Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округінде бейберекет төгілген қалдықтардан заңсыз қоқыс алаңы пайда болған. Аталған аумақ – 40 мыңнан аса халқы бар елдімекенде, әрі Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) бойында орналасқан. Жол бойындағы ашық алаңға жергілікті тұрғындар ұзақ уақыт бойы қоқыс төгіп келген, соның салдарынан қоршаған ортаға зиян келтіретін заңсыз полигонға айналған.
Мәселенің алдын алу үшін «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілді. Шараға 70-тен астам адам қатысып, арнайы техника көмегімен 12 тоннадан астам тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды. Акцияға Қарасай ауданының жастары мен колледж волонтерлері де белсене қатысып, өңірдің тазалығына өз үлестерін қосты.
«Бұл аумақ тоғыз жолдың торабында орналасқан. Күн сайын мыңдаған көлік өтетін ҮАААЖ бойында осындай заңсыз полигонның пайда болуы – бәріміз үшін ұят. Бір ғана жерден 12 тонна қоқыс шықты – бұл жай ғана сенбіліктің мәселесі емес, бұл – сана мен тәртіптің мәселесі. Біз бүгін тазаладық. Бірақ егер әр адам өзінен бастамаса, мұндай жағдай қайталана береді», – деді партия мүшесі Бекжан Сүнбеков.
Акция барысында қатысушылар қоқыс тасталған аумақты толық тазалап қана қоймай, оны келешекте таза ұстауға арналған ұсыныстар да айтты. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларын орнату, құқық қорғау органдары мен қоғамдық кеңес тарапынан жүйелі қадағалау жүргізу туралы бастама көтерілді. Бұл ұсыныстар партиялық бақылау комиссиясының алдағы отырысында қаралатын болады.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының бастамасымен өтіп жатқан «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын жалғасады. Игі шара тек тазалықты емес, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздейді.