Өткен аптаның сенбісінде Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев орта мектебінде аудан тұрғындарының арасында шахматтан жарыс өтті. Турнир «Заман жаршысы» газетінің шыға бастағанына 85 жыл толуына орай, қала әкімі Асқар Мұқашевтің қолдауымен, ұйымдастырылды. Сайысты аудандық газеттің бас редакторы Атлана Исаева салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа Қаскелең қаласы мен Үшқоңыр, Қайнар, Бекболат, Жандосов, Райымбек, Көкөзек, Ұлан, Алмалыбақ және Жаңа Шамалған ауылдық округтері бойынша жалпы 32 шахматшы қатысты. Олар ардагерлер, әйелдер, оқушылар болып, өзара бақтарын сынады. Осы топтар арасында жақсы ойын өрнегін көрсеткен 6 қатысушы ақтық сайысқа өтіп, кубокты сарапқа салды.
Ойын барысында ерекше көзге түскен Батыр Зерипов пен Ақан Мұқаметқали арасында нағыз тартыс болды. Екеуі де жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысушылар. Тіпті, олардың осындай үлкен додада шыңдалғаны ойын тактикасынан-ақ көрініп тұр. Екі шахматшының да шеберліктері тең ойынды көрсеткенімен, Ақанның уақыты бітуіне байланысты жеңіс Батырға бұйырды. Ал, финалдық ойын биылғы Түркістан облысында өткен сеньорлар арасындағы Қазақстан чемпионатының қатысушылары Рүстем Пермұхамедов пен Амандулла Әбдімұратов арасында өрбіді. Финалистердің күшті комбинациялы жүрістері тартысқа толы болды. Осы бір ақтық бәсекеде Амандулла ағамыз өте тамаша ойын өрнегін көрсетіп, шеберлігін танытты. Жалпы ойын нәтижесі бойынша бес мүмкіндіктен бес ұпай алған ауданымыздың бірнеше мәрте чемпионы Амандулла Әбдімұратов жеңімпаз деп танылып, арнайы кубокка ие болды.
Жарыс соңында осы спорттық турнирге қатысқандарға «Заман жаршысы» газеті редакциясының атынан арнайы Алғыс хаттар берілді. Оны аудандық газеттің бас редакторы Атлана Исаева өз қолымен табыс етті. Сондай-ақ, жарыстың қарт қатысушысы ретінде 90 жасқа таяп қалған Жамалбек Жақсылықов пен ең жас шахматшы деп танылған 7 жастағы Аржан Жайлыбай Құрмет грамоталарының иегерлері болды. Ақыл-ойдың спорты болып танылған шахмат сайысына қатысқандардың барлығы бұл турнирдің өткеніне өте риза болып, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Естелік суреттерге түсіп, осындай турнирлер дәстүрлі түрде болып тұрса екен, деп ізгі ниеттерін білдірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.