Мемлекеттік қызметтерді онлайн-түрде алу үшін елімізде Egov-бұрыштар көптеп ашылуда. Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылында да осындай қызмет бар. Ол аталған ауылдық округ әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан.
Қызметтің бұл түрін тұрғындарға Айбын Барысбеков көрсетеді. Ол бала кезінен ДЦП сырқатына душар болған. Алайда соған қарамастан өз міндетін ойдағыдай атқаруда. Себебі ол бұған дейін-ақ компьютерді жетік меңгеріп, ғаламторды белсенді пайдаланатын. Жас жігіттің мұнда жұмыс істегеніне жарты жылдан енді ғана асты. Осында орналасуына аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы көмектесті. Айбын ауыл тұрғындарына электрондық сандық қолтаңба ашуға, қажетті анықтама, куәлік, рұқсат беру және өзге де құжаттарды алуға, тұрғылықты жері бойынша тіркелуді рәсімдеуге көмектеседі.
Egov-бұрыштар адамдардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарына көптеп баруын азайту үшін құрылғаны белгілі. Бір жапырақ қағаз үшін халықты ары-бері сабылтпау үшін жасалған мұндай мүмкіндік ауыл тұрғындарына өте қолайлы. Өйткені уақыттары мен жол шығынын үнемдеп, аудан орталығына бармай-ақ қажетті қағаздарына қол жеткізе алады. Бірқатар мемлекеттік қызметтерді оңай жолмен алуға жасалған жеңілдіктерді үлкен жолдан жырақта жатқан мыңбаевтықтар да тиімді пайдаланып отыр. Олар бүгінде Ұзынағашқа бармай-ақ ғаламтор арқылы шаруаларын бітіреді. Сондықтан Egov-бұрыш көмегіне жүгінушілер қатары да артып келеді. Ал Айбын болса өзінің адамдарға пайдасын тигізгеніне қуанышты. Қоғамға керек екенін сезінгені оны жұмысқа құлшындырады.
– Бізге осындай мүмкіндік ұсынған мемлекетімізге ризамын. Мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі қамқорлық танытатыны үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысым шексіз. Елімізде ерекше қажеттілігі бар жандардың саны 700 мыңнан асады екен. Парламент сессиясындағы сөзінде Мемлекет басшысы елдегі осындай адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесіне ерекше тоқталды. Президентіміз қарқынды жүріп жатқан инфляцияны қатты сезінетіндердің алдыңғы қатарында дәл осы топтағылар екенін ашық атап өтті. Бізге әсіресе азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағаларының көтерілуі оңайға соқпай тұрғанын дұрыс аңғарыпты. Осыған байланысты ол ерекше қажеттіліктегілермен қоса оларды бағып-қарайтын адамдарды да қолдау шараларын күшейту қажеттігін айтты. Сонымен қатар Үкіметке осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты берілетін жәрдемақының көлемін ұлғайтуды тапсырды. Бұл бізге алдағы күндерге деген үміт отын сыйлады, – дейді ол.
Айбын Барысбеков компьютермен жұмыс істеуді үйде өз бетінше үйреніп, білімін жетілдірудің арқасында отбасы нәпақасын айыратын жұмыс орнын тауып отыр. Қазір ол мемлекеттік органдардың бірыңғай мәліметтер базасымен байланысты істерді жетік меңгерген. Көмегіне жүгінген жерлестерінің шаруаларын әп-сәтте бітіріп беріп, алғысын алып жүр. Жас жігіттің алға ұмтылысы, өмірге деген құштарлығы қуана құптарлық әрі өзгеге үлгі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Мыңбаев ауылы,
Жамбыл ауданы.