Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде еліміздің болашағы өскелең ұрпаққа қолдау көрсету керектігі жайлы айтып келеді. Осыдан екі жыл бұрын шыққан «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталған Жолдауында да Президент жастарға көмек ретінде Ұлттық қор табысының 50 пайызы балаларға аударылатындығы туралы айтқан еді. Соған сәйкес, 2023 жылдың 16 қарашасында Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР-ның Ұлттық қорынан балаларға ақша аудару туралы заңға қол қойды. Осылайша ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Аталмыш бастаманың негізгі мақсаты өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру болып табылады.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес 2024 жылдың ақпан айында 18 жасқа дейінгі қазақстандық балалардың шоттарына алғашқы несібелері де аударылып үлгерген. Бөлінген қаражат көлемі – 695 миллион доллар. Оның 30,6 млн АҚШ долларынан астамы бағдарламаның 18 жасқа 2024 жылы толатын 304 815 қатысушысының нысаналы жинақтау шоттарына жіберілді.
Жоғарыда келтірілген статистикалық деректерден нысаналы талаптарға қатысушы балалардың ең көп саны бойынша Түркістан облысы мен Алматы қаласынан кейін біздің Алматы облысы үшінші орында тұр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Қарасай аудандық филиалының мәліметіне сүйенсек, Алматы облысы бойынша барлығы 608 711 қатысушы тіркеліп, 61 187 630 АҚШ доллары көлеміндегі сома аударылған. Оның ішінде 18 жасқа ағымдағы жылы толатын 26 802 нысаналы жинақ алушылардың нысаналы жинақтау шоттарына 2 694 137,04 АҚШ доллары есептелді. Атап өтетін жәйт, Алматы облысы бойынша нысаналы жинақ қаржысын пайдалануға әлі бірде бір өтінім түспеген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, БЖЗҚ-дан нысаналы жинақ төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалануға болады.
Қажетті ақпарат ретінде айта кетейік. Талапқа сәйкес, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушылары ретінде 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2023 ж. туған еліміздің азаматтары болып есептелетін балалар тіркелді. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады.
Барлық балаға ҚР-ның Ұлттық қордан 100 АҚШ доллары 52 центі мөлшеріндегі бірдей сома аударылады. Бұл – тек алғашқы аударым. Жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, болашақта әрбір бала 18 жасқа толған кезде мақсатты жинақ сомасы қандай болатынын алдын ала біржақты есептеу мүмкін емес. Ол Ұлттық қордың жинақталған активтерінің көлеміне, оның тарихи табыстылығының нәтижелеріне және бағдарламаға қатысатын балалардың санына қарай айқындалатын болады.
Баланың бағдарламаға қатысу дерегі және оған есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе басқа заңды өкілдері баланың ЖСН бойынша тексере алады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысуға, нұсқаулықтар, қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болады. Сондай-ақ, әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәліметті ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетінен қарай алады. Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетінде, БЖЗҚ ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексерсе болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.