Өкінішке орай, елімізде жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі аналардың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайы өте жақсы деп айту қиындау. Алайда оларды қолдайтын түрлі ұйымдардың қатары аз емес. Бұл бір жағынан береке-бірліктің, мейірімділіктің белгісі десек артық айтқандық болмас. Осындай қоғамдық қордың арасында ауданымызда былтыр ғана құрылған «Қарасай ана жүрегі» бар.
Аталмыш қоғамдық қор жақында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бір жылдығын атап өтіп, Жамбыл ауылындағы мектепаралық оқу-өнідірстік комбинатының алаңында мерекелік шара ұйымдастырды. Оған Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, Қарасай ауданының прокуроры Жәнібек Жақаев, Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркімбаева және Жамбыл ауылдық округінің әкімі Еламан Өмербаев арнайы қатысты.
Алдымен құрметті қонақтар Жамбыл ауылындағы мектепаралық оқу-өнідірстік комбинатында аталмыш қоғамдық қордың жұмыс бөлмесімен танысып, мұндағы аналардың бір жылда атқарған істерімен, қайырымдылық бастамаларынан хабардар болды. Ұйымның бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстарымен қор құрылтайшысының төрағасы Назира Алибаева мен қордың директоры Әлия Даниярова таныстырып, келешекте жүзеге асырылатын жобаларымен де бөлісті.
Осыдан кейін «Қарасай ана жүрегі» қоғамдық қорының бір жылдығына орай мектеп ауласында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оған жоғарыда атап өткен меймандар қатысып, ақ тілектерін білдіріп, мұндай ұйымдардың жұмысы қоғамда қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Әрбірі мүмкінідігінше қолдау білдіретінін айтып, қордың алдағы ісіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Назира Таласбайқызы өзі де келген қонақтарға деген ыстық ықыласын жеткізді. Әрбіріне құрмет көрсетіп, қордың жұмысына қолдау білдіргеніне алғысын білдіріп, сый-сияпат табыстады. Мерекелік шарада ауданның өнерлі жастары ән айтып, би билеп, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, «Қарасай ана жүрегі» қоғамдық қоры өткен жылы құрылып, жұмысын бастаған. Бүгінде ұйымға 2000-нан астам ана тіркелген. Олардың ішінде көпбалалы, жалғызбасты, мүгедек бала асыраушылар, мүмкіндігі шектеулі деген санатқа жататындар бар. Оларға қоғамдық қор өз тарапынан ақысыз психология, моральды тұрғысынан көмек көрсетеді. Сондай-ақ, қолөнерге баулып, тігін тігуді үйретіп, кәсіп бастауына қолдау білдіреді. Ал осындай курстық жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне қордың құрамында 18 маман барынша қол ұшын созып, аналардың жан-жақты дамуына қолғабыс етіп келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.