Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков пен Ескелді ауданының әкімі Рустам Али Алматы облысының үздік мемлекеттік қызметшілері болып танылды.
2022 жылдың 31 мамырында «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауының өңірлік деңгейінің екінші кезеңіне жіберілген 13 қатысушы өз жобаларын қорғады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 18 мамырында елімізде «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауы басталған еді. Құжаттарды қабылдау мерзімі 2022 жылғы 25 мамырға дейін болатын.
Облыс бойынша байқауға қатысуға 57 мемлекеттік қызметші ниет білдірді.
26 мамырда барлық қатысушыларға бір мезгілде кейстік тапсырма жолданды. Байқауға қатысушылар 23.59 сағаттан кешіктірмей, көлемі 500 сөзден аспайтын эссе және ұзақтығы 5 минуттан аспайтын бейне жауап ұсынды.
Кейстік тапсырманың шешімін бағалауды мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылар мен өзге де адамдардан құралған конкурстық комиссия мүшелері жүргізді.
Комиссия мүшелерінің бағалау нәтижелері бойынша Қаратал ауданының әкімі Исабеков Ерлан Шойұлы мен Ескелді ауданының әкімі Рустам Али ең жоғары балды жинағандардың қатарынан табылды.
Алдағы уақытта екі финалист республикалық деңгейде облыстың намысын қорғайтын болады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті.