Ұлы Отан соғысы адамзат баласының жүрегіне жазылмас жара салғанын ешкім де ұмыта алмайды. Қан майданда қасарыса жауға шапқан жауынгерлер ерлігі де ешқашан ұмытылмайды. Сойқанды соғыстың зардабы мен залалын басынан кешіп, қайғы мен қасіреттің қамытын киіп келе жатқан қаншама адамдар арамызда жүр десеңізші. Олардың бәрі де күллі халықтың қатарында жағадан алған жауға деген лағнеттері мен қаралы қарғыстарын әлі күнге дейін жаңбырдай жаудырып келеді. Сондай жабырқаған жандардың ішінде 80 жастың сеңгіріне шығып отырған біздің кейіпкеріміз, ардагер ақсақалымыз Амангелді Қосақбайұлы Толынбеков те бар. Енді сол кісі жайындағы әңгімемізді әрі қарай сабақтай түсейік.
Сол бір аласапыран соғыс өрті шарпығанда ес таппай қалған елдің тапырақтап, тығырыққа тірелгені тарих тарауларынан бізге бес саусақтай белгілі ғой. Ел басына күн туып жатқан сол бір сұрапылдың алғашқы күндерінен-ақ майданға алынып жатқан жауынгерлер арасынан Қосақбай кейінге шегеріліп қалды. Оның да өзіндік себебі жоқ емес еді. Ол онда сол кездегі Қаскелең ауданының Менжинский (қазіргі Батан) ауылындағы колхозда трактор айдайтын. Ауылдағы адамдардың кез келгені трактор жүргізе алмайды. Халықтың тыныштығын кетірген соғыс болса мынау.
Осыған байланысты тиісті орындар Қосақбайды майдан шебіне жібермей, оны осындағы әйелдерді қатаң қадағалап, трактор жүргізуге үйретуді мойнына жүктеп берді. Отан алдындағы бұл тапсырманы ол жауапкершілік тұрғысынан тап-тұйнақтай орындап жүрді. Бір күні 1943 жылдың 6-шы тамызында оны аяқ астынан майдан даласына алып кеткен. Бұл қайнап жатқан соғыстың үшінші жылы болатын. Осы уақытта оның соғысқа кеткен Ахат ағасы ауыр жарақат алып, ауылға табан тіреп, қолынан келетін жұмыстарға қолғабысын көрсетіп жүрген. Әкесі майданға аттанғаннан кейін көп уақыт өтпей 1943 жылдың 10-шы қарашасында Амангелді дүние есігін ашқан. Әкесі мен баласының орайласа өрбіген осынау қуанышын ауыл жұртшылығы жақсылық ырымға балаудан танбайды.
Бірақ халықтың басына төнген қатерден Толынбек әулеті де шеттеп қала алмады. Отбасы орасан сағынышпен, ортаймас үмітпен күткен ақорданың алтын қазығы Қосақбай әкелері оралмады. Оның артынан қаншама іздеу салса да мүлдем хабар-ошар болмады. Өзінің айтқанындай, сонда 3 жасында ақыл-есі кірген Амангелді үшін әкенің орны толмастай болып, үңірейіп тұрды. Ол дүниеге келгенде қаумалаған қалың ел бір ауыздан: «Біздің маңдайымызға әкесі Қосақбайдың соғыстан аман-есен келуін жазсын. Сондықтан бұл баласының атын – Амангелді қояйық» деп оның атын осылай атапты. Бірақ тағдырдың жазғанына не шара?! Әкесі қан майданның төрінен келмеді. Бұл аяулы әкенің аялы алақанының шапағаты мен мейірім шуағына шомылмаған Амангелдінің жүрегіне беріштей болып қатып қалды.
«Басқа түскен баспақшыл» демекші, соғыстың салған әлегімен келген ауыртпашылық атаулыны үйелмелі-сүйелмелі отбасының көтеруіне де тура келді. Олай дейтініміз, соғыстан кейінгі қырықыншы жылдардың орта шенінен бастап, елуінші жылдардың аяғына дейін де, әрі қарай да оңалып, орнына келген дүние бола қойған жоқ. Қалың бұқара өлместің күнін кешіп, ілініп-салынып өмір сүріп жатты. Шарасыз күйде қалған аналары Күлбағила екінші рет ерге шығады. 26 жастағы оның бұл тірлігіне ешкім де сын айтып, мін таға алмады. Мұндай жағдайды сол уақытта жүздеген, мыңдаған келіншектердің бастарынан кешкенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бәрі де бала-шағасының қамы үшін жасалатын тірлік қой.
