Алматы облысының әкімі Қонаев қаласында шатыры жанып кеткен 2-шағын аудандағы №36 көпқабатты тұрғын үйді аралап көрді.
Ол 4-қабаттағы 23-пәтерге барып, 70 жастағы әжеймен сөйлесті.
«Ұйықтап жатқам, түнгі сағат 2-де оянып кеттім. Бірдеңе тарс-гүрс ете қалды. Пәтерді қою қара түтін басқан. Ескі тоңазытқыштың тогынан қысқа тұйықталу болған екен. Жатын бөлменің есігі ашық қалғаны жақсы болды, әйтпегенде, қайғылы жағдай орын алар еді. Біздің пәтерден шыққан өрт дем арада шатырға беттеп кетті», — деді әжей.
Тұрғынды тыңдаған Марат Сұлтанғазиев те өз пікірін білдірді.
«Өрт 1-қабаттан шыққанда, расымен де, жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін еді. Біз үшін жұрттың амандығы — ең басты құндылық. Пәтерді жөндеуге көмек көрсетеміз. Ол үшін заттарыңызды басқа жаққа көшіріңіздер», — деді облыс әкімі.
Үйді аралап шыққан өңір басшысы қала әкімімен, пәтер иелері кооперативінің басшысымен тілдесіп, тапсырма берді.
«Тұрғындардың барлығы газ баллонын пайдаланады. Бұл — өте қауіпті. Төтеншеліктер оқыс оқиға болған түні жоғары қабаттардағы 20 газ баллонын далаға шығарған. Қызыл жалын шыққан пәтерде де баллон болған. Қазіргі таңда магистралды газ құбыры тура үйдің жанында тұр екен. Пәтер иелерімен сөйлесіңіздер, жөндеу жүріп жатқан сәтте құбыр тартып, тұрғындарды көгілдір отынға қосайық. Сондай-ақ газға қосылу құнын бөліп төлеу мерзімін 1-1,5 жылға созуға көмек көрсетейік», — деді Марат Сұлтанғазиев.
4 қабатты үйде 70 пәтер бар. Онда 135 адам тұрады. Пәтерлердің жартысы жөндеуді қажет етеді.