Алматы облысының Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті өткен жылдың жұмыс қорытындыларын шығарды. Негізгі назар – адал емес бәсекелестікпен күрес, монополияларды шектеу және нарық қатысушыларының құқықтарын қорғауға бағытталды.
Жыл бойы департамент халықтың өміріне елеулі әсер ететін 13 тауар нарығына талдау жүргізді. Зерттелген салалардың қатарында – электр энергиясын бөлшек сату, сымды интернет қызметтері, мұнай өнімдерін сақтау, газ нарығы және мектепке дейінгі білім беру саласы бар. Талдау нәтижесінде нарықтың 35%-дан астамын иеленген доминантты компаниялар анықталды, бұл бәсекелестікті шектеу қаупін тудырады.
Мемлекеттің экономикаға араласуы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы департаментпен мемлекеттік кәсіпорындар құру және олардың қызметін кеңейту бойынша 14 өтініш хат қарастырылды. Оның ішінде 8 өтініш хат мақұлданды, ал 6 өтініш хатқа мемлекеттік құрылымдардың жеке бизнеспен бәсекелестігін болдырмау мақсатында бас тарту туралы шешім қабылданды.
Маңызды істердің бірі – «Altyn Orda New Company» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс жүргізу болды. Компания өзінің доминанттық жағдайын асыра пайдаланды деп танылып, 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, сондай-ақ 123 миллион теңгеден астам монополиялық табыс тәркіленді.
Департамент бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және нарық қатысушылары үшін тең жағдайлар жасау жұмыстарын жалғастырады. Превентивті шараларды енгізу, мемлекеттің бизнеске негізсіз араласуын шектеу және процестердің ашықтығын арттыру – аймақ экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы негізгі қадамдар болып табылады.