Жебеушісі жоқ жетімдіктің тірлігі кімге оңай соға қойсын. Тағдырынан таяныш таппай, қаншама таяқ жесе де жас бала Амангелдінің қайсарлығы мен қайтпас жігері бәріне көндігіп, еңсесін езіп жүрген енжарлықты да түк болмағандай ысырып тастады. Оның жағдайына қарап жатқан да ешкім бола қоймады. Мектеп табалдырығын да дер шағында аттай алмай қалды. Тума-туысының, жақын-жамағайынның босағасынан сығалап жүрген жетім баланы бір күні Шамалған ауылының басындағы Кебеже сайына өгей әкесі апарып тастап, колхоздың тана-тарпақтарын баққызды. Мұнда «аузыңды аққа бөктіреміз» деген ағайындардың айтқандары қайдан болсын. Оның үстіндегі киім-кешектері жырым-жырым болып, беті-басы мен қол-аяғы жарылып, кір-қожалақ күй кешіп жүргеніне бүйрегі бүлк ете қойған жан болмайды. Бұған зығырданы қанша қайнаса да оның қолынан түк келмейді.
– Мен сонда бейшаралық күйде қалғанымды қалай жасырайын. Елдің баласы олпылау-солпылау болса да мектепке барып жатты. Маған көмектесіп, қол ұшын берейін деген адамдардың қауқары шамалы. Ешқайсысының дәрмені жетпейді. Таудағы тана-тарпақтың соңында салпақтап мен жүрмін. Әйтеуір, қатарымнан қалғым келмеудің амалымен түбінде бір түпкілікті шешімге келдім-ау, – дейді Амангелді аға артта қалған балалық шағының бір үзік сәтін емірене есіне алып жатып.
Ол кісінің: «түпкілікті шешімге келдім», – деген сөзінің түп төркінінде айна-қатесіз ақиқат жатыр екен. Бармақтай бала болса да өмірге деген құштарлығы мен құмарлығы басымдау ол алған бетінен айнымайтын алғырлығымен көзге ұрып тұратын. Жаратылысы ма, әлде жетімдігінің салдары ма ардың-гүрдің жүрісімен, тұрған жерінде жан сырын жасырмай ашып-шашып тастайтын ақкөңілділігімен, айналасындағы адамдарды алаламай-бөлелемей шетінен дос санайтындығымен, алдындағы ала жіпті аттап өтпейтін адалдығымен, кінәраты жоқ кішпейілділігімен, айдай анық-қанық ашық мінез-құлқымен адам баласын өзіне қарай баурап алатын. Оның осы қасиеттері әлі де сол қалпында. Өзгеріп кетті деуге тұрарлық ештеңесі жоқ. Оның өн бойына имандылық пен ибадаттылық ұялап қалғанына шүбәсіз сенесіз. Бұған сіздердің онымен алғаш кездескен сәттеріңізде-ақ анық көзіңіз жете түседі.
Амангелдінің жаңағы жасаған шешімі оны таудан қашуға итермелейді. Соған бекем бел байлайды. «Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің» деген тәмсілді сенімді серік еткен ол дегеніне жеткен. Қоңыр күздің қазан айының бел ортасында тауды тастап қашып шығып, ауылына келіп, тума-туыстарын паналаған. Оқудың басталып кеткеніне де айдан аса уақыт болған. Оның үстіне мектеп жасынан екі жасы асып кеткен. Тоғыз жастағы оны мектеп қабылдай ма?! Қолында оқуға деген бірде-бір құжаты жоқ. Осыған тірелгенде оның шарадай басының шақ-шәлекейі шығып-ақ кетеді. Не де болса да бара жата көрермін деп, Жамбыл ауылындағы Қазақ ССР-і атындағы орта мектепке барған. Мектеп директоры да Құдайға қараған адам екен. Алдында сүмірейіп тұрған одан бар мән-жайға қаныққан соң, оның бар уәдесін алып тұрып, мектепке қабылдайды. Жетімдіктің сан-сапалақ жоқшылығы алқымынан алып жүрген ол қазіргі тілмен айтқанда, жетінші сыныпқа дейін әупірімдеп оқып шыққан.
