Шүкір, кереге таулы Кеген өңірінде «Мен кіммен мақтана аламын?» дейтіндей, немесе «Бізде мынадай бар, мынадай бар» деп атап айтып, көрсететіндей, бойына өнер тұнған жандар жетіп, артылады. Сондай жандардың бірі – Ақсай ауылында тұратын ұлағатты ұстаз, дизайнер, тігінші, он саусағы өнеріне толы ісмер де іскер нәзік жан Көнекбаева Айман Бірімқұлқызы. Ұлтын, тілін, салт-дәстүрін, қазақы қалпын сүйген асыл ана. Содан да болар, ол ұлттық киімнің шебері. Қолынан шыққан әрбір бұйымын ұлттық ою-өрнекпен ажарлайтын, әспетейтін жан. Шын мәнінде ,облыс орталығынан ең шалғай жатқан Кеген ауданы үшін өздерінің жақсылығы, игілігі, қуанышы, мерейлі жиын-тойы үшін ұлттық киім тіккізіп, дайындататын шеберді ат арылтып алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Сұраныс берсең таңдағаныңды, қалағаныңды, жаның сүйгенді тігіп, жасап, дайындап беретін ісмер ортамызда. Арамызда. Үлкен жолдың бойындағы Ақсай деп аталатын әдемі шағын ауылда тұрады. Осындағы ұядай жылы, ырыс-құтты шаңырақтың сүйкімді келіні, отанасы, ұрпағының анасы, алтындай немерелерінің қымбатты әжесі. Осындағы Ақсай орта мектебінің жоғары санатты ұлағатты ұстазы. Бойына біткен басты әрі өте жақсы қасиеттері – ізденімпаз, еңбекқор, жаңалықтың жаршысы. Уақытпен үндесе еңбек етіп, іс-әркет жасауды қалайтын ұлағатты ұстаз. Он саусағынан өнері моншақтай төгілген ісмер, ине мен жіптен, керекті маталарынан ұлттық киім, өзге де бұйым тігудің шебері әрі дизайнер – модельер.
Айман еңбек ететін Ақсай орта мектебінде арнайы болғанымызда, әдейілеп іздеп барып түтінін түтетіп отырған жып-жылы шаңырағына қадам басқанымызда жоғары санатты технология пәні мұғалімінің бұдан да бөлек көптеген төл еңбегінің, қолтаңбаларының куәсі болдық. Романтикалық стилде, жаңа дизайндағы ұлттық киім, мектеп формаларын тігу – оның өнерлі он саусағынан төгілер игілікті дүниесінің бір парасы.Заманауи ісмер жанның түрлі моншақ, ши тағы да басқа заттардан өрнектеген, кестелеген, салған, жасаған суреттерінің өзі айшықты, ажарлы ауқымды бір көрменің жүгін көтеріп тұр. Мұқағалидың «Сарыжайлау» атты өлеңіне жасалған туындысын түрлі-түсті жіппен кестелеген. Жапсырмамен жасаған ыдыстағы гүлді көрдік. Майда моншақтардан жасалған гүлдер қандай, тамаша?! Аққу өрнектелген әдемі қоржындар да қамшы салдырмас шынайы шебердің қолтаңбасы. Құрақ көрпелер көз жауын алады. Айманның шәкірттерінің қолынан шыққан дүниелерінің өзі бір төбе.
Іс тігіудің, бұйым жасаудың жүз түрлі сырын, мың түрлі қырын үйреніп, меңгеріп алған Айманның игілікті шаруалары, көз қуантарлары мұнымен бітпейді. Заманға лайықтала салынған жаңа үйлер мен өзге де әлеуметтік нысандардың, халыққа арналған іргелі шаңырақтардың сәні мен салтанатын асырып, мерекесі мен берекесін кіргізіп жататын жаңа дизайында терезе, есік, сахна перделерін тігумен, жасаумен де айналысады. Жас жұбайлардың, жас отау иелерінің шымылдығын тігіп береді. Қарап тұрсаң, осының бәрі игілік. Ұлттық нақышпен безендірілген кез келген дүние, бұйым қуантпай қоймайды.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл», – демекші, Айманның болашағынан үміт күткен шәкірттері мол. Өзінің қызы Жанерке Иемберген биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінен 2 орын алып, республикаға жолдама алды. Республикалық «Дарын» ғылыми жобалар конкурсы Тараз қаласында наурыздың 27 жұлдызында басталады. Айман бүгінде 17 оқушыға қолданбалы өнерді үйретуде. Балғын ісмерлер, дарынды шәкірттер көрінеді. Бәрекелді! Реті келгенде, Аружан Ирғабыл, Айдана Шәміл, Ақнұр Талғат, Ботакөз Қырғызбай, Алуа Карим, Захан Мерей, Алина Ақылбай, Динара Әскербай, Айьота Сабырдан, Іңкар Мұқан, Әсия Әнуар, Зарина Алмабек, Ақерке Амантай, Ақмарал Жұмақадыр, Алана Оразхан, Нұрай Шаздан секілді өнерлі шәкірттерін айтуға болады. Кішкентай ісмерлер болашақ Айман апайларындай тігін, дизайнер өнерінің шынайы шеберлері болатыны даусыз. Алана Оразақын мен Нұрай Шаздан атты шәкірттері биылғы ақпан айында Қонаев қаласында өткен облыстық Әбіш Кекілбаев оқуларында «Иллюстрациялық сурет» бағыты бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Биылғы оқу жылындағы жақсы жаңалық Гүлназ Айтуғанқызы басшылық жасайтын Кеген өнер мектебі Ақсай орта мектебінен өздерінің филиалын ашты. Бұл үшін Айманның аталған мектеп басшылығына айтар алғысы мол. Айман мектептегі 11 сыныптың жетекшісі. 5 сыныптан бастап алған оқушыларының ішінен 9 сыныптан кейін 6 оқушысы грантпен колледжге оқуға түсіп кетті. Қазіргі 11 оқушының екеуі «Алтын белгі, 3 түлегі үздік аттестаттан үміткер көрінеді. Бәрекелді!
Айманның жұбайы Жұмағали Теңгебаев та Ақсай орта мектебінің ұлағатты ұстазы. Екеуі мынау жарық дүниеге Ерасыл, Назерке, Елдос, Жанерке атты ұл-қыздарын әкеліп, қанаттандырып жатқан жайлары бар. Мөлдірдей алтын келіндерінен Әлихан, Айсұлтан атты немерелерін сүйіп отыр. Ерасыл бүгінде АЖК-да энергетика саласы бойынша жұмыс істейді. Қызы Назерке қызы мен күйеу балалары мұғалім болып еңбек етеді. Елдостай ұлдары Бесағаш ауылындағы орта мектепте математика пәнінен дәріс береді. Кенже қызы Жанерке 10 сыныпта оқиды. Біз сөз еткен он саусағы өнеріне толы заманауи ісмер де іскер Аймандай алтын қолды нәзік жанның жақсы күндері, шуақты сәттері әлі алда. Соған қуанамыз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Кеген ауданы.