Бүгін аудандық Мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының XXXIХ есеп-беру сайлау конференциясы өтті. Делегаттар бас қосқан жиынға республикалық Саяси кеңес мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан мен «Аманат» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қуат Байғоджаев арнайы қатысты. Сонымен қатар, конференцияның жұмысына облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері де куә болды.
Партияның есеп-беру жиынында келесі мәселелер қаралды: «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2021-2022 жылдары атқарған жұмыстары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері, соның ішінде Сайлауалды бағдарламаларды іске асыру бойынша өңірлік жол карталарын іске асыру барысы туралы; «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалы Саяси кеңес және Саяси кеңес Бюро құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының XXXIІІ есеп беру-сайлау Конференциясына делегаттарды сайлау туралы.
Жоғарыда аталған үш мәселенің алғашқысына қатысты «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов баяндама оқып, аудандағы Саяси кеңестің алдағы міндеттерінен партияластарға таныстырды. Ал күн тәртібіндегі соңғы екі сұрақ делегаттардың қатысуымен дауысқа салынып, бір ауыздан қабылданды.
Конференция барысында С.Мәсімақынов, Ұ.Бархинова сияқты партия ардагерлері «АМАNAT» партиясының бүгінгі атқарып жатқан жұмыстары жайлы ойларын білдіріп, қоғамның талқылауында жүрген мәселеге аталмыш саяси ұйымның қалай ықпал етіп жатқанын тілге тиек етті.
Дәл сол сияқты халық қалаулысы Жанарбек Садықанұлы мен «АМАNАТ» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Сұлтанұлы партияның ықпалымен шешіліп жатқан мәселелерге тоқталды. Олар бұл партия биліктің емес, керісінше билікті жасақтауға себепкер болып жатқан саяси ұйым екенін жеткізді. Сондай-ақ партияның атқарып жатқан жұмыстарының біразына тоқталып, сөз соңында аудандық партия филиалының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Конференциядан кейін Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Жібек жолы ауылдық округіндегі «Алтын таға» ЖШС-нің және Жармұхамбет ауылындағы 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысымен танысты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.