Аудан әкімінің қаулысы негізінде елді мекендердегі, көшелердегі реттілік пен күл-қоқыстардан тазартылу қатаң бақылауға алынғаны баршаңызға мәлім. Өткен аптаның сенбі күні біздің тілшілер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы мен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау бөлімдерімен бірге «Алтын орда» базары мен «Асыл арман» тұрғын-үй кешенінің кіре беріс маңын аралап, орнықтылық пен жинақтылық жағын бақылап қайтты.
Рейд жұмысы «Алтын орда» базарының маңындағы шағын дүкендер мен кафелерді аралаудан басталды. Ол жерде кейбіреуінің өзіне қарасты ауласы таза тұрса, екінші бірінде күл-қоқысқа толы, тіпті, арнайы тастайтын орны да жоғы белгілі болды. Алайда, бұл сауда нүкте иелерінің айтуынша, өздеріне қарасты ауланы күнделікті тазалайды екен. Бірақ, адам көп жүретін жер болғандықтан, оның ішінде тұрмыстық қалдықтарын бейберекет лақтырып кететіндердің кесірінен осындай лас күйге түсетін болып шықты. Мұндай жағдай «Асыл арман» тұрғын-үй кешенінің кіреберісінде де байқалды. Дүкендердің маңында кішкене үйілген қоқыс қалдықтары бар. Ол жердегі кәсіпкерлерге де тазалық жұмыстарының сақталуы өте маңызды екені айтылып, ескерту берілді. Алдағы уақытта бұл жәйт қайталанса, айыппұл салынатыны да жеткізілді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.