Қазақстанның абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып жүрген жерлестеріміз жайлы естіген кезде кеудеңді еріксіз мақтаныш кернейтіні анық. Туған халқының ықыласына бөленген сондай спортшылардың қатарында біздің жерлесіміз, жас муай-тайшы Алижан Қанаттың да бар екенін айта кету керек. Жақында қарасайлық жасөспірім Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен әлем чемпионатында мықтылардың қатарынан көрініп, күміс медальдің иегері атанды. Алижанның осы бір жеткен жетістігін тілге тиеп кетіп, ол жайлы қалам тербеуді жөн санадық.
Алижанның әу баста спортқа келуіне 5 жасында әкесі Байжан Жұмәсілов ықпал еткен. Таеквондоның, тайбокстың қыр-сырын меңгерген ол бүгінде «Үшқоңыр» спорт мектебіндегі «NOBLE» клубында Вадим Лопарев, Башир Гусейнов сияқты білікті бапкерлердің жетекшілігімен муай-тайды жанына серік еткен. Дәл осы спорт түрімен шұғылданып жүргеніне 6 жылдың жүзі болған. Түрлі жарыстарда топ жарып, 38 медаль иеленсе, соның 25-і бірінші орынның жүлдесі екенін айтпасқа тағы болмас.
Алижан Байжанұлы – өзі білім алатын Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының да мақтанышы. 10 сыныпқа көшкен жас спортшы – білімге құштар, мақсатшыл, озат оқушылардың бірі. Мектеп қабырғасындағы алып жатқан білімінен бөлек, саламатты өмір салтын алға қоюды ұмытқан емес. Соның арқасында, міне, бүгінгі таңда муай-тайдан жұлдызы жанып, өзге елде Қазақстанның атын әйгілі етті.
Алижан Қанаттың муай-тайдан өткен әлем чемпионатына баруы үлкен еңбекті талап еткен. Ол талай дүбірлі жарыстарда топ жарып, осы жылдың маусым айында аталмыш спорт түрінен ел чемпионатында І орынды иеленді. Осылайша жерлесіміз 9-21 тамыз аралығында Малайзия елінің Куала-Лумпур қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатына баруға жолдама алды.
Дүниежүзілік додаға 70 мемлекеттің 600-ден астам спортшы қатысты. Ал Қазақстанның атынан 28 муай-тайшы барса, соның ішінде елдің мерейін асырған Алижан Қанат та болды. Жерлесіміз ақтық сында бір ғана ұпай айырмашылығымен Тайланд елінен келген қарсыласына жол берді. Десе де Алижанның өзге елде Қазақстанның намысын қорғап, күміс жүлдеге ие болуы үлкен мәртебе, асқақ абырой деп білеміз.
Алижанның арманы – білімділердің қатарынан табылып, спорт саласында да биіктен көріну. Сонымен қатар спорттық мансабында жетістікке жетіп, жекпе-жектің бірі болып табылатын UFC-де чемпион атану. Мақсатыңа жетуіне біз де тілекшіміз.
Алижандай спортшыларымыздың саны артып, ел абыройы үшін еңбегін арнайтын жандар көбейсе, әлемдік дәрежеде еліміз биіктен көрінеді деген ойдамыз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.