Өмір өткелдерінің қай кезеңін алып қарасақ та бәрі де елеулі есте қалатындай, санаға сілкініс сыйлайтындай, жастығың сағымға айналып, өткен күннің белгісі алыстап, қимас кезеңге айналады. Солардың арасында ағалық ақылға жақындап, кемеңгерлікке аяқ бастыратын 60 жастың орны мүлдем бөлек. Мұндай ақсақалдық мерейлі шаққа өтудің де өз бақыты бар. Себебі өткенге көз тастап, ғұмырыңның қаншалықты ғибратты болғанын, кімнің алыс, кімнің жақын екенін түсінесің. Сондықтан 60 жастың ардақты асу болуы өмір заңдылығы шығар.
Мерейлі жасқа жеткендер бүгінде «ел ағасы» деген абыройлы шақтан өтіп, ақылшы, ардақты азаматтардың қатарына қосылуда. Солардың арасында тақырыбымызға тұздық болып, қалам тербеуге себепкер жанның бірі – Дәулетжан Деменбаев. Ол да алпыс деген арғымаққа қарғып мініп, адам өмірінің асқар беліне шығып отыр. Оның 20 жылдан астам мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын және білім саласында атқарған жұмысын ауыз толтырып, айрықша атап өтуге болады.
Дәулетжан Деменбаевтың балдәурені Хан Тәңірі тауының етегінде өткен. Нарынқол ауданына қарасты Тұзкөл ауылында 1965 жылы кіндік қаны тамып, қарапайым отбасында тәрбиеленді. Оның әкесі Модин Деменбаев Қытай Халық Республикасында дүниеге келіп, осында ұстаздық қызмет еткен. Қазақстанға 1962 жылы қоныс аударып, колхозда жұмыс етіп, нағыз еңбекқор, қамбашы адам болған.
Дәулетжан ағаны бүгінде әкесінің атымен қоса атағанда немесе жазылғанда көбісі таңданыспен қарайды. Өйткені қазақта жоқ кісі есімін естігендер «қай ұлттың баласы?» деп ойланып жатады. Десе де «Модин» атануының да өз тарихы, сыры бар. Азан шақырып қойған шын аты – Мұхаммед болғанымен, жанама, бүркеншік есіммен жүруге тура келген. Өйткені өзіне дейінгі ағайындары бірінен соң бірі шетінеп, бақилық болған соң, ауыл ақсақалдары келесі ұрпақты тіл-көзден сақ болсын деген ниетпен ерекше есім беруді жөн көріпті. Сөйтіп, Дәулетжан ағаның әкесіне Модин деген есім берілген. Ол кісі Науатхан Құрманалиевамен отау құрған. Екеуі шаңырақтың шаттығына кенеліп, көпбалалы отбасыға айналды.
Біз сөз етіп отырған Дәулетжан Деменбаев – 9 ағайынның арасындағы үшінші бала. Үйдің үлкені, әпкесі – Союзхан болса, екіншісі – Садықжан. Дәулетжан ағаның өзінен кейін Құралай, Қарлыға есімді қарындастары бар.
Сондай-ақ Деменбаевтар отбасында Берік пен Серік есімді егіз ұл дүниеге келген. Өкінішке орай Серіктің ғұмыр жасы бір жылға жетпеді. Одан кейін Динара есімді қыз өмірге келді. Ал үйдің кенжесі Клара 7 жасында трактордың астында мерт болып, періште күйінде бақилыққа аттанды.
Бүгінде 9 ағайыннан қалған 7-еуінің әрбірі жан-жақта бақуатты ғұмыр кешуде. Дәулетжан Модинұлының аға-інілері өз алдына жеке-жеке отау құрса, әпке-қарындастары – қыз мұратына жеткен, қиясына ұшқан аяулы жандар. Өзінен үлкендері зейнеткер атанып, кішілері әр салада табысты еңбек етіп келеді.
