Қыстың ызғары сезіліп, қар түскенде кезек күттірмейтін шаруаның бірі – жолды қардан уақытында тазалау. Жыл сайын назарға алынатын Қарасай ауданындағы бұл жауапты жұмысты биыл «Amanat Cleaning» деп аталатын мердігер мекеме атқарады.
Қарасай ауданының аумағындағы әлеуметтік маңызы бар автомобиль жолдардың жалпы ұзындығы 146 шақырымды құрайды. Ал жоғарыда аталған компания ауданға қарасты қала мен елді мекендердегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қысқы уақытта жолдарды күтіп ұстауға жауапты болады.
Мердігер мекеме тарапынан аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар жолдардың қарын тазалау үшін 10-нан астам арнайы техника және осы бағытта жұмыс істейтін қызметкерлер жұмылдыралады. Сонымен қатар 100 тонна тұз бен 400 тонна инертті болып табылатын көктайғаққа қарсы материалдар қарастырылған.
Қарасай ауданының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің мәліметіне сүйенсек, аудан аумағында қысқы мерзімде жол қауіпсіздігі үшін 20 уақытша жол белгілері орнатылу жоспарланған.
Айта кетейік, Қарасай ауданында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 1439 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар – 71 км, облыстық маңызы бар – 253 км, аудандық маңызы бар – 1115 км.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.