Қазіргі кезде ана тіліміздің қадір-қасиеті бұрынғыдан да арта түсуде. Оның өміріміздің қай саласында да қолданылу аясы кеңіп, мерейі өсіп, мәртебесі көтерілуде. Ең сүйсінерлігі, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренушілердің саны күннен күнге артып отыр.
Солай болуы заңды да. Өйткені, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі жол-жобасы, жөн-қисыны Ата заңымызда – Қазақстан Республикасының Конституциясында анық жазылып, айқын көрсетілген.
Дегенмен, бүгінде қазақ тілі заңдылығының бұзыла бастағаны, сонымен қатар, дыбыс үндестігінің сақталмауы сияқты мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанымыз да жасырын емес.
Өткен жылы, яғни, 2019 жылы Алматы қаласындағы «Асыл кітап» баспасынан шыққан Еркін Омардың «Қазақ тілінің қадірін кетірмейік» атты мақалалар жинағы тура осындай жағдайға арналған екен.
Кітап авторы әртүрлі диалектілер, қазақ сөзін бұзып айту, шатастырылып қолданылатын сөздер, орыс сөзін қосып сөйлеу, тіл тазалығы, мақал-мәтелдердің бұрмалануы, жалғау, буынды түсіріп айту, адамның аты-жөнін дұрыс жазбау және тағы басқа осындай келеңсіз жайлар жайында жан-жақты жазып, олардың әрбіріне де нақты мысалдар келтірген. Сөйтіп, кейбір ана тілімізге одырая қараушыларды ұялтпақ болған!..
Елдің шынайы жанашыры Еркін Омар осылайша бұл кітабында өз ұлтына, оның тіліне деген шын құрметін білдірген. Егемен елімізде осындай азаматтардың барлығына қуанасың!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.