«Ел құлағы елу» деген бекер айтылмапты. Сол жылы бәзбіреулердің аузынан: «Алматыдағы №12 мектеп-интернаты жетім балаларды оқуға кезексіз қабылдайды екен» деген жағымды, жақсы хабарды құлағы шалып қалады. «Мынау деген іздегенге сұраған ғой» деп қуанышы қойнына сыймайды. Оқу басталғанша әлі үш ай уақыт бар. Ол оған дейін шаруашылық жұмыстарына араласып, қажетіме жарарлық қаражат жинастырып алайын деп соның қамына кіріседі. Колхоздағы табылған қара жұмыс атаулыдан бас тартпай, барын салып, білек сыбана кірісіп кетеді. Бір жағы жұмысқа пісіп, бір жағы жап-жақсы ақша қаражатын алып, оның көңілі кәдімгідей марқайып қалады. Шешесіне, әкпесіне, қарындасына ақшалай жәрдемін жасап, көңілдерін бір көтеріп тастайды. Сонда олар өткен-кеткенінің бәрін ұмытып, шынайы ықыластарымен бір жасап қалып еді.
Өмірінде Амангелді Қосақбайұлының көңілінің көлдей шалқығаны осы шығар. Жаңа оқу жылының қарсаңында бір үміт, бір күдікпен Алматыдағы №12 мектеп-интернаты директорының алдына барғанында қатты қысылғанынан жылап жібергені әлі көз алдынан кетпейді. Орта жастардағы әйел адам мұны туған анасындай жылы шыраймен, жайма шуақ көңілмен қарсы алған. Оның басынан баяндаған әңгімесінің орта шеніне жетпей-ақ: «Айналайын, арғы жағын айтпай-ақ қой. Сен енді біздің мектеп-интернаттың оқушысысың. Бұдан былай бұл жерді өз үйіңдей көріп жүргін», – деп мектепт-интернаттың ішін өзі ертіп жүріп таныстырып шыққан. Кейіннен бұл мектеп директоры, атақ-даңқы Қазақстанға кеңінен жайылған, Социалистік Еңбек Ері Рафиха Нұртазина екенін білді. Сонда Амангелдінің қуаныштан кеудесі алақаптай болып, ауылына «аңғарбайдай» асқан ынтызар көңілмен қайтты. Сол сәт есіне түссе оның жүрегін әлі лүпіл қақтырады. Бұл оның балғын шағындағы бақытты күндерінің бірі еді…
Сол кездегі Алматыдағы жалғыз қазақ мектеп-интернатының табалдырығынан аттауы оның жансарайын жарқыратып ашып жібергенмен бірдей болды. Қаланың көз тоймайтын көрікті жерлері, мектеп айналасының магниттей өзіне тартып тұратын әсем де әдемі безендірілген көріністері жанарыңды еріксізден жаулап алады. Мұндағы көпбалалы отбасылардың, алыстағы шопандардың, жесірлердің балалары мен жетімдерге деген жағдай жан-жақты жасалынған екен. Уайымдайтын ештеңе жоқ. Тек мұндағы тәртіпке бағынып, сабағыңды оқи білсең болды. Осыны көрген Амангелді еркіндікке енді ғана жеткенін жақсы сезініп, директорға берген уәдесінің үдесінен шығу үшін аянып қалмайды. Ұстаздар мен тәрбиешілердің алдында ағаттық жасап алмау үшін шама-шарқына қарамай, бар пәрменімен тырысып бақты. Сабақта зейінділігімен, зеректігімен көзге түсіп үлгерді. Оның алғырлығы мен аса ұғымталдығына көп уақыт өтпей-ақ, мектеп-интернат ұжымының көздері жетті. Осылайша белсенді оқушылардың қатарына қосылған.
