Сапасы сын көтермеген «Алтын орда» базары маңындағы бас магистральды эстакадада күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 2 шілдесінен бастап «Алматы – Қаскелең» бағытын қамтитын көпір уақытша жабылды.
Былтыр жылдың соңында ғана пайдалануға берілген бұл жолайрықтың сапасына жүргізушілер бірнеше рет шағым түсіріп, әлеуметтік желі арқылы наразылықтарын білдірген болатын. Күре жолдың күтіміне жауапты «QazAvtoJol» ҰҚ АҚ темір тұлпарды тізгіндеген жандардың айтқанын ескерді ме, әлде тиісті атқарылатын жұмыс болғаннан ба екен, әйтеуір, қазіргі уақытта күндізгі және түнгі уақыттарда жолдың беткі қабатын тегістеуге кірісіп кетті. Аталмыш компанияның Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаровтың айтуынша, алдағы күндері тасжолдың беті толықтай сүріліп, қайтадан асфальтты бетон төселеді. Осылайша эстакаданың беткі қабаты мықты, сапасы бұрынғыдан жақсы болмақ. Сенімді сөзімен сендірген компания өкілінен жолдың неге бұлай қайтадан жөнделіп жатқанын сұрағанда, оның соңғы төсеніші асығыстан, уақытша үшін төселгенін айтты.
– Эстакаданың бір бағытта қатынайтын жолақтарындағы жөндеу жұмыстарын 15 шілдеге дейін бітіреміз. Одан кейін екінші жағына өтіп, оны да осылай тазалап, беткі қабатын мықты етіп жасаймыз. Өздеріңіз білетіндей, былтыр желтоқсан айында осы көпірді тез арада аяқтауымыз керек болған. Сол үшін көліктерге қолайлы болу үшін уақытша төсенішті жасадық. Бір жағынан ауа райы салқын болғандықтан, бірден қатуы қиын болды. Одан кейін 6 айдай уақыт өтті. Сапасы сын көтермей жатқаны сол. Енді беріктігі мықты, сапалы жол жасалады, – деп түсіндірді «QazAvtoJol» ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Нұржан Тоқтасынұлы.
Аталмыш компания өкілінің айтуынша, «СП «СИНЕ МИДАС СТРОЙ» ЖШС атқарып жатқан құрылыс жұмыстары сапалы болуы тиіс. Егер жолға қатысты шикілік туындап жатқанда өздері жауап береді. Алайда күре жолды қайта-қайта жөндеу жоспарда жоқ. Осы қарқынмен трассаға қатысты жоба одан әрі жалғасады. Яғни, «Қалқаман» жақтан Райымбек ауылының бұрылысына дейін асфальт салу, жолды кеңейту, оны арнайы бөліктер арқылы жолақтарға бөлу сияқты құрылыстар алдағы төрт айдың көлемінде аяқталуы мүмкін. Одан бөлек «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен шығатын көліктерге арналған аспалы көпір де биыл бітуі тиіс. Қазіргі уақытта тасжолдың бойында аяқсыз қалған істерді соңына дейін жеткізу үшін оларға қатысты сараптама жұмыстары жүргізілу үстінде. Содан кейін конкурс арқылы мердігер компания анықталып, құрылыстар жалғасады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.