Қазақстан Республикасының Қаржы секторында салық органдарының қызметі ерекше. Мемлекет қазынасының толықтығы – жалақының және зейнетақының уақтылы төленуінің, балабақша, мектеп және аурухананың көптеп салынуының, қала мен ауылды сәулеттендіріп көркейтудің кепілі. Сондықтан «Салық – өркениетті және мәдениетті мемлекетте өмір сүрудің өтемі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Салық қызметінің басты мақсатының бірі, әрине, ең алдымен салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және салық қызметінің сапасын жоғарылату арқылы бюджеттік түсімнің молаюына ықпал ету.
Қарасай ауданы бойынша басқарма 2018 салық жылында өз тарихында алғаш рет 47 762 906 мың теңге түсіріп, рейтингтік көрсеткіштер нәтижесінде, Алматы облысы бойын ша Мемлекеттік кірістер басқармалары арасында 1-орынды иеленді. Осындай биік жеңіске жеткен Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасын жүлделі орнымен құттықтай отырып, басқарма басшысы Сауданбеков Айдын Тұрғанбекұлынан бірнеше сұраққа жауап беруін өтінген едік.
– Құрметті Айдын Тұрғанбекұлы, «Салық — экономиканың айнасы» деген сөз бар. Сұхбатымызды сіз басқарып отырған Мемлекеттік кірістер басқармасының өткен жылғы атқарған жұмыстарынан бастасақ.
– Еліміздегі күллі салық органдары сияқты біздің бүгінгі басты бағытымыз – салықтарды және міндетті төлемдерді әкімшілендіруді бақылауды күшейтудің нәтижесінде мемлекеттік бюджет түсімдерінің болжамды жоспарын толығымен орындау. Бұл үшін әкімшіліктендіруді жақсарта отырып қосымша резервті табу, экономикалық бақылау жұмысын жақсарту, бюджет алдында қарызы бар салық төлеуші-лермен және әрекетсіз салық төлеушілермен жұмыс жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізу шаруаларын жүзеге асыру қажет. Жұмысымыздың негізгі көрсеткіші де сол – түскен салық мөлшері. 2018 жылдың мемлекеттік бюджет түсімінің жоспары 101,6% орындалды, бекітілген 47 018 163 мың теңге, бюджетке түскені 47 762 906 мың теңге, жоспармен салыстырғанда 745 152 мың теңгеге артық. 2017 жылмен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, түскені 32 039 705,3 мың теңге, есепті 2018 жылы түскені 47 762 906 мың теңге, өткен жылмен салыстырғанда 15 723 200,7 мың теңге артық түсіп, өсу қарқынының 1,5 есеге артқанын көреміз.
– Мемлекеттік бюджеттің болжамды жоспарын орындауда және салық түсімдерінің жоғары қарқында өсуіне ықпал еткен не нәрсе? Мұндай жетістіктерге қалай қол жеткіздіңіздер?
– Осы орайда мына негізгі факторларды атап өтер едім. Жергілікті бюджетке, соның ішінде бейөндірістік төлемдерді ретке келтіру мақсатында ірі, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бақылау жұмыстары кең көлемде жүргізілді, соның ішінде, мейрамхана, ойын-сауық кешендері, демалыс орындары, көтерме-бөлшек сауда орындары, ТЖО-ы бар. Бақылау нәтижесінде жасырын қалған салық салу нысандары, соның ішінде «Таз Сервис» тойханасы бағаланбай мүлік салығы төленбегендігі анықталып, бағалау нәтижесінде тойхана 163,9 млн. теңгеге бағаланып, тиісті салығы өндіріліп алынды. Олардан қосымша салық сомалары өндірілді, жалпы 64 салық төлеушінің нысандары қайта бағалатуға жіберіліп, соның ішінде 40 нысан қайта бағаланып, қосымша 36,9 млн.тг. мүлік салығын бюджетке түсіруге қол жеткіздік. Камералдық бақылау қорытындысы бойынша да алшақтықтар айқындалып, жіберілген хабарламалар саны артты, тиісінше салық сомаларына есептер тапсырылды. 85 кәсіпкердің өткізген декларациясында кірісін нақ көрсетпегендіктері анықталып, олармен әңгімелесу-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қосымша 600 млн. теңгеден жоғары айналымға қосымша декларацияларын өткізіп, 18.0 млн. теңге жеке табыс, әлеуметтік салық түрінде салықтарын төледі. Сондай ақ, уәкілетті органдардан коммерциялақ нысандар бойынша анықтама алуымызға сауалнама жолдап, қуыну мерзімі өткен 357 салық төлеушіге хабарламалар жөнелтіліп, 54 салық төлеушіден қосымша салық есептілігі қабылданды, бұдан 11, 5 млн. теңге түсірдік. Жүргізілген бақылау, әкімшілендіру жұмыстардың қорытындысы бойынша бюджетке мүлік салығы бойынша қосымша 60,0 млн. тг. түсуін қамтамасыз еттік. Есепті кезеңде көлік салығын мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша сот орындаушыларымен бірге атқарылған жұмыстар да өз нәтижелерін берді. 2018 жылы 445,0 млн.теңге мәжбүрлі түрде берешектер өндіріліп алынды, соның ішінде 11,8 млн. теңге берешек қарыздарын өтемеген 15 автокөлік айып тұрағына қойылып, 7.2 млн. теңге өндірілді. Нәтижесінде көлік салығы бойынша, бұрынғы берешегі бар, жаңадан жыл бойы есептелгені бар, жеке тұлғалар бойынша берешектің сомасы 01.01.2018 жылғы 397,9 млн.теңгеден 01.01.2019 жылы 256,7млн.теңгені құрап жылды қорытындыладық.
– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне біршама өзгерістер енгізілгенін білеміз, осы заңға сәйкес, салынған айыппұлдардың толық өндірілуін қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Әкімшілік айып-пұлдардың толық өндірілуін қамтамасыз ету мақсатында сот және сот орындаушыларымен бірлесе тұрақты түрде жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, есепті кезеңде 6564 құқық бұзушылық анықталып, соның 5894-іне ескерту жарияланып, 670-і әкімшілік тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оларға 61,8 млн. теңге айыппұл салынып, оның өндірілгені 53,4 млн. теңге болады. Өндірілмеген сомалар мезгілі бітуіне орай сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жіберілуде.
– Қазіргі уақытта жер телімдері мен жылжымайтын мүлік, сондай-ақ, көлік салығы бойынша біршама проблемалы мәселелер бар екендігі де шындық, осы төңіректе өзіңіздің салаңызға қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Бұл мәселе төңірегінде атқарылар жұмыстар жетерлік, соның ішінде, ол жер телімдеріне түгендеу жұмыстарын жүргізудің және де өндірілмеген салықтарды өндіріп алу мәселесі дер едім. Бұл бағытта уәкілетті органдардың берген мәліметтерінің арасындағы айырмашылықтарды нақтылау нәтижесінде өндірілмеген қосымша 6532,3 мың теңге жер салығы түсті. Сондай-ақ, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылатын жылжымайтын мүлік нысандары – тойхана, дәмхана, дүкендерге түгендеу жұмыстары жүргізілгенде бағалау құны қазіргі нарықтық бағаға сай еместігі анықталды. Кәсіпкерлер жүргізілген жұмыстарға түсіністікпен қарап мүліктерін қайта бағалаудан өткізді, нәтижесінде бюджетке қосымша 48 400,0 мың теңге мүлік салығының түсуіне қол жеткізілді. Сонымен бірге 191 300,0 мың теңге мүліктік салық өндіріліп алынды.
– Салық берешектерін азайтуға байланысты қандай іс-әрекеттер жасалуда?
– 2018 жылдың 1 қаңтарына салық берешегі – 1 650, 6 млн. теңге болды. Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті берешек көлемін 2018 жылы 5% дейін азайту межесін қойған болатын. Алайда, атқарылған жұмыстар нәтижесінде, берешек, өндірілмеген салықтың 868,8 млн.теңгегесі мәжбүрлі түрде өндіріліп алынып, 2019 жылдың 1қаңтарына өндірілмеген берешек сома 781, 8 млн. теңге көлемінде қалып, жыл басымен салыстырғанда 39,3% пайызға кеміді. Сондай-ақ, берешектері бар салық төлеушілердің пайдалануларына шектеу қойылған мүліктерді саудаға шығарып сату арқылы 7,9 млн. теңге, дебиторларының есепшоттарынан 20.8 млн. теңге, тікелей есепшоттарынан мәжбүрлі түрде 2018 жылы 157,1 млн. теңге өндіріліп алынды, 2017 жылмен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, нақтылай өндіріп алу қарқыны екі есеге дейін өсіп, 200,9 пайызды құрады.
– Енді биылға, яғни, 2019 жылға алдарыңызға қойылған міндеттер туралы ойларыңызбен бөліссеңіз.
– Көп жұмыс істелді, алайда, әлі де атқарар жұмыс көп. Салық қызметі бүгінгі таңда еліміздің қаржы жүйесінің тұрақты қызмет атқаруын қамтамасыз ететін шешуші буынның бірі. Сондықтан да жұмыстың сапасы мен тиімділігін арттыра отырып, барлық деңгейдегі бюджеттердің әкімшілендірілетін кірістерінің түсімін толық көлемде қамтамасыз етілуін шешу – біздің басты міндетіміз. 2019 жылға бекітіліп берілген болжам 57 509,3 млн. теңге, өткен 2018 жылдың болжамы 47 018,1 млн. теңге екендігін ескерсек, биылғы болжамның 10 491,2 млн. теңгеге, немесе өткен жылмен салыстырғанда 22,3 пайызға өскенін көріп отырмыз. Бұл міндеттен де абыроймен шығамыз деуге сеніміміз мол, 2019 жылдың өткен екі айының ішінде бюджетке 9 845,2 млн. теңге түсіп, үмітіміз ақталып отырғандай.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.