Осындай әулетті ортада өсіп-өнген Дәулетжан Деменбаев Тәңір таудың төңірегіндегі Тұздыкөлде ержетті. Табиғаттың саф ауасын жұтып, балалық шағын осында асыр-салып өткізді. Туған жеріндегі 8 жылдық мектепті бітіріп, жоғары сыныпты аяқтау үшін Қаскелең қаласындағы мектеп-интернатта білім алды. Мұнда оған білікті ұстаз Баян Мұхаммедиярова жетекшілік етіп, дарынымен даралануына көп септігін тигізді.
Дәулетжан Деменбаев мектепті бітірген соң жоғары оқу орнында білім алу үшін бағын сынып көрді. Алдымен медициналық университетке тапсырып, емтихан кезінде орыс тілінен сүрінді. Кейінгі жылдары басқа оқу ордасына тапсырып, қайта талпынғанымен, ол да сәтсіз болды. Сөйтіп, Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында 1984 жылы Молдова елінің Тирасполь қаласына аттанды. Мұнда «63686» әскери бөлімінің автобатальонында жүргізуші, бөлім командирі болып, азаматтық міндетін өтеді. 1986 жылдың мамыр айында «сержант» шенімен елге оралды.
Ал осы жылдың қазан айында, кеңшілік заман болып тұрған шақта әскердегі спорттық қабілетін пайдаланып, Тұзкөлдегі өзі оқыған 8 жылдық мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасты. Осылайша оның алғашқы еңбек жолы басталды.
Ұстаздық міндетті бір жыл атқарған соң, 1987 жылы Алматы қаласындағы педагогикалық университеттің (қазіргі Абай атындағы) физика-математика факультетіне оқуға түсті. Бұл оқу ордасын екі жыл оқып, 1990 жылы 3 курс кезінде сыртқы бөлімге ауысты. Осы жылы өмірлік жары – Ұлбазар Қарынбаевамен шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге қадам басты. Сондай-ақ ол осы уақытта студент болып жүрсе де кезінде өзі түлеп ұшқан Қаскелеңдегі мектеп-интернатқа (қазіргі Абай атындағы мектеп-гимназия) дене шынықтыру пәнінен сабақ беру үшін жұмысқа кірді. Одан кейін аталған білім ошағында информатика пәнінің мұғалімі болып, бір жылдан кейін директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол кезде мектеп басшысы Мәрия Мұқанова еді. Дәулетжан ағаның айтуынша, Мәрия Хамзақызының тәлімгерлігі, көрегенділігі оның ұстаз ретінде шыңдалуына, оң мен солын ажыратып, тәжірибе алмасуына жол ашқан.
Айта кетейік, жоғарыда атап өткен Қаскелеңдегі білім ошағы аудандағы жалғыз мектеп-интернат болғандықтан, мұнда оқуға ниетті балалар көп болған. Әр өңірден келіп қана қоймай, шекаралас жатқан Қарақалпақстан елінен де оқушылар келіп оқыған. Алайда мектепке аудан бюджеті есебінен қаржы қарастырылғандықтан, оның деңгейі аудандық болуы қажет болды. Бұл шешімді облыстық әкімдік қабылдап, білім шаңырағын «орта мектеп» статусына ауыстырды. Сөйтіп, мұнда аудан аумағының жан-жағындағы елді мекендерден оқушылар келіп оқи бастады. Уақыт өте келе мектепте тереңдетіп оқытатын гимназия бағытындағы сыныптар ашылды. Білім сапасы артқан соң, оқушы саны көбейіп, үш ауысымдағы оқу жүйесі қалыптасты.
Дәл осы жағдай көпті алаңдатып, аудандық білім бөлімінің күн тәртібіндегі басты мәселенің біріне айналды. Оның түйіткілін шешуге аудандық білім бөлімінің басшысы Баян Әбдікерімқызы білек сыбана кірісті. Бұл ретте ұстаздар қауымының тарапынан Сейітхан Исаев пен Мәрия Мұқанова ұтымды ұсыныстарын да жеткізді. Соңында барлығы ақылдаса келе Пушкин мен Байжанов мектептерінің оқушыларын біріктіріп, бір ғимаратта оқыту туралы тоқтамға келді. Ал бұл ұсынысты жоғарыда аталған мұғалімдер аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Үсенбай Тастанбековке жеткізіп, оны аудан басшылығы арқылы шешіп беруін сұрады. Мұны естіген Үсенбай Бақтиярұлы бірден қолдап, оны аудан әкіміне жеткізуге уәде берді.
