Қарасай ауданында қоғамдық көліктің қатары артуда. Өткен аптада тұрғындардың сұранысы бойынша «Алтын орда» базарынан Тұрар және Батан ауылдарына қатынайтын №6 мен №7 маршруттар ашылды.
Бұрын мұндай ауданішілік маршрут болмағандықтан, бұл жаңа автобустар тұрғындардың күнделікті жүрісін жеңілдетіп, өте қолайлы болмақ.
Автобустар алғаш жолға шыққан күні олардың жай-күйімен Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов пен аудан әкімі Жасұлан Естенов танысты. Заман талабына сай жабдықталған қоғамдық көліктердің қолайлығына, қауіпсіздігіне, сапасына көз жеткізіп, жүргізушілермен тілдесті.
Ермек Беғазыұлының сөзіне сүйенсек, қоғамдық көлік саласын дамыту бағытында жұмыстар жалғасады және жолаушылардың жайлылығы үшін көлік инфрақұрылымын жақсартуға басымдық берілмек.
Айта кетейік, жаңа ашылған маршруттарда электронды төлем жүйесі орнатылған. Сондай-ақ жол ақысын ұялы байланыс операторы арқылы SMS-хабарламамен, арнайы көлік карталарымен және екінші деңгейлі банк карталарымен төлеуге болады.
Іске қосылған автобустардың саны – 12. Оның жетеуі №6 «Тұрар – «Алтын орда» базары» бағытында, бесеуі №7 «Батан – «Алтын орда» базары» бойынша жүреді. Қоғамдық көліктердің халыққа қызмет көрсетуі таңғы 6:00 шамасында басталып, 21:00 уақытқа дейін жалғасады. Жүріс аралықтары 20 минутты қамтиды. Ал жолаушылар тасымалына әрі көлік қызметіне «Алматы облысының жолаушыларды тасымалдау компаниясы» жауапты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.