Ол сыныптастарынан екі жас үлкендігі бары есіне түсіп кеткенде ұят пен намыстан талай рет жарылып кете жаздағаны да бар. Амал не, соның өзіне де сары алтындай сабырлылық сақтай білді. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Ленин орденді ұстаз Әлия Дүйсенованың көрсеткен көмегімен, желеп-жебеуімен қазақ әдебиетіне деген аңсары ауып кеткен. Сол кісінің айтқан ақыл-кеңесімен біршама ақын-жазушылардың шығармаларын талғам таразысына сала отырып, оқып тастайды. Сол сияқты сынып жетекшісі, Қазақ ССР-і оқу-ағарту ісінің үздігі Сәуле Қабдолованың да жетімдік тақсыретін көп тартқан Амангелдіге деген жасаған жақсылықтары өте көп болыпты. Осы бір ұлағатты ұстазының сүйікті жары, әдебиеттің зерделі білгірі, академик Зейнолла Қабдолов екенін де жоғары сыныпқа жеткенде ғана естиді. Осынау Зейнолла Қабдолов сияқты тұғыры биік тұлға жайлы сыныптарында болған кездесуде жан-жақты мағлұмат алып, бір жасап қалғаны бар. Оның айтқан әңгімелері әлі санасында жаңғырып тұр. Қандай ғажайып адам еді десеңізші!
Амангелді өз сөзінде өміріне көп өзгеріс әкелген осы мектеп-интернат екенін жиі айтады. Расында да оның рухани жағынан жан-дүниесінің байюына осы білім ордасының тигізген ықпалы орасан екені ақиқат. Апта сайын оқушыларға қаланың көрікті жерлерін көрсетіп, театрларға, кинотеатрларға, спорт кешендеріне, мәдениет орталықтарына апаруы, серуендетуі олардың өмірге деген құштарлығы мен ынтызарлығын арттырып, саналарына сәуле құйып, көкірек көздерін оята түсетін. Осы жағын ол бүгінгі күннің өзінде үлкен мақтаныш көріп, тіліне тиек етіп жүр. Бәрі де жарасымды.
Сол уақытта, алпысыншы жылдары мектепте болған кездесу кештерінде қазақ әдебиетінің көрнекі көшбасшылары атанған Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповті, Әбдіжәміл Нүрпейісовті, Әлжапар Әбішевті, Тахауи Ахтановты, Бауыржан Момышұлын, Қасым Қайсеновті, Рақымжан Қошқарбаевты, Дихан Әбілевті, Әбу Сәрсенбаевты, Хамит Ерғалиевті, Ғафу Қайырбековті, Сырбай Мәуленовті, Жұбан Молдағалиевты және тағы басқа көптеген ақын-жазушыларды бетпе-бет, жүзбе-жүз көргенін, олардың ағынан ақтарыла айтқан әңгімелерінің мәні мен мазмұнына кезек бергенінде, оның керемет әңгіменің шебері екеніне таңдай қағып, тамсанып қаласың. Оған деген табиғаттың тартқан бір сыйы шығар деген тұжырымға тоқталасың.
Таудай талап иесі мектепте озат оқушы болуымен қатар, қоғамдық жұмыстардың да белсендісі болыпты. Бәрінен де оның спортқа деген икемділігі мен үйірсектігі көпшіліктің назарын бірден аударыпты. Өз бетімен ертеңгілік ұзаққа жүгіруі, уақытпен санаспай еркін күреспен және самбомен айналысуы, оның тынысын одан әрі аша түскендей болған. Оның осы бір қабілет-қарымын байқай білген жаттықтырушылары да оны айрықша бақылауға алып, баптау жағын келістіріп жіберген. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, 1961 жылы еркін күрестен болған жарысқа қатысып, алғаш рет Алматы қаласының чемпионы атанған. Бұдан кейін де болған жарыстарда жұлдызы жанып, жеңіс тұғырынан көрінген. Сөйтіп, мектеп-интернатының атағы мен абыр ойын аспандатқан.
– Мен жан сырымды қалай жасырайын. Жетімдіктің салдарынан мен жиі-жиі ауыратын болып қалдым. Бұл жағынан ешкімге де тіс жармадым. Барған сайын мазам кете бастағанда, біраз адамдар маған «өзің жақсы көретін спорт түрлерімен үзбей айналыса бергін. Бар ауыруыңды сонда ғана жеңесің» деді. Мен сол кісілердің осы сөзін дәтке қуат көріп, жүгірумен, еркін күреспен, самбомен айналысумен болдым. Өмірді көрген адамдар емес пе, олардың айтқаны келді. Жанымды қинап жүрген ауруымнан құлан-таза айығып, басқаша бетбұрысқа түстім. Осылайша 15 жыл спортпен шұғылдандым. Оның жемісі қол жеткізген жеңістерім болды, – дейді Амангелді ағамыз бір әңгімесінде.
