«Қарызсыз қоғам» жобасына өзгерістер енгізілді. Енді банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдында 90 күннен асқан берешегі бар азаматтар ғана аталмыш жобаға қатыса алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Екі жыл қатарынан жүзеге асқан жобада биылғы жылы өзгешеліктер бар. Бұдан былай қаржылық жағдайын жақсартуға ниетті әрбір жан бағдарламаға онлайн және оффлайн түрінде қатыса алады. Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, биыл облыста 38 600 адамды қаржылық сауаттылыққа оқыту көзделген екен. Олардың 11 500-ден астамы офлайн, ал қалған 27 020 адам онлайн түрде оқудан өтпек.
« Жоба аясында бірнеше қызмет көрсетіледі. Оның бірі «гибридті» оқыту, яғни қатысушылар 5 күн офлайн, 2 күн онлайн негізде білім алады. Бұдан бөлек, кез келген тұлғаға заңгерлік көмек көрсетілетін болады.»,-дейді Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Мейірман Сауранбеков.
Жоба жетекшілерінің сөзіне сүйенсек, Бүгінгі күні Алматы облысының 5 бірдей ауданында жұмыстар басталыпта кеткен екен. Атап айтсақ, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының халқы қаржылық сауаттылыққа оқытылып жатыр.
Қарызға белшеден батып, тығырықтан шығудың жолын іздегендер үшін «Қарызсыз қоғам» жобасы таптырмас мүмкіндікке айналған. Жауаптылардың айтуынша, өткен жылы өңірде 8 500 адамды оқыту жоспарланған, алайда сұраныс артып, 9 881 тұрғын оқып, арнайы сертификатын алып шыққан.
« Жобаға ең көп қатысатындар әйелдер қауымы. Тыңдаушылардың жалпы санының 73,37%-ы нәзіік жандылар болса, 26,63 пайызы ерлер. Сондай-ақ, былтыр жобаға үш және оданда көп несиесі бар 1400-ден астам адам қатысты»,-дейді Алматы облысы Қаржы басқармасының бас маманы Асхат Бітімбек.