Осылайша, А.Байжанов атындағы орта мектеп қазақ сыныптарға арналып, 1999 жылдың оқу жылынан бастап қайтадан мектеп болып ашылды. Оған өзінің оқушыларын ерте келген Дәулетжен Модинұлы осы жылы аталған білім ұясына қызметке орналасып, директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болды. Аталған мектепте ол жан-жақтылығымен көзге түсіп, директоры Жомарт Сексенбаевтың сенім үдесінен шығып, жұмысты тиянақты атқарды. Оның осындай ізгі қасиеттері аудандық білім бөлімі тарапынан бағаланып, 2000 жылы лауазымдық қызметке тағайындалуына себепкер болды. Осылайша ол Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары ретінде жұмысқа кірісті.
Дәулетжан Модинұлының бұл жақта да іскерлігі, табандылығы, әдістемелік жұмыстары, оған жетекшілік етуі жақсы байқалды. Аудандық деңгейдегі білім саласының артуына едәуір еңбек сіңіріп, Баян Әбдікерімқызы, Ақлима Рахымбердіқызы сынды білікті жандардан көп нәрсе үйренді. Сонымен қатар облыстық бақылау комиссиясының құрамында болып, аудандардағы мектеп директорларының ұйымдастырушылық, басшылық міндеттеріне қатысты іскерліктерін тексерді. Біразын сынға алып, олқылықтарын анықтауға ықпал етті. Ал осындай нәтижелі жұмыстары облыстық білім басқармасының назарына ілікті. Осылайша аталған мемлекеттік мекеменің басшысы Тоққожа Естенов Дәулетжан ағаның еңбекқорлығын жоғары бағалады. Сондай-ақ жұмысқа деген жауапкершілігін ескере келе, 2005 жылы Ұйғыр аудандық білім және спорт бөлімі басшысының лауазымына тағайындады.
Қарасай жерінен таңсық ортаға сіңісіп кету жаңа бөлім басшысына оңай болмады. Халқының басым көпшілігі ұйғыр ұлтының өкілі болғандықтан, олардың басқа ауданнан келген қазақ баласымен ортақ тіл табысу қиынға соқты. Алайда Дәулетжан аға өзінің көпшіл, бауырмашыл қасиетімен жергілікті халықпен етене жақын араласты. Білім бөлімінің басшысы ретінде ұлттық идеологияны ұстанып, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқара білді. Аудандағы білім сапасына көңіл бөліп, кенжелеп қалған мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етті. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға күш салды. Одан бөлек мектептердегі қазақ сыныптарының ұлттық мәртебесін нығайтты. Мәселен, бұрындары «А», «Ә» деп алғашқы аталатын сыныптар тек ұйғыр тілінде білім алса, одан кейінгілер қазақша оқитын болған. Осы үрдісті Дәулетжан Деменбаев ретке келтіріп, алдымен мемлекеттік тілге басымдық беріп, бірінші қазақ тілді сыныптар алда тұруын қадағалады.
Дәулетжан Деменбаевтың бөлім басшысы ретінде атқарған жұмысы, ұқыптылығы, халықпен етене жақын болуы көзге көріне бастаған соң, оның қызметі жоғарылады. Анығын айтқанда, жауапкершіліктің жүгі одан сайын артып, бір жылдан кейін аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Әлеуметтік және идеология бағытына жетекшілік етіп, Ұйғыр ауданының әлеуетін арттыруға күш-жігерін аямады. Ел ықылысына бөленіп, мұндағы қызметі жылдан-жылға жалғаса берді. Ұлт пен ұлыстың бірлігі жарасқан мекенде табан аудармай әкім орынбасары ретінде 2006-2019 жылдар аралығында еңбек етті. Өз өтінішімен мемлекеттік қызметтен кетіп, Ұйғыр ауданымен қош айтысып, кезінде біраз жылдай еңбегін арнаған қасиетті Қарасай жеріне қоныс аударды.
