Алматы облысы бойынша спорттық саланы дамытуға үлес қосып жүрген өңірдің үздік спортшыларына жақында «Хан Тәңірі» сыйлығы табысталды. Салтанатты шарада спорт саласына еңбек етіп жүрген мамандар «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар осындай құрметке бөленгендерге ақшалай сыйақы да берілді.
Дәстүрлі түрде екінші рет өтіп жатқан облыстың үздік спортшыларын марапаттау рәсіміне Алматы облысына қарасты қала мен аудандардағы спорт саласының барлық өкілі қатысты. Салтанатты жиында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев сөз алып, келер жылы спортшыларға берілетін сыйақы екі есеге артатын жеткізді.
– Алматы облысының спортшылары үшін де табысты жыл болды деп есептейміз. Биыл спортшыларымыз халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда 1800-ден аса медаль иеленді. 146-ы әлем чемпионаттарында, ал 119-ы Азия чемпионаттарында, – деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.
Спорттық шара барысында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт саласының үздік 130 өкілі марапатталды. Олардың арасында халықаралық жарыстарда ел мерейін асқақтатып жүрген спортшылар да бар.
Облыс көлемінде биылғы жеткен жетістігіміз көңіл қуантарлықтай. Әлемдік аренада топ жарған мақтаныштарымыз жоқ емес. Бұл жайында жиында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков айтты.
– Айта кету керек, жазда өткен Азия ойындарында Алматы облысы екі алтын, үш қола медаль жеңіп алды. Қазақстан Республикасы бойынша үшінші орынға тұрақтады. 2024 жылы Олимпиада өтетіні екені белгілі. Осы жыл облысымыз үшін табысты болып, спортшыларымыз үздік атана берсін, – деді Ерболат Сарабекұлы.
Нәтиже көрсеткендей жыл басынан бері Алматы облысының спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 1806 медаль иеленген. Ендігі мақсат – басқарма басшысы айтып кеткендей Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсету.
«Хан тәңірі» сыйлығын табыс ету салтанатты шарасында Қарасай ауданының да мерейі үстем болды. «Үздік спорттық аудан» номинациясы бойынша Қарасай ауданы ІІІ орын алды. Аталмыш марапатты Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсеноваға табыс етті.
Ал «Үздік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» номинациясына Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешені лайық деп танылды. Жетістіктерімен дараланған ұжымға ІІ орынның жүлдесі бұйырды. Басқарма басшысы Е.Сарабеков спорт мектебі директорының орынбасары Шаттық Рақметқожаевты құттықтап, жұмыс нәтижелері үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ дәл осы «Үшқоңыр» спорт мектебінің басқа да өкілдері құрметке бөленді. Атап айтқанда, әдіскер Айгерім Құсбекқызы «Спорт саласының үздігі» атанса, бірқатар білікті мамандар мен жаттықтырушылар Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының Алғыс хаттарына ие болды.
Еңбегі еленген мекемелердің ішінде Қарасай ауданындағы №1 және №2 спорт мектептерінің де жетістіктерін ерекше айтуға болады. Мәселен, Қарасай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі қазақ күрестен жаттықтырушы Раиса Нургазиева «Үздік жаттықтырушы» төсбелгісімен марапатталса, аталған спорт мектебінің директоры Абзал Жұмабаев пен оның орынбасары Жарасхан Айымқұлов «Спорт саласының үздігі» атанды. Ал №2 спорт кешенінің біраз жаттықтырушыларына Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының Алғыс хаттары берілді.
Салтанатты шарада «Үздік жаттықтыру» номинациясын алған азаматтар да болды. Бұл марапаттың иелері – «Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы» Алматы облыстық филиалының басшысы Бекжан Сүнбеков пен ««Жігер М» мүгедек спортшылар федерациясының президенті Тажиғали Ходжамуратов.
Әр ауданның үздіктері жиналған басқосуда қарасайлық спортшылардың осы салада жеткен жетістіктері ескерілді. Әлемдік ареаналарда ауданның ғана емес, Қазақстанның намысын қорғап жүрген Рысбек Мақсұтов пен Диана Певцова сынды ел мақтаныштары «Үздік спортшы» номинациясына ие болып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Қонаевтың төрінде құрметке бөленген қарасайлықтардың жемісті жеңістері, міне осындай. Үздіктерді шын жүректен құттықтаймыз! Әлі талай асуларды бағындырып, бақтары жана берсін дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Қарасай ауданы.