Тасжолдың бойында орналасқан «Алтын орда» базарына бұрынғыдай көлікпен емін-еркін кіріп-шығу деген енді жоқ. Сауда орталығының аумағында болу үшін шлагбауым қасындағы төлем жүйесі арқылы кіру ақысын төлеу керек. Одан бөлек сатушы мен тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылған.
Жалпы бұл жүйелі жұмыстың бастамасы базар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Осылайша Алматының іргесіндегі алып сауда орталығы заман талабына сай цифрландыру жүйесіне көшуде. Базар ішінде қолға алынып жатқан басқа да жұмыстар жайлы білу үшін жақында сауда орнына арнайы барып, «Алтын Орда» әмбебап сауда кешенінің баспасөз хатшысы Диана Мұхитқызымен тілдесіп қайтқан едік. Айтуынша, өткен жылдың тамыз айында базар аумағына автоматтандырылған тосқауыл, яғни шлагбаум қондырғыларын орналастыру бойынша тиісті компаниямен келісімшартқа қол қойылып, қыркүйек айынан бастап жұмыстар жүргізіле бастаған. Аталған жұмыстар желтоқсан айына дейін жүргізіліп, қаңтар айының басынан пайдаланушылар үйренуі үшін тест режимінде іске қосылған.
– «Алтын орда» нарығы қызметінің ашықтығы жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап «Алтын орда» базары аумағының 6 кіреберісінде QR-кодтары бар автоматты шлагбаумдар және павильондарда 6 POS-терминал орнатылды. Бұрын базарға келетін тұтынушылар мұндай шлагбауымды көрмегені анық. Кәдігмі QR- код арқылы базарға кіру ақысын төлейсіз. Уақыт аралығына сай кіру ақысының құны көрсетілген. Демек, бұдан былай көлеңкелі ақша айналымына жоқ. Бәрі ашық, айқын көрініп тұр. Ешкімнің қалтасына да кетпейді. Сіз төлеген азғантай ақшадан мемлекетке де салық түседі. Абонемент жасау жағы қарастырылуда, – дейді «Алтын Орда» ӘСК-нің баспасөз хатшысы Диана Мұхитқызы.
Қазіргі таңда базар аумағына 5 кіретін және 5 шығатын шлагбаум орнатылған. Жоғарыда айтып өткендей барлығы тест режимінде жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ базардағы қауіпсіздікті қадағау бойынша бейнекамералардың да орнатылып жатқанын айта кету керек. Олардың әрбірін сауда аумағының кез келген бұрышынан байқауға болады. Ал оның саны мен сапасы жөнінде бізбен тілдескен Диана Мұхитқызы түсіндірді.
– Тұтынушы мен қызметкердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында 300-ден аса камера орнату жүзеге асырылуда. Қазір базар іші мен аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бейнебақылау камералары кез келген бұрышта тұр. Әсіресе заманау бейнебақылау камералары адамды бет-жүзінен танып, орталыққа белгі жібере алады. Мұның бәрі сатушы мен тұтынушының қауіпсіздігі үшін орнатылған. Одан бөлек базар аумағында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің жұмысын және тұрақты жұмыс істеуін жеңілдету үшін бірінші және екінші сауда павильондарында тегін үздіксіз интернет және ауа баптау құрылғылары іске қосылды, – дейді дейді «Алтын Орда» ӘСК-нің баспасөз хатшысы.
Көпшілікке құлаққағыс ретінде тағы бір айта кететін жайт, бүгінгі таңда базардың арнайы ресми сайты да іске қосылған. Ресми дерекке сүйенсек, «Алтын Орда» базары қызметінің бағдарламалық жұмысын қамтамасыз ету бойынша «Sentel» ЖШС-мен базар туралы жалпы ақпарат, жаңалықтар лентасы, бос жұмыс орындары және тағы басқа ақпараттық web-сайтты құру бойынша шарт жасалды. Дәл осылай цифрландыру бойынша «altynordaresmi.kz» деп аталатын ақпараттық сайт әзірленіп, іске қосылды. Бұл платформа тұтынушыларға базар жұмысының бекітілген регламентімен, оның ішінде тәртібімен танысуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, сауда орындарын ұсыну, қызметтер көрсету, сондай-ақ жалдау шартының талаптары, базар басшылығы тарапынан жедел кері байланыс үшін онлайн-шағым беру мүмкіндігі қарастырылған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.