Еліміздегі кәсіби мерекелердің қатарынан табылатын әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтілуде. Бұл айтулы күн 2011 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен арнайы бекітілген болатын.
Дәл осы саланың серік еткен қызметкерлердің құрметіне орай бір апта бұрын Қонаев қаласында Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, әлеуметтік салада жұмыс істейтіндердің еңбектерін жоғары бағалап, барлығын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Табиғатта барлық жылу Күннен тараса, адамзатта жүректен тарайды. Сіздердің қоғам игілігі жолында кең пейіл, таза жүрек, адал ниетпен атқарып жатқан жұмыстарыңызға алғыс білдіреміз. Биыл Тәуелсіздіктің 31 жылдығы қарсаңында осы кәсіби мерекенің атап өтіле бастағанына он бір жыл толып отыр. Бұл – жауапкершілігі мол, ауыр салада аянбай еңбек етіп жүрген сіздерге деген мемлекетіміздің құрметі деп білемін», – деді алғашқы құттықтау сөзді алған өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Мерекелік басқосуға Әлеуметтік сала ардагерлері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудандық, қалалық жұмыспен қамту органдарының, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері және өкілдер қатысты.
Салтанатты шара барысында өңір басшысы Марат Елеусізұлы 15 әлеуметтік қызметкерге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хаттарын, «еңбек ардагері» медальдарын, «әлеуметтік-еңбек саласындағы үздік» төсбелгілерін және өз атынан Алғыс хаттарды табыс етті.
Облыс басшысының құрметіне ие болып, абыройы артқан аудандардың қатарында Қарасай да болды. Атап айтқанда, Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығы үздік деп танылып ақшалай сертификатқа ие болды. Бұл марапатты облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аталмыш мекеменің басшысы Эльмира Тасыроваға арнайы тапсырды.
Сонымен қатар бұл мерекелік жиында облыс басшысы Қарасай аудандық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Гаухар Ауғамбаеваға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Құрмет грамотасын табыс етіп, ыстық ықыласын білдірді.
Салтанатты шара мәдениет үйінің қамқоршылары мен әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламамен аяқталды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.