1-ақпан – «Халықаралық Орамал» күніне орай «Анаға құрмет» музейінде ерекше мәдени шара өтті.«Анамнан қалған ақ жаулық» атты мерекелік басқосуда әртүрлі ұлт пен ұлысқа ортақ орамалдардың шығу тарихы жайлы сөз болып, көне орамалдар көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, батыр аналар, қолөнер шеберлері, сондай-ақ, «Құрмет» орденінің иегері, «Анаға құрмет» музейінің негізін қалаушы Бақыт Жатқанбайқызы қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қабылданған, «Дәстүр мен ғұрып» жобасын іске асыру мақсатында, ұйымдастырылған іс-шарада «Анаға құрмет» музейінің ғылыми қызметкері, этнограф Сұлтан Тілек жаулық сөзінің шығу тарихына тоқталып, өз заманында аналарымыздың басынан түспеген ерекше орамалдар мен кимешектер туралы қызықты ақпараттармен бөлісті. – Адамзатпен бірге жасасып келе жатқан орамалдың тарихы әріден басталады. Қытай мен Парсы жазба деректерінде ертедегі сақ және массагет тайпаларының әйелдері бастарына шалма тәрізді орауыштарды орағандығы туралы айтылған, – дей келе этнограф өзінің жеке орамалдар коллекциясымен таныстырды.
Сондай-ақ, қонақтар өздерімен бірге ала келген отбасылық жаулықтарын көпшілік назарына ұсынды. Бұдан әрі «Анамнан қалған ақ жаулық» жаулықтар байқауы өтіп, нәтижесінде қазылардың көңілінен шыққан төрт орамал иесіне арнайы сыйлықтар берілді. «Күлиман ана» атындағы сыйлыққа қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызының әжесінің кимешегі лайық деп табылса, «Салима ана» сыйлығы Иманғазива Мирашқа бұйырды. Ал «Әйімжамал ана» атындағы сыйлық Қаламова Гүлжамалдың қанжығасына ілінсе, «Анаға құрмет» музейінің арнайы сыйлығына Күмісхан Малдыбайқызы ие болды. Мерекелік жиын соңы Қарасай ауданы Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Назерке АБЗАЛ,
музейдің қор сақтаушысы.