Қазақ баспасөзінің қара нарларының бірі Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына биыл 90 жыл толды. Осыған орай қайраткер-қаламгердің кіндік қаны тамған мекен – Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында «Еске алады өзіңді туған жерің» тақырыбында ұрпақтарымен кездесу болды. Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушының құрметіне сол күні ауыл тұрғындары шағын футболдан жарыс өткізді.
Ауылдық Мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан кітапханадағы кездесуге Сейдахмет Бердіқұловтың ұлы Заңғар мен қызы Шынар келді. Қаламгер ұрпақтарымен жастардың жүздесуіне, сондай-ақ осы ауылдан шыққан белгілі балалар жазушысы Мұхаметжан Етекбаевтың жары Қазима Қожаханқызы, кезінде осы ауданды басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тұрысжанов, ауыл ақсақалдары Сәдібек Сәтұлы, Мұсахан Әнженбайұлы, Болат Әліпбайұлы қатысып, Сейдахаң жайындағы естеліктерімен бөлісті. Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Мәлік Қасымбаев елді мекеннің бүгінгі өсіп-өркендеуінен, жан жадыратарлық игілікті істерден хабардар етті. Ауыл басшысы қаламгер мерейтойының алдағы уақытта республикалық деңгейде өтетінін, оған дейін аудан көлемінде әртүрлі іс-шара көзделгенін, соның бірі туған ауылындағы осы кездесу екенін атап өтті.
Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай атындағы орта мектебінің оқушылары жазушының ұлына: «Сізді асылдың сынығы ретінде танимыз, бізге өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Әкеңіз өмірден өткенде қанша жаста едіңіз? Отбасыңызда атасының жолын қуған ұрпағы бар ма? Бойыңызда әкеңізден дарыған қандай қасиеттер бар?» – деген сауалдар қойды. Түр-тұлғасы әкесіне тартқан құрметті қонақ сырт келбеті ұқсағанымен, қоғамда басқа саланы – техникалық мамандықты таңдағанын, алғаш зауытта инженер-конструктор, кейін бизнесте, спорт сарайында жұмыс істегенін айтты. Қазір спорт колледжінде бас инженер.
Шынар мен Гауһар Сейдахметқыздары да солай, гуманитарлық саланы емес, математика ғылымында, қаржы-экономикада еңбектенуді құп көріпті. Дегенмен, қаламгердің бір немересінің бойында жазу-сызуға бейімі бар, ол қазір Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің студенті.
Заңғар Сейдахметұлы әкесінің еңбекқорлығын, газеттің баспаханадан басылып шығуын түннің бір уағына дейін үйде көз ілмей қадағалайтынын, соған қарамастан таңертең ерте тұрып, жеке кабинеті болмаған алғашқы жылдары ас бөлмесінде жазып отырғанын көретінін айтты.
Ал қызы Шынар әкесінің қаламгерліктен бөлек қайраткерлік қасиеттеріне, ұлтжандылығына тоқталды. Әсіресе сол жылдары «Лениншіл жас» деп аталатын республикалық жастар газетінің бас редакторы болған жылдары сол кездегі кеңестік саясатқа қайшы келетін өткір мақалалар жарияланғаны үшін әкесі ылғи Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысына шақыртылатынын әңгімеледі. «Мұндай жағдай жиі қайталанатын және партия басшылығынан бұлайша ескерту алу әкем үшін үйреншікті жайт сияқты болатын» дейді ол. Ондай материалдар қазақтың мүддесін қозғайтын. Ал кіші ұлттарды қайтсе де уысынан шығармауды көксеген КСРО-ға ұлттық сананы оятатын мақала керек емес еді. Мәселен Райымбек батыр, Наурыз мейрамы жайлы жарияланымдар билікті шоқ басқандай шоршытқан. Бердіқұловтың батылдығы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын бағалауға байланысты байқалғаны да сөз болды. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ жастарын жөнсіз жазғырған мәскеулік биік шендіге қасқая қарап тұрып, лайықты жауап қайтарғанын Бекболат Тұрысжанов кездесуде жастарға айтып берді.
Өз кезегінде оқушылар қазақтың белгілі ақыны Есенқұл Жақыпбековтың Сейдахмет Бердіқұловқа арнаған өлеңін оқып, «Біздің елдің жігіттері» әнін, «Ел азаматы» термесін орындады. Аяжан Жігерқызы, Сәния Қашқын, Алдияр Бақтыбай және қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жанар апайларының осы шараны өткізуде белсенділік танытқаны ауыл әкімінің мадақтама қағазымен атап өтілді. Қабілет-қарымын ұлтқа қызмет етуге арнап, артына мол мұра қалдырған қаламгер ұрпағымен кездесуден жастар тәрбиелік мәні зор тағылым алды. Семсер сөздің серкесінің балалары ауыл кітапханасына «Егеулі найза», «Сейдахметтің футбол әлемі» кітаптарының бірнеше данасын тарту етіп, шағын футболда үздік ойын көрсеткендерге жүлделерін тапсырды. С.Бердіқұлов атындағы турнирде бірінші орынды Сүйінбай атындағы орта мектептен құралған команда жеңіп алса, екінші орынды ауылдың ардагер спортшылары еншіледі.
Қазақ спорт журналистикасына айшықты із салған қаламгердің атында алда осы ауылда жасөспірімдер арасында аудандық турнир өткізілмек.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Қарақыстақ ауылы,
Жамбыл ауданы.