рет жасалған ота кезінде білікті мамандар жүрекке жіңішке катетер жіберіп, шаштың қылындай ғана қан тамырдағы ақауды дер кезінде анықтады. Дәрігерлер жүрек-қан тамырындағы ақауды толық анықтайтын коронарография әдісін сәтті іске асырды. Коронарография мамандандырылған операциялық бөлмеде рентген сәулелерінің бақылауымен жасалады. Бұл дұрыс диагноз қоюға мүмкіндік береді.
«Аудандағы орталық ауруханының базасында алғаш рет науқасқа коронарография жасадық. Науқастардың біріншісі 14 желтоқсан күні біздің ауруханаға «тұрақсыз стенокардия» диагнозымен түсті. Ол кісі 2012 жылы анамнезінде инфаркт болған. 2015 жылы басқа ауруханада стенттеу, ал, 2017 жылы «аортакоронарлық шунттау» оталары болған. Бүгін осы науқасқа анамнезін, шағымдарын ескеріп Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасында алғаш рет коронарография жасалды. Оның нәтижесінде науқастың тамырлары өте жақсы функция атқарып жатқандығына диагностика жасалды. Екінші науқас дәл сондай диагнозбен 19 желтоқсан күні түсті. Ол кісіге де коронарография жасалды. Нәтижесінде науқастың тамырларының өтімділігі жақсы екендігі, ал, жүректің созылмалы шамасыздығы, дилятациялық кардиомиопатия басталып жатқандығы анықталды. Отадан кейін кезеңде науқастардың жағдайы бір қалыпты, асқынулар болған жоқ
«Осы ретте ауруханамыздың дамуына үлкен үлес қосқан директорымыз, медицина ғылымының докторы, профессор Мәулен Малғаждаровқа алғыс білдіргіміз келеді», – дейді Орынбасар Тайманұлы.
Айта кетсек, Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы көп бейінді, бәсекеге қабілетті медициналық мекеме. Бұрын созылмалы жүрек ауруын ғана емдейтін орталық енді өзге де жүрек дерттерін емдеп, кардиология бағытында күрделі оталар жасап жатыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.