Ұлттық сананы өзгерту – еліміздің болашағын елеген азаматтардың алға қойған басты мақсаттарының бірі болуы тиіс.
Транспаренси Қазақстан — Транспаренси халықаралық ұйымының Ұлттық бөлімшесі. Мақсаты жеке азаматтардың, бизнес және мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің, Транспаренсидің қолдауымен Қазақстан Үкімет пен қоғамның ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жәрдемдесу.
Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі (ағылш. Corruption Perceptions Index, CPI) — талдаушылар мен кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін 100 балдық шкала бойынша бағалауды көрсететін әлем мемлекеттерінің жыл сайынғы рейтингі, мұнда 0 — бұл (сыбайлас жемқорлықтың ең жоғары деңгейі) 100-ге дейін (сыбайлас жемқорлықтың болмауы).
Коррупция деңгейінің елімізде тамырын жайып, орын алуы біздің антикоррупциялық мәдениетімізге тікелей байланысты. Қоғамның рухани өмірін, көз-қарастарын жаңғырту – тәуелсіздікті нығайту мен коррупцияны төмендету жолындағы маңызды шарт болып табылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей:«Сыбайлас жемқорлық-бұл терең әлеуметтік ауру. Біз оны тек жалпы күш-жігермен жеңе аламыз».
Сананы, ойлауды және құндылық белгілерін бір күнде өзгерту мүмкін емес. Коррупцияға қарсы күресте келесі кемшіліктерді атап өткен жөн:
- Дүниетанымдығымыздың төмен деңгейде болуы, яғни коррупциялық фактілерге немқұрайлы қарау. Бізде азаматтар тарапынан белсенділік және бақылау жоқ. Құқыққа қайшы коррупцияны жоюға қызығушылықтың болмауы.
- Мемлекеттік органдардағы қызметкерлерге, тура айтсақ билік өкілдеріне сенімсіздік. Мәселені «ақша немесе Бәке, Сәке» арқылы шешуге асығу.
Жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді алдын-алу үшін болашақ ұрпақты балабақша қабырғаларынан бастап тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау керек. Балабақшалардың баланы тұлға ретінде қалыптасуына, ақыл-ойы мен интелектуалдық қабілетін дамытуға, ар-ұятты қалыптастыруға үлкен әсері барын айтсақ болады. Алайда, коррупцияға қатысты елімізде балабақша бағдарламалары бақылауға алынбайды. Көбіне жас ұрпақ коррупцияның алғашқы көріністерімен мектепте, колледж бен университеттерде кездесіп, оның ел дамуындағы басты тежегіш екенін де түсінбейді. Ата-аналар балаларға дәл осы коррупцияның не екенін, оның қандай теріс салдарға әкеп соғатынын түсіндіріп айтпайды. Тіптен, кейбір ата-аналар «Балам, қорықпа. Шешеміз», — деп баланың санасын адастырады. Қоғамда өкінішке орай, байлыққа, онай ақшаға, сән-салтанатқа байланысты құндылықтар басым бола бастады.
Құқықтық тәрбие – баланың құқықтық тұрғыдан тәрбиесін қалыптастыру мақсатында баланың санасы мен әрекетіне мақсатты және жүйелі әсер ету, яғни мектепке дейінгі балалар мен кіші мектеп жасындағылардың терең және орнықты құқықтық білімдер мен сенімдердің болуы мен оларды қалыптастыру дәрежесімен сипатталатын, тұлғаның кешенді сапасын білдіреді, ал оны күнділікті тіршілікте іске асыру қоғам талаптарына сай келеді.
Ықпал ету әдістері. Бірінші кезекте имитациялық және іскерлік ойындар ұйымдастыру қажет, оның шеңберінде білім алушылар белгілі бір билік өкілеттіктеріне ие болып, оны ойын барысында іске асырады. Мазмұны бұл жастағы балаларға түсінікті болатын ойын ретінде әртүрлі кейіпкерлерді бейнелеуге болады. Осылайша мектеп жасына дейінгі және кіші мектеп жасындағы балалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімін қалыптастыру тиімділігі рухани тәрбиелеудің жалпы жүйесі аясында төмендегі жағдайларда іске асыру мүмкін болады:
– балаларға адам құқығының ізгілік мәнін, оның міндеттерін, әрекет нормалар мен қағидаларын терең сезінуге мүмкіндік беретін тәрбиенің әртүрлі құралдары мен әдістерінің кешенін пайдалану;
– балалар тобының ізгілік сезімдері мен сыйластық қатынастарын көрсетуді ынталандыратын ахуал жасау;
– педагогтар мен ата-аналардың тәрбиелік ұмтылыстарының сабақтастығын қамтамасыз ету.
Балалар өз-өзіне сенімді болу, өзін-өзі сыйлау және басқаларды құрметтеу тұрғысынан тәрбиеленуі тиіс. Әрбір бала өзіне қажетті жағдайда жеңіл қолдана алатын өз құқықтарын, міндетін білуге тиіс.
Қорытындылай келе, антикоррупциялық мәдениет негіздерін қалыптастыру халықты біріктіретін, бір мақсатқа жұмылдыратын, тұтастыққа негізделген, қоғам дамуында шешуші рөлге ие қозғаушы күш деген тұжырымға келсе болады. Бүгінгі бүлдіршін балалар – ертеңгі еліміздің болашағы.
А.Ахметова,
Алматы облысы Қарасай аудандық сотының судьясы.