Жақында, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді насихаттау мақсатында, ауданымызға қарасты Жандосов округіндегі Ораз Жандосов атындағы орта мектепте, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Алматы облыстық «Балкария» этно-мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Алма әлемі» атты фестиваль өтті.
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын дамыту және насихаттау мен жастардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру мақсатында өткен бұл шараға Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Сәуле Сұрабалдинова, облыстық әзербайжан этномәдени орталығының төрағасы, тіл жанашыры, Алматы облысының Құрметті азаматы Асылы Осман, «Қазақстан – Корея» достық қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Клара Хан, «Ахыска» түрік мәдени орталығы облыстық филиалының төрағасы Шахисмаил Асиев, «Элефтерия» грек мәдени орталығы облыстық филиалының төрағасы Наталья Тифанциди, «Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының» қоғамдық-көпшілік шараларды ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Жансұлу Башенова, Жандосов пен Шамалған округтерінің әкімдері, аталмыш орта мектептің ардагер ұстаздары мен ауыл ақсақалдары қатысты.
Облыстан келген қонақтарды ұлттық киім киген оқушылар мен ұстаздар қарсы алып, мектептің фойесінде қойылған «Алма әлемі» атты көрмені тамашалауға шақырды. Аталмыш көрмеде ауданымызға қарасты округтердегі Шалқар, Үшқоңыр, Жандосов, Қарасай, Әуезов атындағы орта мектептер мен Үшқоңыр мектеп-гимназиясының мұғалімдері мен оқушыларының алма пішіндес етіп жасаған әртүрлі заттары мен қазақи нақышта жасалған қолөнер бұйымдары қойылды. «Алма фантазиясы» атты көрмені тамашалап болған қонақтар, сондай-ақ, ұстаздар мен білімгерлердің алма сияқты етіп әзірлеген әртүрлі тағамдарынан дәм татты. Фестиваль әрі қарай «Ұлы даланың жеті қыры» атты форуммен жалғасты.
Салтанатты жиынның шымылдығын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманова ашып, келген қонақтарға қош келдіңіздер айтып, аталмыш Тұңғыш Президент мақаласының маңыздылығына тоқталып өтті.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты өз мақаласында ұлттық тарихымыз жөнінде тереңірек тоқталып, оның күрмеулі тұстарын кеңінен тарқата айтты. Ол ұлы дала мен онда тұрған халықтың тарихын, басқарушыларын, салт-дәстүрі мен өмір сүру қалпын баяндап, Қазақ елінің ұлттық жетістіктерін паш етті. Рухани жаңғырудың жалғасы ретінде жария етіп отырған тарихи маңызы зор бұл мақаланы ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат деуге болады. Аталмыш мақала әлемдік өркениетке ұмтылған Қазақ елінің беделінің арта түсуіне зор үлес қосары анық, – деді Әмина Мәдиқызы. Сондай-ақ, ол бүгінгі маңызды шараны ұйымдастыруда атсалысып, оған белсене араласқан мұғалімдерге алғысын білдірді.
Мұнан кейін Жандосов мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Бекболат Байтиков Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай жүзеге асырылып жатқан игі істер туралы, сондай-ақ, алма атаулының атасы болып табылатын Сиверс алмасы туралы толыққанды баяндама жасап, көпшіліктің бұл тұрғыдағы танымын тереңдетті. Қазақ ұлтына жанашырлық танытып, өз үнін қосып, қай ортада болсын қазақтың тілін, ділін әспеттеп жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман да сөйлеп, қазіргі «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманның» Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев-тың сындарлы саясатының нәтижесі екендігін айтып, ұлттық құндылықтарды, ой-сананы, салт-дәстүрді, қазақы тәлім-тәрбиені асқақтатып, мемлекеттік тілді дамытуға байланысты ғибратты әңгіме айтты.
Сонымен қатар, форум барысында «Қазақстан – Корея» достық қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Клара Хан, «Ахыска» түрік мәдени орталығы облыстық филиалының төрағасы Шахисмаил Асиев, «Элефтерия» грек мәдени орталығы облыстық филиалының төрағасы Наталья Тифанциди, «Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының» қоғамдық-көпшілік шараларды ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Жансұлу Башенова сөйлеп, ежелгі тарихымыз бен мәдениетіміздің қадір-қасиетін танытып, астарын ашып көрсеткен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаланың маңыздылығына тоқталып, оның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жүйелі жалғасы саналатынын айтып өтті. Жастарды отансүйгіш-тікке баулып, ұлттық рухты көтеруге үндеді. Сондай-ақ, бүгінгі шараны ұйым-дастыруға атсалысқан мектептер ұжымына алғыстарын білдірді.
Қорытынды сөзді Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Сауле Сұрабалдинова айтып, аталмыш шараны ұйымдастыруға атсалысқан мектеп ұжымдарына ризашылығын білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға бағытталған «Алма әлемі» атты облыстық фестивальда белсендік танытқаны үшін жоғарыда аталып өткен мектеп директорлары мен өнерпаз жастарға Алғыс хаттар мен сыйлық табыстады. Сонымен қатар, Жандосов атындағы орта мектеп ұжымына қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға қосып жүрген үлестері үшін Алматы облыстық Қазақстан Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайдың атынан Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады.
Ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттап, тарихымызды терең танытуды мақсат еткен шара соңы мектеп өңерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.