Жақында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен Жұмысшы мамандықтар жылына қатысты жиын өтті. Басқосу барысында Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Алматы облысында 2025 жылы өтетін Жұмысшы мамандықтар жылының іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарын насихаттау және олардың маңыздылығын арттыру мақсатында әзірленген.
Жұмысшы мамандықтар жылының ресми ашылуы «Адал еңбек – адал табыс» ұранымен 2025 жылғы 27 қаңтарда өтеді. Кампания аясында жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне арналған «Еңбек адамы» айдары бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы Марат Елеусізұлының сөзінше, бұл бастаманың маңызы жоғары.
«Жұмысшы мамандықтары – кез келген экономиканың негізі. Біз әрбір облыс тұрғынына лайықты білім алып, тұрақты жұмысқа орналасу үшін қажетті жағдай жасаймыз. Жұмысшы мамандықтар жылының жүзеге асырылуы еңбек мамандықтарының беделін арттырып, еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыруға септігін тигізеді», – деді облысы әкімі.
Кәсіпорындардың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы мақсатты дайындыққа 300 адам қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (200 студент) 50%-ға көп. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде 2024 жылы облыстағы еңбек ресурстарына қажеттілік 7724 адамды құрайтыны анықталған. Электрондық еңбек биржасында 1729 бос жұмыс орны бар.
Ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарына мыналар жатады: мұғалімдер, медбикелер, дәрігерлер, жүргізушілер, автослесарьлар, электр-газ дәнекерлеушілер және т.б.
2024 жылдың басынан бері жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасы арқылы 24 838 жұмысшыға сұранысын қанағаттандырды. Қысқа мерзімді оқытудан 624 адам өтті, оның ішінде 88 адам ауыл шаруашылығы бағытында білім алды (жалпы санының 14,1%-ы).
2025 жылы кәсіпорындардың сұранысы бойынша 700 адамды жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту жоспарланып отыр. Оның 600-і оқу ұйымдарында, 100-і тікелей жұмыс орындарында оқытылады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 320,4 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, құрылыс мамандығының беделін арттыру және жоғары оқу орындарының студенттерін осы саланың ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында Ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Құрылыс саласында ұрпақтан-ұрпаққа тәжірибе мен білім беріп келе жатқан еңбек әулеттеріне ерекше назар аударылады. Бұл отбасылық дәстүрлердің арнайы мамандықтардың дамуына қосатын үлесі атап көрсетілмек.
Жыл бойы кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Негізгі іс-шаралар қатарына Халықаралық «TaiQAZAN» байқауы, Қазақстан колледждерінің «ТОП 100 студент» жобасы, «WorldSkills Qonaev – 2025» чемпионаты, «НаурызFest» және «MamandyqFest» семинарлары мен фестивальдері кіреді.
Маңызды жобалардың бірі – жаңа мамандықтар атласын әзірлеу және колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету. Осы мақсаттарға бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді.
2024 жылы бұл жұмыс төрт мемлекеттік колледжде жүзеге асырылды, ал 2025 жылы тағы екі оқу орнында жалғасын табады.
Нарық сұранысына сәйкес, келесі жаңа мамандықтар ашу жоспарланған:
•«Гидротехникалық мелиорация»;
•«Лифт шаруашылығы және эскалаторлар»;
«Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе».
Алматы облысы өндірістік аймақ ретінде жұмысшы мамандықтарды дамытуға белсенді жағдай жасап келеді. Маман даярлау жұмыстары тұрақты бақылауда және 2025 жылы да жалғаса береді.
Жұмысшы мамандықтарды танымал ету экономика мен қоғам үшін ұзақ мерзімді тиімділікке ие. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарының құрылуына, еңбек нарығындағы тұрақтылыққа және жастардың әлеуетін ашуға ықпал етеді.
Алматы облысы елдің жетекші өңірлерінің бірі ретінде өз позициясын нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға дайын. Жұмысшы мамандықтар жылы жаңа жетістіктерге серпін беріп, экономиканың тұрақты дамуы мен өмір сүру сапасының артуына негіз болмақ.
Өз тілшіміз.