Шағын автобустардан жалыққан қаскелеңдіктер үшін тамаша жаңалық. Осыдан бір апта бұрын алып шаһар Алматы мен Қаскелең қаласының арасында қатынайтын «230» бағыттағы үлкен автобустар іске қосылды. Бұл қоғамдық көліктердің тікелей Алматы қаласына бағыт алуы Сулейман Демирель атындағы универсиеттердің студенттері үшін өте қолайлы болғанын айта кету керек.
Қоғамдық көліктердің жаңа бағытта ашылуына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің тікелей ықпал еткенін айта кеткен жөн. Расында іші кең, көп орындықтары бар үлкен автобустардың жүргені қаскелеңдіктер үшін қуанышты жаңалыққа айналды.
– Студент болғандықтан көбісі Алматыдан қоғамдық көлікпен қатынайды. Біз үшін осындай үлкен автобустардың жүргені жақсы болды. Өте қуанып жүрміз, – дейді СДУ-дың 1-курс студенті Жұлдыз Сейілбаева. Маршруттардың іске қосылғанына таңданысын қала тұрғындары да жасыра алмады. Олар бірі аудан әкіміне ризашылығын білдіріп жатса, енді бірі енді осы автобустар тоқтап қалмаса екен деген тілектерін білдіруде.
Алматы қаласынан тікелей қатынайтын «230» бағыттағы көліктер Сулеймен Демирель атындағы университетке жақын орналасқан Қаскелеңнің кіреберісінен басталады. Бұл жайында толығырақ автобустардың саны мен сапасын қадағалайтын «Қаскелең автобус паркінің» басшысы Дәулет Жандыбаев жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, автопарк директоры халық талап еткен маршруттың іске қосылу бастамасына да тоқталды.
– «230» бағыттағы қоғамдық көліктің жүруіне бірден-бір себепкер болған аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы екенін айтқым келеді. Былтыр сол кісінің бастамасымен аудандық әкімдіктегі осы салаға жауапты мамандармен бірігіп, Алматы қалалық мобильділік басқармасымен кездесу өткізіп, маршруттың жағдайын ақылдастық. Ортақ шешімге келгеннен кейін аталған басқарма субсидия бөлетін болып келісті. Тиісті құжаттар дайындалып, енді, міне, автобустар жүруін бастады, – деді автопарк басшысы Дәулзет Тұрсынқазыұлы.
Сондай-ақ, мекеме директоры бұл қоғамдық көліктердің жүру бағытына да тоқталды. Айтуынша, Алматының «Ақсай-1» шағын ауданы аялдамасынан жолға шығады. Одан кейін «Алматы – Бішкек» тасжолына түсіп, оның бойымен Қаскелеңге СДУ жақтан кіреді. Ары қарай Абылайхан көшесінің соңына дейін Шамалған ауылына бағыт алатын айналма жолдан кері қайтып, Қарасай батыр көшесі арқылы келген жолымен қайтадан Алматы қаласына бет алады. Әзірге қолданыста 10 автобус қана бар. Алдағы уақытта олардың саны артуы да мүмкін. Жүру аралықтары 13 минутты қамтиды.
Алматы қалалық мобильділік басқармасы арнайы қаржыландырып отырған «230» бағыттағы қоғамдық көліктердің төлемі оңай картасы арқылы жүзеге асырылады. Төлем карталарын Қаскелең автобус паркінің мекемесінен немесе Алматы қаласындағы арнайы дүңгіршіктерден сатып алуға болады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.