Ауданымызға қарасты Іргелі ауылдық округінің аумағында орналасқан «Алтын Орда» базары осы уақытқа дейін көптеген заң бұзушылықтармен, ішінде орын алып жатқан әртүрлі былықтармен даудың ортасында жүретін. Бұған қоса жүргізілген тексерістерден кейін прокуратура базарда жер, табиғатты қорғау, өртке қарсы, салық, санитарлық-эпидемиологиялық, сәулет-құрылыс, еңбек, көші-қон, монополияға қарсы, ветеринария заңнамаларының бұзылғандығын анықтаған. Оның үстіне 2012 жылы ресми түрде тіркеліп, 10 жылға жуық жұмыс істеген базар басшылығы мемлекетке мүлдем салық төлемегені де мәлім болды. Белгілі болған мәліметтерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы ақпан айының 8-і күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді» – деп аталмыш сауда орнында тәртіп орнатуды тапсырған еді. Президенттің нақты тапсырмасынан кейін құзіретті органдар тарапынан бірқатар тексеріліс жүргізіліп, сәуір айының 13-і күні оның алдын ала қорытындысы белгілі болып, салық органдарының өкілдері 1,6 млрд теңгеге заң бұзушылықты анықтады.
27 сәуірде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Алтын Орда» базарында монополиялық жоғары баға белгіленетінін хабарлады. Ал, 22 шілдеде «Алтын Орда» базарына иелік ететін «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-не «монополиялық жоғары бағаны қолдану арқылы алынған 46 976 550 теңге көлеміндегі монополиялық кіріс тәркіленіп» 1,4 миллион теңге айыппұл салынғаны белгілі болды.
Жалпы табылған құқық бұзушылықтардан кейін сауда орнының басшылығы ауыстырылды. Бірақ бұл жерде туындаған бір мәселе бар. Нақтырақ айтқанда, сатушылардың көбі сол уақыттары салынып жатқан павильондағы сауда орындарын алу үшін бұрынғы әкімшілікке қомақты ақша төлеген, алайда ғимарат тұрғызылмаған, ал адамдар сауда алаңдарын ала алмай, ақшасынан айырылып қалған.
Алданып қалған саудагерлердің шағымынан кейін Алматы облысының полиция департаментінде қылмыстық іс қозғалып, «Алтын орда» базарының бұрынғы басшылары Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» жасады деген күдікпен Данияр Әбдіғапаровқа, Жұмадин Патовқа, Қанат Жақаевқа және Айдос Нұрқалиевке халықаралық іздеу жарияланды.
Қазіргі уақытта жоғарыда аталған тұлғаларды ұстап, Қарасай ауданының уақытша ұстау изоляторына орналастыру бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Алматы облысының прокуратурасы бұл қылмыстық іс өз бақылауында екенін айтты.
– «Қазіргі уақытта жоғарыда аталған адамдарды ұстауға және оларды Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алуға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Алынған нәтижелер туралы қосымша хабарланады. Сонымен қатар, бұл қылмыстық іс Алматы облысы прокуратурасының бақылауында», – деп атап өтті қадағалау органы өкілдері.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.