1963 жылы мектепті бітіргеннен кейін бірге оқыған сыныптасы, көмейіне ән мен күй ұя салған Кенен Әзірбаевтің баласы Бақытжанмен КазГУ-дің журналистика факультетіне құжаттарын тапсырыпты. Екеуінің де армандары – журналист болу. Өкінішке орай, екеуінің де жолдары болмайды. Өйткені ол кезеңдерде журналистика факультетіне тапсыратын адамның еңбек өтілі екі жылдан кем емес болуы керек. Ал күні кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан оқушыда ондай өтіл қайдан болсын! Бүған бас ауыртқысы келмеген ол әскерге баруға бекем бел буады. Сөйтіп, Қырғызстанның Ош қаласындағы парашютпен секіретін десанттар ротасынан бір-ақ шыққан. Отан алдындағы үш жылдық борышын өтеуге сақадай-сай дайын болған. Жауынгерлік жауапкершілігін де жақсы сезінді ол.
Саптағы сарбаз ретінде нағыз сайыпқырандарша көзге түсіп жүрді. Ашық аспан төрінде парашютпен алуан түрлі жаттығулар жасауда да жүрек дауалай бермейтін іс-қимылдар көрсетіп, қатарластарынан оқ бойы озық орыннан көрінді. Сонымен қатар жауынгерлер арасынан ол еркін күрестен және самбодан жиі өтіп тұратын жарыстарға Ош қаласы, облыс, Қырғыз Республикасы атынан қалмай қатысып, олардың мерейін үстем етумен болды. Атап айтқанда, еркін күрестен «Қырғыз ССР-інің жеңімпазы», самбо күресінен «Қырғыз ССР-інің чемпионы» атақтарын жеңіп алды. Ол сонымен қатар көптен көксеп жүрген арманының ең бастысы – атақ атаулының төресі – «КСРО спорт шебері» атағын да иеленген. Ол осының бәрін мектеп қабырғасында жалықпай жасаған жаттығуының нәтижесі екенін айтады. Сарбаздық сапта жүріп, спорттағы жетістіктерінің арқасында ауылына айлық демалысқа барып қайтқанын да жасырмай жайып салды. Төгілген табан ет, маңдай тердің жанғаны деген осы шығар, сірә!
Азаматтық борышын өтегеннен кейін Амангелдінің Ош қаласындағы орыс тілі мен әдебиеті факультетінің студенті болып шығамын деген ой қаперіне де кірмеген еді. Бұған себепші болған осы институтта спорт кафедрасының жетекшісі болып жүрген алматылық Эдгар Брейш еді. Ол оған: «Аман, осында қалсаңшы. Алматыда оқуға түсе алмай қалсаң қайтесің? Мен саған көмектесемін. Сен Ошқа үйреніп қалдың ғой. Институтқа да ауадай қажетсің», – деп қолқа салған екен. Оның айтқаны тура келген. Ол оқуға түсіп кеткен. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен үлгерімі де ойдағыдай болған. Эдгардың: «Институтқа ауадай қажетсің», – деп айтқанының астары бар екен. Мұнда еркін күрес пен самбо күресінен жарысқа қатысатын адамдар жоқтың қасы болыпты.
