Қарасай ауданы жылдан жылға спорт саласында жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Көптеген спортшылар аудандықтан бастап халықаралық деңгейдегі ареналарда жеңімпаз атанып, елдің атын асқақтатуда. Соның арқасында Қарасай ауданының облыстағы көрсеткіштері де жақсы деңгейде байқалуда. Өткен жылдың соңғы айында Алматы облысында спорт бойынша жылдың қорытындысы тағы бір мәрте сараланып, бірқатар спортшылар мен мамандарға құрмет көрсетілді.
Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Алматы облысының спорттық жылын қорытындылаған басты оқиға ретінде «Хан Тәңірі» сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Оған спортта толағай табысқа жетіп, ел мерейін аспандатқан азаматтар қатысты.
Дәстүрге сай шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев алдымен осы бағытта облыс бойынша бір жылдың ішінде қандай жұмыстар атқарылғанын сөз етіп, жетістіктер жайында айтып өтті. Сондай-ақ спорт саласына еңбек етіп, оны дамытуға үлкен үлес қосып жүргендерді марапаттады. Олардың қатарында, әлбетте, біздің жерлестеріміздің де есімдері аталып, спорт саласындағы еңбектері еленді.
Құрметке бөленген қарасай-лықтардың арасында Қарасай ауданындағы №1 БЖСМ-нің кадр инспекторы Әмина Абдраманова да бар. Оған Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ Нұркен Смаилов «Үздік жаттықтырушы» төсбелгісіне ие болса, 2025 жылдың «Үздік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» номинациясы бойынша Қарасай ауданының №1 БЖСМ жүлделі үшінші орынды иеленді.
Спорт саласында табандылық танытып, еңбектері бағаланған жерлестеріміздің марапаттары құтты болсын дегіміз келеді. Жетістік жолындағы жарқын жеңістері жалғас берсін!
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
