Ева Жигалинаның есімі әлеуметтік желіде кеңінен таралған. Орыс халқының этникалық тобына жататын «казак» қызының аттың құлағында ойнауы кімді болсын таңғалдыратыны анық.
Қаскелеңдік Еваның жылқыларға деген жақындығы балалық шағынан басталған. Бүгінде ол көкпарға қатысып, асау жылқыларды үйретумен айналысады. Осындай қабілетінің арқасында белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильміне түсіп, амазонкалардың рөлін сомдаған.
Әр ұлттың өзінде жазылмаған заңы бар десек, соның бірі – қазақ халқының көкпар ойынына әйелдерді араластырмауы. Дегенмен бұл қағиданы қарасайлық көкпаршы қыз жоққа шығарып, талай жігітті өзінің шаңына ілестірмеген кездері болған. Бұл оның ұлттық спортқа, өнерге деген қызығушылығы, құрметі деп түсіндік.
Ева Михаилқызының жылқыға деген құмарлығы аталарынан дарыған. Өз атасы Василий Жигалин мен нағашы атасы Петр Карнаухов – арғымақ өсірумен айналысқан жандар. Енді, міне, олардың немересі Ева олардың жолын жалғап, тек жылқы баптаумен ғана емес, олардың асауларын да қолға үйретуде.
Казак қызы Ева – Алматының тумасы. Бес жасында отбасымен бірге Қаскелең қаласына көшіп келген. Әкесі Михаил талай жылдан бері «Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» Ақсай филиалында орманшы болып жұмыс істейді. Анасы Зоя – үй шаруасындағы адам. Орнықты отбасында Евадан бөлек, Карина, Роза, Люба, Надежда, Леон, Зоя, Евгения, Илья есімді ұл-қыздар дүниеге келді. 9 құрсақ көтерген Зоя анамыз үй шаруасында болғандықтан, балаларының тәрбиесіне көп көңіл бөлген.
Отбасы мүшелерінде Евадан басқа, Каринаның, Любаның, Надяның, Зояның да жылқыға жақындықтары бар. Жалпы Еваның өзі жүйрік жануарды әуестенуді хобби ретінде санамайды. Керісінше оларды өмірінің мәні деп түсінеді.
– Алғаш атқа отырғанда жасым 10-да болды. Басында анам жылқыға әуестенуге қарсы болды, бірақ менің аттың үстінде емін-еркін қозғалатынымды көргенде бірден көңілі орнына түсті. Ал 15 жасымда көкпарға қатыса бастадым. Алдымен жігіттердің арасында болған жарыстарды бақылап, қарап жүрдім. Кейін өзімнің де осы тұлпарлардың тайталасына қатысқым келді. Бұл ретте жастарды осындай қазақтың ұлттық спортына баулыған марқұм Батыр Аманұлына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Ол кісі әр сенбі сайын орманда көкпар ұйымдастырып, бізді шынықтыратын еді, – деп Ева Жигалина балалық шағынан сыр шертіп, өткенді есіне алды.
Ал асау аттарды ырқына көндіруді оған Бекболат ауылындағы Тимур Державин үйреткен. Сонымен қатар көкпар ойынының қыр-сырын меңгеруге бала кездегі достары – Қайыржан Сүлейменов пен Айвар Азыхановтар кеңес беріпті. Кейін аттың жай-күйін жақсы түсінетін Ринат Ибрагимов сияқты басқа да жігіттер қолдау білдірген. Сайгүлікті серік еткен Ева қазақтың ұлттық ойынына қатысқанда осы аталған көкпаршылармен иық тірестіріп, беріспей, тең дәрежеде қарсыласқа сай қабілетін танытқан. Бәйге алаңына шыққанда шаштарын жинап, көзілдірік тағып, өзгелерден дара көрінбейін деп назарды аудартпауға тырысатын.
Қыз бейнесін қанша жасырғанмен Еваны уақыт өте келе ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Алматы облыстық ұлттық ат спорты клубының директоры Орынтай Әмірғалиев байқап қойған. Одан кейін атбегі ағамыз түрлі жарыстарға арнайы шақырып, оған барынша қолдау көрсетіпті. Қазіргі таңда Орынтай ағаның жолын оның ұлы Нұрым Қырғызбай жалғауда. Ол да үнемі Евадан көмегін аяған емес. Жан дүниесімен ұлттық ат спортын дамытуға, насихаттауға барын салуда.
Ева Жигалина ұлттық спортқа қатысқанда неше түрлі қызық жағдайларда кездескен. Солардың бірі жақында ғана орын алыпты. Әңгіме барысында оған қысқаша тоқталып өтті.