Осы ауданға келіп, туған-туыстың жанынан табылып, басқа салада бағын сынауды жөн көрді. Бір-екі жыл үйдің шаруасымен айналысып, 2021 жылы «Алтын орда» базарында кадр бөлімінің басшысы болып жұмысқа орналасты. Аумағы кең сауда орталығындағы қызметкерлердің құжаттарын реттеп, әрбірінің кәсіптік біліктілігіне жауапты болды.
Дәулетжан аға жұмысқа тиянақты қарағанымен, сауданың ортасында өзін емін-еркін сезіне алмады. Өйткені 20 жылдай мемлекеттік қызметте істегені бәрібір жанына жақын болды. Ақыр аяғы «Алтын орда» базарындағы міндетін абыроймен атқарып, өз еркімен жұмыстан кетті. Сөйтіп, 2022 жылдың күз айында мемлекеттік қызметтің арнайы конкурсынан өтіп, ердің жасынан асса да еңбегін елге арнайын деп шешті. Сол жылдары Жібек жолы ауылдық округінің әкім аппаратында жетекші маманға бос жұмыс орны табылып, алдымен міндетін атқарушы ретінде қызметке орналасты. Одан кейін сол лауазымға тағайындалып, іскерлігі мен тәжірибесінің арқасында округ әкімінің орынбасары қызметіне лайық деп танылды.
Бүгінде Дәулетжан Модинұлының аталмыш әкімдіктегі орны бөлек. Әріптестерінің ортасында сый-құрметі жарасып, жергілікті тұрғындармен тіл табысы жақсы. Білікті әрі тәжірибелі мемлекеттік қызметші ретінде жастарға жол көрсетіп, округтің әлеуеті үшін қажыр-қайратын аяған емес. Айрықша атап өтерлік жұмыстарының бірі – округте 10 жылдай қордаланған ономастика мәселесі. Оның біржақты шешілуіне тікелей атсалысып, атауы жоқ көшелерді ретке келтірді. Одан бөлек зираттарды жабу мәселесімен айналысты. Жалпы айтқанда, Жібек жолы ауылдық округінің ішкі саяси ахуалын тұрақты ету жолында еселі еңбек етіп келеді.
Отбасына тоқталар болсақ, ардақты әкесі Модин Деменбаев 86 жастан асқан шағында бақилық болды. Жоғарыда атап өткендей, ол кісі кезінде колхозшы, қамбашы болумен қатар, атбегі атанып, жүйрік жаратуды жақсы көрген. Аузы дуалы ақсақал ретінде ел арасында батагөй атанған.
Ал анасы Науатхан Құрманалиева бүгінде 85 жасқа толып, әулеттің қазыналы қартына айналып отыр. Ұлағатты ұрпағының қызығын көріп, отбасының берекесін арттыруда.
Дәулетжан Модинұлының өмірлік жары – Ұлбазар Қалмаханқызы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Ынталы ауылында дүниеге келген. Бүгінгі таңда Қаскелең қаласындағы А.Байжанов атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарады.
Биыл екеуінің шаңырақ көтергеніне – 35 жыл. Қос ғашық сонау 90 жылы отау құрып, өмірдің ыстығы мен суығына бірге төзіп, өмір-өзеннің ағысымен бірге жүзіп келеді. Екі ұл тәрбиелеп, бүгінде оларды ұясына қондырса, жалғыз қызын қиясына ұшырған. Әрбірі белді мамандық иесі атанып, ел қатарлы еңбек етуде. Мәселен, Өркен атты ұлдары шекара қызметінде қырағылық танытады. Үйдің кенжесі Абай болса, логистика саласында жұмыс істейді. Қыздары Сәулет сүйікті келін атанып, жұбайымен бизнес бағытында кәсіпкерлікпен айналысады.
«Адам ақылымен қымбатты, ұрпағымен сымбатты» болатын болса, Дәулетжан ағамыз бен Ұлбазар әпкеміз – осы бір нақыл сөздің дәлелі. Бүгінде ұл-қыздарынан тараған үш немере мен үш жиенге ата-әже атанып, қызықтарына куә болуда.