Бұған ол бап келеді. Институт атынан жастар мен студенттердің «Буревестник» қоғамының оншақты рет жеңімпазы атанып, институт намысын шаң жуытпай қорғап шығыпты. Оқуын бітірер алдында өзімен бірге оқитын қырғыз қызы Буажармен көңілі жарасып, отбасын құрған. Буажарды сол кездің өзінде-ақ, қазақтар жағы Ажар деп ат қойып, солай атап кеткен. Ерлі-зайыпты ретінде екеуі институттың жолдамасымен Қырғыздың Науқат ауданының Қ.Жақыпов атындағы сегізжылдық мектебіне орналасқан. Осы жерде Ажар екеуі ұстаздар ұжымымен бірге туған бауырдай болып, арпа-көжедей араласқан. Олармен туған жеріне қайтарда қимай қоштасыпты. Көзі тірілерімен әлі де сыйласып тұрады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде туған ауылына келген екеуіне бірден мұғалімдік жұмыс та табыла қоймайды. Біраз қиындықтар көрген. Амангелді Қошмамбет, Жамбыл ауылдарындағы мектептерде диплом бойынша емес, дене тәрбиесі бойынша сабақ бере бастаған. Оған спорттағы чемпиондық атақтары басты құжат болып табылады. Ал Ажарға да диплом бойынша жұмыстың реті болмай, балабақшадағы тәрбиешілік жұмысты қанағат тұтқан.
Ол өзіне сенімді серік еткен еркін күрес пен самбодан тек Қошмамбет, Жамбыл, Батан ауылдарының ғана емес, сол кезеңдегі Қаскелең ауданының атағын да дүркіретіп шығарған. Зейнеткерлік жасына дейін осы бағытта табандылықпен еңбек етті. Өмірлік қосағы Ажар екеуі төрт балалы болып, оларға тәлім-тәрбиелерін беріп, жоғары білімді мамандар етіп өсірді. Қазір бәрі отбасылы. Белді қызметтерде жүр. Немерелері мен шөберелері шеттерінен ержетіп, бойжетіп келеді. Бәрі де аталары мен апаларының қас-қабақтарына қарайды. Бұдан артық бақыт бар ма? Ол екеуі осыны қанағат әрі салауат көреді.
Сексен жастың сеңгіріне шығып отырған Амангелді Қосақбайұлы Толынбеков қартайып барамын деп ойламайды. Қашанда қанына сіңген қарапайымдылығынан айнымай, кездескен жерде ағынан ақтарылып, қалбаң қағып жүреді. Жауырыны жерге тимеген түйе палуан екені оның ширақ қимылдағы жүріс-тұрысынан-ақ айқын көрініп тұр. Халық оны: «Амангелді – қайыспайтын қара нарға пара-пар», деп қалай дөп басып атап кеткен. Оның жетімдік тағдырын жеңуі мен еркін күрес пен самбодан жауырынының жер иіскемей өтуі қара нарға лайық емес пе?! Ол үйінде қарап жатпай, он жылдан бері Жамбыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы екенін айта кету керек. Қоғамдық негіздегі бұл жұмысын да өз деңгейінде мінсіз атқарып келеді. Оның таяуда 80 жылдық мерейтойына орай «Мен және менің ауылым» деген кітабы жарық көрді. Кітап аты айтып тұрғандай ауылымен қатар, өмірінің сан-салалы ағыстары жайлы ой толғайды. Кітаптың тартымдылығын оқып көрген адамның бірден білері анық. Онда шынайы өмір көріністері әңгімеленеді.
Амангелді Қосақбайұлының мерейтойы қарсаңында мерейі тағы да үстем болды. Қарасай ауданының өркендеуіне қосқан үлесі, елеулі еңбектері, игіліктің істің басы-қасында жүретін белсенділігі ескеріліп, 25 қазан – Республика күнінде «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» деген атқа лайық деп танылды. Ол кісінің осы жасқа келіп мұндай ыстық ықыласқа, ізгі ілтипатқа бөленуі орынды деп білеміз.
Жаны жайсаң, жарқылдап жүретін Аманкелді Қосақбайұлы Толынбеков сөз патшасы атанған Шерхан Мұртазаның: «Аш-жалаңаш болсақ та, сол бір балалық күнімді сағынамын», Сейдахмет Бердіқұловтың: «Спорт деген бір сиқыр» деп айтқан сөздерін әрдайым аузынан тастамай айтып жүреді. Ұлы тұлғалардың бұл айтқандары, оның басынан кешкендері. Жетімдік пен спорттағы өмірі де ол үшін сағынышқа айналып кетті. Қара нардай қайыспайтын бұл кісіге қалай риза болмассың…
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қаскелең қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы,Қазақ журналистикасының қайраткері, Алматы облысының
Құрметті азаматы.
Қарасай ауданы.