Өңір басшысының орынбасары «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындардың түйткүлді мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Қабылдауға келген облыс жұртшылығын интернеттің жоқтығы, жергілікті туризмнің хал-ахуалы және тозығы жеткен медицина ғимараттарының мәселелері толғандырады.
Мәселен, Нарынқол ауыл тұрғындарының өтінішін арқалап келген Райымбек ауданының азаматы: «35 жыл күрделі жөндеу көрмеген аудандық аурухананың ғимараты сын көтермейді» – деп наразы. Оның айтуынша, толассыз жауған жаңбыр науқастарды әбігерге салуда. Онымен қоса, кәріз жүйесі ескірген, жылыту қазандықтары тозған. Сондықтан ауыл тұрғыны медицина мекемесіне күрделі жөндеу жұмысын өткізу үшін қаражат бөліп беруге жәрдемдесуін сұрады.
Облыс әкімінің орынбасары Нарынқол ауылындағы аудандық 4 аурухананың ақпан айынан бастап жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын айтты.
«Елдімекендегі стационар, перзентхана, жұқпалы аурулар және шаруашылық ғимараттарын жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 33 млн 335 мың теңге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 2 млн 103 мың теңге бөлінді. Құжаттарды «Жетісу сәулет құрылысы» ЖШС қыркүйек айының соңында аяқтайды», – деп атап өтті ол.
Ал Талғар ауданының тұрғыны Жаңалық ауылында әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан интернет мәселесіне шағымданды. 4 мыңнан аса тұрғыны бар шалғайдағы ауылда ұялы байланыстың мұнарасы да жоқ дейді. Алайда, шенеуліктің айтуынша елдімекенде Теле2, Алтел және Билайн байланыстарының 3G/4G стандартындағы мобильді интернетімен қамтамасыз етілген.
«Базалық станция ауылда жалғыз болғандықтан жоғары жүктеме сағаттарында интернет жылдамдығының төмендеуі байқалуда. Операторлардың ақпаратына сәйкес биылғы жылы ауылда жаңа базалық станция салу жоспарланбаған. Бұл сұрақ келесі жылдары қарастырылады. Ауылда «Транстелеком» АҚ талшықты-оптикалық байланыс желісі бар. Осы желі арқылы ауыл тұрғындарын тұрақты сымды үй интернетіне қосу жұмыстарын жүргізу кіші байланыс операторларына ұсынылды», – деді Рустам Исатаев.
Сонымен қатар Кеген ауданының ақсақалдар алқасының төрағасы Есболат Рысбаев Қайыңды көліне апарар жолды жасап беруін сұрады. Себебі Саты ауылы мен Көлсай арасында жол асфальтталғанымен, Қайыңдыға қарай жол жоқ. Жол салынып біткен соң көлге баратын туристер саны 2-3 есе көбейеді деген ойда.
«Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары 1 млрд 270 млн теңге. Бірінші кезеңіне 190 млн теңге бөлініп, жолдың 10 шақырымында жер жұмыстары жүргізілді. Биыл жөндеу жұмыстарын жалғастыру үшін бюджеттен қаражат бөлінбеді. Мердігер «BS Build» ЖШС тарапынан құрылыс кезінде табылған ЖСҚ-да ескерілмеген су құбырларды орнату мәселесі тұр. Сондықтан, осы сияқты бірнеше өзгерістер мен түзетулердің барлығы кедергі келтіруде. Бұл мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін, сметалық құнның өсуіне әсер етуі мүмкін», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Рустам Исатаевтың өңір жұртшылығымен кездесу қорытындысы бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар мен тиісті ұсыныстар беріп, аталған мәселелердің оң шешілуін бақылауда ұстауға уәде берді.
Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 2 мыңнан аса адам жүгінген.