Ағамыз жайлы қалам тербеген соң, оның өмірі мен еңбек жолын моншақтай тізіп жеткіздік деп ойлаймын. Енді бір ерекше атап айтар тұсы – ол кісінің бос уақытында айналысатын сүйікті ісі. Мәселен, гүлдерге қарап, оны күтіп-баптау Дәулетжан ағадай мемлекеттік қызметші үшін үйреншікті жағдай. Ерлер қауымы көп әуестене бермейтін мұндай қызығушылық екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Табиғаттың нәзік жаратылысына жаны жақын болуы да Дәулетжан ағаның ішкі жан дүниесінің сезімтал екенін аңғартады. Бәлкім, халықпен етене араласып, сабырлық тұрғысында қарым-қатынас орнатуы да осыдан шығар.
Қарапайымдылық қанына біткен Дәулетжан Модинұлының 40 жылдай еңбек өтілі болғанымен, осы уақытқа дейін марапатқа өз бетінше сұранып көрмеген. Кезінде облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болып, Ассамблеяның тарапынан талай еңбегі еленіпті. Одан бөлек ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында мерейтойлық медалін кеудесіне жарқырата таққаны бар. Қалған алғыстың бәрі – елдің ыстық ықыласы деп білеміз.
Әрбір адамның тұла бойында тамыр жайғаны арман бар болса, Дәулетжан ағаның да алпыстың асуындағы арманын өз құлағымызбен естідік.
«Алладан байлық сұрамаймын, тек қана абырой тілеймін. Ел алдында жүзім жарық болса екен», – деді кейіпкеріміз әңгіме барысында.
Дәл сол сияқты Дәулетжан ағамыз өмірінің әттеген-ай тұстарын да сөз етіп қалды. Ер азамат болған соң, сүріндіретін де, жігерлендіретін де сынақ бар екенін тілге тиек етті.
«Басыма сынақ түскенде менен теріс айналған адамдардың бар екенін де көрдім. Әсіресе, күнде көрісіп, сөйлесіп жүрген достарымның алыстағаны жаныма қатты батты. Ар алдында таза болғаным біреулерге, бәлкім, жақпаған шығар. Осындай сәтте іштей қынжылыс болатыны рас», – деп Дәулетжан Деменбаев өткен күнге де көз тастады.
Адамның жақсы адам болып қалыптасуы ата-ананың берген тәрбиесі болса, ал жақсы маман атануы, әрине, ұстазына байланысты. Дәулетжан Деменбаев – бұл тұрғыда бағы жанған азаматтардың бірі. Оның еңбек жолында білімді адамдар тәлімгерлік танытты.
«Мен өмірде төрт адамға ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Алдымен, әрине, мектеп қабырғасында ұстаздық еткен, одан кейін аудандық білім бөлімінде басшылықта болған Баян Әбдікерімқызына, Қаскелеңдегі мектеп-интернатын басқарған Мария Хамзақызына, аудандық білім бөлімінде бағыт-бағдар берген Ақлима Рақымбердіқызына ризашылығымды білдіргім келеді. Сондай-ақ менің мемлекеттік қызмет жолыма үлкен жол ашқан Тоққожа Естенұлына айрықша ықыласымды білдіргім келеді. Осы аталған жандардың арқасында мен өсіп-өндім, білікті маман болып қалыптастым. Оң-солымды танып, саясаттың сахнасында тәжірибе жинақтадым деуге болады», – деп Дәулетжан Модинұлы осылай риясыз ризашылығын жеткізуде.
Алғысын айтуды ұмытпайтын Дәулетжан ағаға өзі де ел алғысын арқалап жүре берсін деген тілегіміз бар. Оның біз сөз еткен өмір өткелдері мен қалтқысыз қызметі бүгінгі жастарға өнеге болады деген сенімдеміз.
Адам өмірінің асыл шағы – 60 жасыңыз жақсылықтарға қауыштырсын. Алпыстан асып түсіп, жетпестің жетегінде күліп-ойнап, сексеннен сүрінбей, тоқсанға тоқтамай жетіп, жүздің жасында жүзіңіз жарық болсын!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.