Биыл ерекше ыстық болған жаз мезгілінің соңғы айы тамыздың аяқталуына біраз ғана уақыт қалды. Ал бұл санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады дегенді білдіреді. Осыған байланысты қазіргі сәтте өңірдегі білім ордаларында қызу дайындықтар жүріп жатыр. Ұстаздар оқу сыныптарын жабдықтап, біліктілігін пысықтап, еңбек демалысынан серпіліспен оралуда. Мектеп оқушылары да өз кезегінде киім-кешегі мен оқу құралын сайлап, білім күнін асыға күтіп жүр.
Осы ретте біз Қарасай аудандық білім бөліміне жолығып, білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындық барысы қалай жүріп жатқаны туралы мәліметтер алдық.
Жалпы Қарасай ауданында өткен оқу жылы ойдағыдай аяқталған. Ол жылы білім ордаларынан 4445 түлек түлеп ұшқан. Оның ішінде: 1591-і – мемлекеттік грант иегері, 90-ы – ішкі грант иегері, 35-і – халықаралық жоғары оқу орындарына қабылданды. Мектепті бітіргендердің мамандық бойынша таңдау көрсеткіші де әртүрлі салаларға бейімділікті айқын көрсетеді. Яғни 351 түлек педагогиканы, 228-і ауыл шаруашылығын, 155-і медицина, 160-ы инженерлік мамандықтар, 180-і технология, 150-і ақпараттық технологиялар (IT), 172-і заңгерлік, 98-і әскери қызмет, 97-і экономика, өнер, сервис және тағы да басқа бағытты таңдаған.
Ал биылғы жылы аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бірінші сыныпқа 8768 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 7710 бүлдіршін мектепке қабылданып үлгерген. Жалпы Қарасай ауданы тұрғын саны тығыз орналасқан өңір болғандықтан, бала саны да соған сәйкес. 2025-2026 оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Үш аусымды мектептер саны қысқарып, жанартылу жұмыстары жүргізілуде
Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «Келешек мектептері» жобасы аясында өткен жылы ауданға қарасты Қаскелең қаласы, Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек, Кемертоған ауылдарында алты мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Тағы бір мектеп жергілікті бюджет есебінен салынды.
Қазіргі уақытта аталған жоба аясында екі жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп, аяқталуға жақын. Оның бірі – Бұлақты ауылындағы 900 орындық мектеп. Екіншісі – 1500 орындық Алмалыбақ ауылындағы мектеп.
Бұған қоса мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен қазіргі уқытта Абай ауылындағы ескірген М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Сондықтан аталған білім ордасы жаңа оқу жылын жаңа қалыпта кездестіреді. Ал өзге мектептер ағымдағы жөндеуден өтуде.
Жалпы бүгінде Қарасай ауданында 78 білім беру мекемесі бар, оның 61-і мемлекеттік және 17-сі жеке меншік мектеп. Жоғарыда айтып өткен жұмыстардың арқасында ауданымыздағы үш ауысымдық мектептердің саны 12-ден екіге азайып, біраз мекеменің ішкі көрінісі жаңартылуда.
Тегін тамақ пен қаржылай көмек
Жаңа оқу жылының тағы бір маңызды мәселесі – бастауыш сынып оқушыларының тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі.
Биылғы оқу жылында өңірдегі 1-4 сыныптардың барлық 46 000 оқушысы тегін ыстық тамақ ішетін болады. Бұл мақсатта қажетті қаражат бөлінді. 46 мың тегін ыстық тамақпен қамтылатындардың 12 мыңы халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылардың балалары.
Ас мәзірі талапқа сай, баланың ағзасына пайдалы және құнарлы етіліп жасалады. Жалпы мектептердегі асханаларда тамақтандыру жұмысы мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жүзеге асырылатынын айта кету керек. Оның бекітілген талаптары бар. Ал конкурсқа қатысқан кәсіпкерлер немесе компаниялар асхана жұмысына қатысты шарттарға сәйкес біліктілігі бар аспаздармен, диетсестралармен қамтуы тиіс.
Қаржылай көмекке келер болсақ, жыл сайын жаңа оқу жылының алдында әлеуметтік осал отбасы балаларына көмек көрсетіледі. Биылғы жылы да бұл бастама іске асырылуда. Яғни 2025-2026 оқу жылына байланысты қарасайлық 13 000 оқушының ата-анасының есепшотына Жалпы білім беру қоры (ЖББҚ) есебінен 46 228 теңгеден көмек аударылды.
Оқулықтармен қамтамасыз ету
Балаларды қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Биылғы оқу жылында 4, 7, 10 және 11-сынып оқушыларына арналған 208 480 дана оқулық жаңартылып, мектептерге жеткізіледі. Бұл – білім сапасын арттыру және жаңа мазмұндағы оқу бағдарламаларын енгізу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Қалған сыныптар мектеп кітіпханасындағы оқулықтармен оқитын болады.
Ал жақында ашылуы күтіліп отырған «келешек мектептері» бойынша Алматы облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім жіберілді.
«Мектепке жол» акциясы мен «Балақайлар мектебі» жобасы
Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын елімізде әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіліп отырада. Жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алуды мақсат еткен бастама дәстүрлі түрде тамыз айының бірінен қыркүйек айының 30-ы аралығында жүргізіледі.
Оның аясында Қарасай ауданында 1 тамыздан бастап қазіргі күнге дейін осал топтағы 366 оқушыға демеушілердің көмегімен мектеп формасы мен сөмкесі табысталды. Жоспар бойынша осы акция арқылы 3000 қарасайлық балаға көмек көрсету көзделіп отыр.
Мұнан бөлек бүгінде аудан аумағында балаларды мектеп өміріне бейімдеу мақсатында «Балақайлар мектебі» жобасы табысты жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бұл жоба 60 мектепте жүргізіліп, 1380 бүлдіршін мен 67 педагог қамтылған. Бір айға жоспарланған бағдарламада балалар оқу процесіне қажетті бастапқы дағдыларды меңгеріп, мектеп ортасына бейімделіп жатыр.
Жоғарыда айтылып өткен жұмыстар бойынша Қарасай ауданы жаңа оқу жылын қарсы алуға дайын деуге болады. Аудандық білім бөлімінің мәлімдеуінше, оқу процесінің сапалы өтуі үшін қажетті инфрақұрылым, оқу құралдары мен әдістемелік материалдар толық қамтылып, дайындық жұмыстары жалғасуда.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
