Жақында Қаскелең қаласында орналасқан Алматы облыстық қан орталығында «Қан тапсырып, үміт сыйлаңыз! Адам өмірін бірге сақтаймыз!» атты шара өтті. Адам өмірін өлімнен арашалап жүрген ерікті донорларға ризашылық білдіру мақсатында ұйымдастырылған шараға еріктілер, мекеме қызметкерлері арнайы қатысты.
Дүниежүзілік донор күніне орай ұйымдастырылған жиынды Алматы облыстық қан орталығының директоры Азамат Заиров ашып, барлық донорды және орталық қызметкерлерін құттықтап, олардың еңбектеріне алғысын білдірді.
—Құрметті донорлар, сіздердің арқаларыңызда Алматы облысының 15-ке жуық медициналық мекемесі қанмен қамтамасыз етіліп, жүздеген адамның өмірі аман қалуда. Сіздерге айтар алғысымыз шексіз – деді Азамат Ғабитұлы. Сондай-ақ аталған мекеме басшысының сөзінше, жол апаттары, күрделі оталар сияқты жағдайларда орталық донорларға қоңырау шалып, қан сұрағанда олар ешқашан көмектен бас тартпай, көмек қолын созып келеді.
Шара барысында 20-35 рет тұрақты түрде қан тапсырған еріктілер мен мекеме қызметкерлеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Орталықта қан тапсырушылардың бірі – Қаскелең қаласының тұрғыны Манарбек Әскербекұлы. Ол өз сөзінде қан тапсыру өзінің де, өзгенің де денсаулығы үшін пайдалы екенін айтты. Сол себепті осыған дейін орталықта 8 мәрте қан тапсырған. Ал Дилара Есжайқызы осыған дейін Ұзынағаш ауылынан 9 рет қан тапсыруға келген. Ол 4-5 айда бір рет қан орталығына келіп, игі іс жасауды әдетке айналдырған.
14 маусымға белгілінген Дүниежүзілік Донор күнінің тарихына тоқталсақ, дәл осы датаның таңдалуы қан тобын алғаш ашқан Карл Ландштейнердің туған күнімен байланысты. Ол иммунология саласында еңбегі үшін Нобель сыйлығын алған. Бұл күн 2004 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен аталып өтіледі. Сол бастаманың алаңына айналған Алматы облыстық қан орталығы – өңірдегі медициналық ұйымдарды қауіпсіз әрі сапалы қан компоненттерімен қамтамасыз етуді мақсат еткен маңызды стратегиялық мекеме.
Қазіргі облыстық қан орталығы заманауи технологиямен жабдықталған. Құрылған сәттен бастап жоғары деңгейдегі трансфузиологиялық орталыққа дейін үлкен даму жолынан өткен. Нақты айтқанда, 2000 жылдары жабдықтарды жаңғырту, донорларды және қан компоненттерін тіркеудің автоматтандырылған жүйесін енгізілген. 2010 жылдары халықаралық GMP және ISO стандарттарын енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру, донорлық базаны кеңейту жұмыстары қолға алынған. 2020-2025 жылдары процестерді цифрландыру, электрондық тіркеу жүйесіне көшу, трансфузиология саласындағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнаған.
Қан орталығының өркендеуі – бұл өңірдің медициналық инфрақұрылымының күшейе түсуінің айқын көрінісі. Қан тапсыру, шын мәнінде, тек бір адамның өмірін сақтап қалу ғана емес, ол бір қоғамның, бір елдің, денсаулығы мен дамуына қосылған маңызды қадам.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.