«27 наурыз күні, Қарасай ауданына қарасты Тұрар ауылында өтіп жатқан көкпар ойынында бір қызық жағдай орын алды. Тимур есімді блогер мені видеоға түсіріп, бұл ұлттық ойын тек ерлерге ғана арналған деп, қыз баласы ретінде маған көкпарға қатысуыма қарсылығын білдірді. Осы жайттардан кейін Нұрым Орынтайұлы маған қолдау қолдау білдіріп, былай деді: «Ева, егер сенің көкпарға қатысуыңа қарсы шыққандар болса, еш қысылмай Жамбыл ауданында өтетін ойындарға келіуіңе болады». Мұндай сынақтар мен арқапнан қағатындар қашанда рухты көтеретінін айтқым келеді. Бір қызығы, осы мен айтқан келеңсіз оқиға әлеуметтік желі арқылы жан-жаққа тарап кеткен. Одан кейін қыздардың көбі мені қолдап, жақсы пікірлерін қалдырып, тіпті, көкпар ойынына қызығушылығын білдірді. Демек менің жан рахатым үшін айналысып жатқаным басқалараға пайдалы әрі маңызды деп түсіндім. Ал мені қолдап жатқан нәзік жандарға айтарым, тек алға ұмтылып, аттың үстінде қорықпаңыздар дегім келеді. Өйткені тәжірибенің өзі төзімділік, сабырлық, табандылық арқылы қалыптасады», – деді казак қызы Ева білгенін айтып.
Шабандоз қыздың жоғарыда айтып кеткен оқиғасына көптің талқылауына ұшырағаны соншалық, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың өзі қолдау білдіріп, былай пікірін жеткізген: «Евамен сөйлестім, сәттілік тіледім. Ұлтық спорт әрдайым министрліктің назарында. Осы оқиғаға қатысты бір дүниені айтқым келеді. Қазақ әрдайым қызын ұлымен тең өсірген. Сондықтан әйелдер арасынан атақты өнерпаздар, шеберлер, тіпті, палуандар көптеп шыққан. Қажет болса, ел басына күн туғанда айымдарымыз атқа қонған. Арғысы Томирис пен Бопай ханымдар, кешегі Әлия мен Мәншүк сол батыр қыздар үрдісінің жалғасы. Қазіргідей дүние дөңгеленіп тұрған тұста бізге бір ұлт болып ұйысу аса маңызды. Осы ретте салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз – ұлтты біріктруші ұлы күш екенін естен шығармау керек. Жасампаз ел болу үшін жік боп бөліну емес, жұп болып бірігу қажет».
Еваның әркез жанынан табылатын ең жақын қолдаушылардың бірі – оның өмірлік жары Тельман Мусаев. Ол да жылқы десе ішкен асын жерге қоятын атбегілердің бірі десек болады. Олардың ерлі-зайыпты атанғандарына биыл 6 жыл толды. Бір қызығы Тельманның туған бауыры Расул – Еваның туған сіңілісі Надежданың өмірлік жары. Бір үйдің қос аруын жар еткен ағайындылар бажалар атануда. Осылайша қазақтар мен казактардың одағы үлкен ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуда.
Жолдасындай жақын болған жылқылар Ева Жигалина үшін жан қалауы болып табылатын ісі ғана емес, табыс көзіне де айналған. Құлындай кезінен қолға үйреткені үшін бүгінде ақша тауып, отбасын қаржы жағынан қамтып отыр. Одан бөлек ол асау аттарды баптайды. Жалпы айтқанда, жылқы өсіру Еваның кәсібі десек болады. Қолындағы жылқылары бүгінгі таңда Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромында байлаулы.
Қазақтың келіні Ева өзінің алғашқы сайгүлігін «Бүркіт» деп атаған. Одан кейін «Досайға» мінген. Қазір ол аздап қартайғанын, таулы жерде жайылып жүргенін айтады. «Барон», «Басмач», «Авангард» сияқты басқа да жүйріктері болыпты. Қазіргі таңда «Самсон» деп аталатын астындағы пырағымен көкпарларға қатысуда. Оны үш жасынан бастап қолға үйреткен. Екеуі үш жылдан бері бірге. Айтуынша, бұл арғымақтардың ішіндегі танк. Дегенмен Евамен жүргенде өзін нәзік сезінетін көрінеді.
«Көбісі дәл осы тұлпарымды сатшы дейді. Бірақ достар ешқашан сатылмайды. Сенесіз бе, аттың үстінде отырғанда өзімді қыран құстай сезінемін, ал көкпар ойнағанда суда жүзген балықтай болам. Бұрын-соңды болмаған толқуды сезінемін, ерекше күйге бөленемін. Бұл сезімдердің барлығы менің өмірімді бақытты, жарқын етеді», – дейді Ева аттарға деген адалдығын айтып.
«Ер қанаты – ат» дейміз-ау, десе де бұл нақыл сөздің Ева Жигалинаға қатысты емес екенін түсіндік. Ең бастысы жан қалауымен айналысқанға не жетсін! Міне, қазақтың келіні болып, ұлттық спортты дамытуға, дәріптеуге, көпке үлгі болып жүрген біз таныған Ева осындай.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.